«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРТЫНА ҰЛАҒАТТЫ ІЗ ҚАЛДЫРҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

№2 Благовещенка орта мекте­бін­де Суат­көл, Есперлі, Қарағаш, Үлгі, Ай­­туар, Богдановка (Толыбай) ауыл­да­рының балаларымен бірге оқы­дым. Әңгіме арасын­да олар жерлес­тері Шағырай ше­шен, Жақия Уақ­паев жайлы жарыса, бір жағынан мақ­таныш сезіммен, айтып қалатын. Кейін облысымызға танымал журна­лист Жақия Уақпаев­тың Есперлі елді мекенінің тумасы екенін білдім. 1937 жылдардағы жеке басқа та­бынушылықтан қыр­шы­нынан қиыл­са да, өңір жылнама­сына атын өш­пес­тей жазып, ұрпа­ғы­на ұмытыл­мастай ұлағатты із қал­дырған тау тұлғалы толағай жайлы қалам тер­бегенді жөн көрдім.

“Асыл мұра” орталығы құрастыр­ған 7 томдық “Қызылжар өңірінің зия­лы қауымы” жинағының 2-ші кіта­бын­да келтірілген деректер бойын­ша ол кісі 1904 жылы Уақ руына қа­расты Әбдіреш-Нұрқан қыстағында (қазіргі Есперлі ауылы) дүниеге кел­ген. Жастайынан Кәрібай деген ауыл молдасынан сауатын ашады. Есейе келе ақын, революционер Бай­мағамбет Ізтөлинмен, Сәбит Мұқанов­пен жақсы қарым-қатынаста бо­ла­ды. Мұғалімдік семинарияда оқып, білімін жетілдіре түседі. 1924-27 жылдары қазақ ауылдарында мұ­ғалімдік қызмет атқарады. 1928 жы­лы Төңкеріс аудандық (қазіргі Жам­был ауданы) оқу ісінің меңгерушісі болып істейді. 1931 жылы Алматыда КомВУЗ-дың (коммунистік жоғары оқу орны) қысқа мерзімдік журна­листік курсын бітіріп, 1931-33 жылдары Төңкеріс аудандық “Кеңес”, 1933-34 жылдары Атбасар аудандық (қазіргі Ақмола облысы) газетінің редакторы болады. 1935-1937 жылдары Сол­түс­тік Қазақстан облыстық “Ленин туы” (қазір “Sol­tüstık Qazaqstan”) га­зетінде ауыл шаруашылығы бө­лімі­не әрі бастауыш партия ұйы­мына жетекшілік етіп жүргенде 1937 жылы 20 желтоқсанда тұтқын­дала­ды. “Жап­пай саяси қуғын-сүргінге ұшы­рағандарды ақтау туралы” за­ңына сәй­кес 1993 жылы 14 сәуірде толы­ғымен ақталады.

Облыстық “Ленин туы” газетінің бет­терінде Жақия Уақпаев туралы жарияланған материалдар аз емес. Құ­дай қосқан қосағы Рақия Әбіш­қы­зы­ның редакцияға жолдаған хаты не­гі­зінде 1989 жылы 5 мамырдағы нө­мір­­де журналист Мәлік Мұқанов­тың “Те­легей трагедияның тырнақ­тай сы­ны­ғы”, 2008 жылдың 13 ақпа­нында қы­зы Әспет Шалабаеваның “Адам жа­ды – өмір ақиқаты”, 2010 жылы 23 ақ­панда журналист Алма Қуандық­қы­зының “Қыршынынан қиылған қа­ламгердің қызы Әспет апа айтқан сыр” мақалалары жарық көрген.

Тағдырдың қатал сынына мойы­ма­ған Рақия апамыз жаппай қуда­лауға жалғасқан қуғын-сүргін алапаты жөнінде былай еске алады: “Бі­реу­ден қорқып, біреуден жасқанып, “халық жауының әйелі” атандық. Кол­хоз жұмысына кірдім. Соғыс бастал­ды. Екі қайнымды соғысқа аттанды­рып, қалған жандарға, балаларға бас-көз болып қала бердім. Кіші қай­ным Ілия хабарсыз кетті. Екінші қай­ным Қатия аман оралды. Ол 1977 жылы қайтыс болды. Соғыс кезінде елдегі ауыр жұмыс әйелдердің мойнында болды ғой. Жан-тәнімізбен аянбай жұмыс істедік. Жұмыста сәл кемшілік болса: “Халық жауының қатыны!” – деп елдегі “белсенділер” қара түнек орнатты. Біздің өмір осы­мен өтті ғой.

Сүйікті жарым Жақияның алтын шаңырағын 60 жыл бойы ұстап ке­ле­мін. Қазір екі жесір абысын (Қатия­ның әйелі Бикеш) бірге тұрамыз. Кіші қы­зым Зәрәдан туған немерем Ба­уыр­жан қолымда. Ауғанстаннан әс­ке­­ри қызметін өтеп келді. Қазір ол үй­леніп, келінді, шөберелі болып отырмын”.

Жақия Уақпаевтың Есперлі ауы­лында тұратын қызы Зара Сұлтано­вамен телефон арқылы сөйлеске­нім­де жан сырын былай бөлісті: “Анам әкем туралы көп айт­пайтынды. Бірде сұрағанымда 1937 жыл­дың 20 желтоқсанында жұмысқа кеткен. Түскі асты күнде үйден іше­тін. Сол күні келмеді. Кешке дейін күттім. Ішім бірдемені сезгендей бо­лып, көңілім қобалжи берді. Ертеңіне жұмыс орнына барып білсем, НКВД тұтқындап әкетіпті. Іші-бауырыма кіріп сөйлесетін таныстар аяқ-асты теріс айналып кетті. Әкелеріңнің гим­настерка киімі барды. Тым бол­маса, қайда жібергенін білейінші деп едім, еш нәтиже шықпады, деп әң­гімені қысқа қайыратын. Көбіне­се, Әспет, Зура апаларым естелік­те­рімен бө­лісіп жүрді. Материалдар­дың біра­зы Ғабит Мүсірепов атындағы облыс­тық балалар-жас­өспірімдер кітап­хана­сында қызмет еткен Әспеттің қызы Майрада (Сә­биқызы) сақ­таулы. Анам Рақия ауыр жұмыстар ат­қарды, сонда да үш қызын құтты ор­нына қондырды”.

Елуінші жылдардың орта тұсын­да “халық жауының” үйіне қайтадан тінту басталады дегенді естіп, сана­сын үрей мен қорқыныш билеген от­басы бір сандық кітапты өртеп жі­берген көрінеді. 1956 жылы ауыл­дық кеңес­тің төрағасының “Жақия жақын арада түрмеден босанып, оралуы мүмкін, тек құпияда ұстаң­дар!” деген қуанышты хабары ұзақ­қа созыл­майды. 1957 жылдың қы­сында ес­тірту қағазы келеді. Онда ақталға­ны, Түркістанда жерленгені жазыла­ды. Қатия деген інісі мен ауылда­сы Жұбаныш Тоқышев іздеп баруға жиналады. Алайда Қатия ағамыз аяқастынан қан қысымы көтеріліп, қатты ауырып қалады. “Ағаңды жылдар бойы іздеп едік, енді, сенің мүрдеңді іздейміз бе? Тас­та, қой! “Өлгеннің артынан өл­мек жоқ”. Ар­уағына бағыштап оты­ра­тын Құра­нымыз қабыл болсын!” деп, жеңгесі тоқтау салады.

Майра апамызбен хабарласқа­нымда нағашы атасы туралы біраз мәліметтер берді. Соның бірі – май­дан даласында жазылған Қатияның өлеңі. Өлең жолдары ағасының үш қызының амандығын сұраудан бас­та­лады. Қанша айтқанмен, бауыр­дың аты бауыр емес пе?! Түзде жүр­се де, елдің, туған жерінің аманды­ғын ойлаған жауынгердің жан таза­лығы, ізгі тілегі қандай десеңші!

2024 жылы қара сөздің майын тамызған танымал журналист Жа­қия Уақпаевтың туғанына 120 жыл толады. Жазған шығармалары га­зет беттерінде архив құжаттарында қаттаулы. Майра апамыздың қолындағысының өзі екі папкаға жуық. Осылар­дың бәрін жинақтап, кітап етіп шы­ғарса, келесі жылы аталып өтетін мерейтойға арналған игілікті тарту болар еді. Жалпы өңірге белгілі азаматтар туралы мәлімет­тер­ді бірізге түсіріп, көпшілік наза­рына ұсынылып отырса, мәдени, рухани асыл қазынамыздың көм­бесі қалыңдай түсері сөзсіз.

Облыстық тарихи-өлкетану му­зейінде сталиндік зұлматтың құрба­ны Ж. Уақпаевтың фотосы ілулі тұр. Бұл да баға жетпес жәдігерлері­міздің бірі саналады.

Самрат ҚҰСКЕНОВ, облыстық тарихи-өлкетану

музейінің қызметкері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp