Тұтынушылардың құқығын қорғау – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Сауда-саттық пен ақылы қызмет көрсету барысында тұтынушыны алдау, сапасыз тауар сату немесе сатып алынған заттың кепілдік шартын орындамау, сапасыз тауардың шығынын өтемеу сияқты әрекеттер орын алып жатады. Сауда-саттық немесе қызмет көрсету орындарындағы мәдениет, этика және жауапкершілік – тұтынушының өз құқығын қорғай білуіне де қатысты екені сөзсіз. Бұл тұрғыда тұтынушыларға көмек көрсететін ұйымдар да аз емес. Солардың бірі – облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті. Оқырмандардан түскен сауалдарға осы мекеменің басшысы Қымбат Бейсенов жауап берді.
Асет ҚАБЫКЕНОВ,
Шал ақын ауданының
тұрғыны:
– Теледидарды жөндеу қызметін көрсететін орталыққа берген техникам мүлдем жарамсыз болып қалды. Әу баста дыбысы ғана естілмей тұрған. Шебер: “Техниканың ішкі жүйесі күйіп кеткен. Сондықтан дыбысы да, суреті де жоқ. Жөндеуге жарамайды, алып кетіңдер”, – деді. Мен теледидарды жөндетуге әкелгенде экраны істеп тұрғанын дәлелдей алмадым. Қандай қателік жібердім?
– Техникалық жабдықтарды жөндеуге қызмет көрсету орталығына тапсырған кезде міндетті түрде екі тарап (тұтынушы және тауарды жөндеуге қабылдайтын қызмет көрсету орталығының қызметкері) қол қойып, қабылдау-тапсыру актісін ресімдеуі керек. Бұл актіде тауардың атауын (маркасын, сериялық нөмірін және т.б.) техникалық жағдайын, жөндеу себебін және басқа да мәліметтерді көрсету қажет. Қажет болған жағдайда техниканы электр жабдықтау желісіне қосып, жарамдылығы мен кемшіліктерін екі жақ көруі керек. Тауардың техникалық жағдайын көру үшін фото немесе бейне жазба түсіріп алған да артық етпейді. Бұл әрекеттерді орындау тұтынушыға техниканы сапасыз жөндеуге шағымданған жағдайларда, сондай-ақ материалдық және моральдық залалды өтеу туралы талап қою үшін айғақ бола алады.
Бибігүл ТӨЛЕБАЕВА,
Петропавл қаласының
тұрғыны:
– Үлкен сауда орнынан компьютер сатып алған едім. Жарты жылдан кейін сынып қалды. Кепілдік мерзімі болғандықтан, сауда орнына апардым. Олар өздерінің сервистік қызметіне жіберіп, ол жердің тиісті анықтамасын алдырды. Бірақ сауда орны кепілдік мерзімі бар тауарды ауыстырған кезде бағасы алдыңғы тауардың құнынан төмен ноутбук берді. Осылары дұрыс па?
– Жоқ, бұл заңсыз. Бұл ретте егер тұтынушы тауарды осындай шарттармен алмасуға келіскен болса, онда сатушы сатып алу бағасына тиісті қайта есептеу жүргізуге міндетті.
“Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы” Заңның 15-бабына сәйкес тұтынушы егер сатушы (дайындаушы) оған тауардағы кемшіліктер жөнінде айтпаса, өз таңдауы бойынша сатып алу бағасын мөлшерлес кемітуді, тауардың кемшіліктерін өтеусіз жоюды, кемшіліктерді жоюға жұмсаған өз шығыстарын өтеуді, соған ұқсас маркалы тауарға және сатып алу бағасын тиісінше қайта есептей отырып, басқа маркалы сондай тауарға ауыстыруды, шартты бұзуды және тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылы.
Осы Заңның 30-бабының негізінде кемшіліктері бар тауарды дәл сондай маркалы тауарға ауыстыру кезінде бағаны қайта есептеу жүргізілмейді.
Шартты бұзу кезінде тауардың сатып алу кезіндегі бағасы негізге алынады. Кемшіліктері бар тауар басқа маркалы тауарға ауыстырылса, оның бағасы ауыстырылатын тауардың бағасынан жоғары болса, тұтынушы баға айырмашылығын төлеуге міндетті. Тұтынушы қосымша ақы төлеуден бас тартқан жағдайда тараптар шартты бұзып, тұтынушыға сатып алынған тауарға төленген ақшалай соманы қайтарады. Ауыстыруға жататын тауардың бағасы ауыстырылып берілген тауардың бағасынан жоғары болған жағдайда, баға айырмашылығы тұтынушыға төленеді. Көрсетілген есеп айырысуларда ауыстыруға жататын тауардың бағасы көтерілген жағдайда – оның талап қойылған кездегі бағасы, ал бағасы төмендеген жағдайда сатып алу кезіндегі бағасы қолданылады.
Болат АСАНБАЕВ,
Қызылжар ауданының
тұрғыны:
– Тұтынушы сатушыға тауарды айырбастау немесе қайтару бойынша наразылық білдірсе, оған неше күнде жауап берілуі керек?
– Тұтынушының сатушыға наразылығы қолма-қол табыс етіледі, табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырыс пошта арқылы не сатушының электрондық пошта мекенжайына жіберіледі.
Сатушы тұтынушының наразылығын қарауға және тұтынушының талаптарымен келіспеген жағдайда тұтынушының наразылығын алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде дәлелді жазбаша жауап ұсынуға міндетті. Осы құжаттардың көшірмелері сатушының тұтынушыға жауабына қоса тіркелуге тиіс.
Егер сатушы күнтізбелік он күн ішінде наразылыққа жазбаша жауап бермесе немесе кемшілікті жоюдан және тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан келтірілген залалды (зиянды) ерікті түрде өтеуден бас тартса, сондай-ақ тұтынушылық дауды сотқа дейінгі тәртіппен қарауға қатысудан бас тартса, тұтынушы уәкілетті органға, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға жүгінуге құқылы.
Самал САДЫҚОВА,
Тимирязев ауданының
тұрғыны:
– Баға белгісінде және кассалық чекте көрсетілген тауар құны сәйкес келмесе не істеу керек? Өз басым осындай жағдайға екі-үш мәрте тап болдым.
– “Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы” Заңның 24-бабына сәйкес тауардың бағалар заттаңбасымен ресімделген, сауда объектісінің ішкі және сыртқы сөрелеріне қойылған, көрсетілген құнына сәйкес сатушы сатуға міндетті, ал тұтынушы сатып алуға құқылы.
Баға белгісінде және кассалық чекте көрсетілген тауар құны сәйкес келмесе, бұл жағдайда тұтынушы, ең алдымен, құқық бұзушылықты фото немесе бейне таспаға түсіруі қажет. Содан кейін сауда объектісінің басшылығына немесе әкімшілігіне жүгінгені жөн. Егер сатушы олқылықты ерікті түрде жоюдан бас тартса, тұтынушы сауда қызметiн реттеу саласындағы уәкiлеттi органға және оның аумақтық бөлімшелеріне жүгінуге құқылы. Өтінішпен бірге заң бұзушылықты дәлелдейтін материалдарды (яғни сөредегі тауар бағасының фото немесе бейне түсірілімін, кассалық чекті және т.б.) қоса беру қажет.
Қазақстан Республикасының аумағында құны бағалар жапсырмасымен ресімделген бағадан асатын, сауда объектісінің ішкі және (немесе) сыртқы сөрелеріне қойылған тауарды өткізгені үшін сатушы “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” Кодексі 190-бабының 4-ші немесе 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Өтініштерді “e-Gov.kz” порталы “e-otinish” ақпараттық жүйесі арқылы жолдауға болады. Немесе өтініштерді Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне қолма-қол табыс ете алады.
Раушан ӘБІЛТАЕВА,
Есіл ауданының тұрғыны:
– Неге кеңсе техникасын алуға барған кезде менеджерлер кепілдік немесе қосымша тауар алуға мәжбүрлейді? Осы әрекеттері дұрыс па?
– Сатушы-менеджерлердің бұл әрекеті заңсыз болып табылады. “Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы” Заңның 8-бабы бойынша тұтынушының еркін шарт жасасуға құқығы бар. Аталған заңның 28-бабына сәйкес бір тауарды сатып алғанда өзге де тауарларды (көрсетілетін қызметтерді) міндетті түрде сатып алумен байланыстыруға тыйым салынады.
Және тұтынушылардың кепілдік мерзімі ішінде қойылатын талаптарын қанағаттандыруды тауарлардың кемшіліктерімен байланысты емес шарттармен байланыстыруға және дайындаушының (орындаушының) талаптарында көзделген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) қоспағанда, тауарларды сатып алуды кепілдік міндеттемені орындау шарты ретінде тануға тыйым салынады. Тұтынушының тауарларды еркін таңдау құқығының бұзылу салдарынан оған келтірілген залалдарды (нұқсанды) сатушы толық көлемде өтейді.
Әлия СӘЛІМОВА,
Петропавл қаласының
тұрғыны:
– Тауар түбіртегі болмаған жағдайда сатып алған дүңгіршекке оның тауары екендігін дәлелдеу мүмкін бе?
– Тауарды иелену фактісін растайтын құжат – қағаз немесе электрондық нысанда берілген бақылау (тауарлық) чегі немесе кассалық кіріс ордерінің түбіртегі, жыртылатын талон түбіртегі, тиісті түрде ресімделген техникалық паспорт, тауардың (атауы, құны, сатып алынған күні, сатушы (дайындаушы) туралы мәліметтерді қамтитын өзге де құжат болып табылады. Егер тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат жоғалған немесе қандай да бір себептермен тұтынушыға берілмеген жағдайда, тұтынушы сатып алу фактісін дәлелдесе, онда тауарды айырбастау немесе қайтару жүргізілуге тиіс. Дәлелдей алмаса, екінші жақтан ештеңе талап ете алмайды
Салтанат САТЫБАЛДИЕВА,
Уәлиханов ауданының
тұрғыны:
– Тауардың сапасыздығы үшін қосымша моралдық залал төлету қандай ережеге негізделеді?
– Моральдық зиянды өтеу нормалары Азаматтық кодекс және “Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы” Заңмен реттеледі. “Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы” Заңның 21-бабына сәйкес тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделерін сатушының (дайындаушының, орындаушының) бұзуы салдарынан оған келтірілген моральдық зиянды өтеуді сот немесе тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілері жүзеге асыруы мүмкін. Моральдық зиянды өтеу тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан келтірілген залалдарды (нұқсанды) өтеуге қарамастан жүзеге асырылады.
Тұтынушыға келтірілген моральдық зиянды өтеу мөлшері тұтынушыға келтірілген дене жарақаты мен күйзеліс сипатына қарай, моральдық зиян келтірілген нақты мән-жайларды және тұтынушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып айқындалады. Сатушыға (дайындаушы, орындаушы) тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамада көзделген моральдық зиянды өтетуді тараптардың келісімі болған кезде ғана тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілері жүзеге асыра алады.
Азаматтық кодекстің 952-бабының талаптары бойынша моральдық зиян ақшалай өтеледі. Осы ретте сот өтемақы сомасын әділдік өлшемдерін негізге ала отырып анықтайды.
Сәуле ҒАЛЫМОВА,
Аққайың ауданының
тұрғыны:
– Тұтынушыны алдаған сатушыны жауапқа тартуға бола ма?
– Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында тұтынушыларды алдау және тұтынушыға қатысты алаяқтық әрекеттерді жасау үшін жауапкершілік қарастырылған. Сауда қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлер немесе ұйымдар кем өлшесе, таразыдан, есептен жесе, тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасына қатысты жаңсақ ақпарат берсе “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” Кодекстің 190-бабының 1-бөлігіне сай әкімшілік жауапкершілік көзделген. Тұтынушыға қарсы алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау, сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену әрекеттерін жасаған сатушы Қылмыстық кодекстің 190-бабында көзделген жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Бақытгүл КАРМЕНОВА,
Есіл ауданының тұрғыны:
– Департамент тұтынушылардың құқығын қорғау ісіне араласқаны үшін қызметіне ақы ала ма?
– Сауда және интеграция министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті – республикалық мемлекеттік мекеме. Департаменттің негізгі мақсаты – тұтынушылардың құқығын қорғау саласында біртұтас және тиімді саясатты қалыптастыру. Өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерінде тұтынушыларға ақпарат, кеңес беру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруды жүзеге асыру және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы жеке немесе заңды тұлғалардың өтініштерін қарау – департаметтің негізгі құзыреттерінің бірі. Сондықтан департамент тұтынушылардың құқығын қорғау ісіне араласқаны үшін қызметіне ақы алмайды. Яғни тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау көмегі тегін көрсетіледі.
Сара ҚАЛИАСҚАРҚЫЗЫ,
Петропавл қаласының
тұрғыны:
– Тұтынушы құқығы бұзылып, іс сотқа дейін жетсе, оған кеткен шығынды кім төлейді?
– Азаматтық процестік кодекстің 102-бабына сәйкес азаматтық істердің сот шығындары мемлекеттік баждан және іс жүргізуге байланысты шығындардан тұрады. Жоғарыда аталған кодекстің 109-бабы негізінде сот, өзінің пайдасына шешім шығарылған тарапқа іс бойынша жұмсалған барлық сот шығындарын басқа тараптан алып береді. Егер талап қою ішінара қанағаттандырылса, онда шығындар талап қоюшыға – сот қанағаттандырған мөлшерге пропорционалды, ал жауапкерге талап қоюшының талап қою талаптарынан бас тартылған бөлікке пропорционалды түрде алып беріледі.
Тұтынушылар сотқа талап-арызбен жүгінген кезде мемлекеттік бажды төлеуге және өкілдердің қызметтеріне ақы төлеуге кеткен сот шығындарын өтеу туралы арыздармен жүгінуге құқылы. Талап-арызына өкілдердің көмегіне ақы төлеу шығындарын растау материалдарын (заң қызметтерін көрсетуге арналған шарттарды, төлем түбіртектерін және т.б.) қосымша беру керек.
Гүлмира ШАЙКЕНОВА,
Шал ақын ауданының
тұрғыны:
– Электронды саудада алданып қалған тұтынушының құқығын қорғайсыздар ма? Тапсырысты интернет-дүкен арқылы беріп, поштамен келген тауарға мүлдем көңілім толмады. Олар тауарды қайтарып алмады. Мұндай жағдайда не істеуге болады?
– Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті электрондық сауда саласында тұтынушылардың құқықтарын бұзу мәселелеріне қатысты өтініштерді қарайды.
“Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы” Заңға сәйкес электрондық коммерцияда тұтынушылардың заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың негізгі қағидаттарының бірі болып табылады.
Тауарды үлгі немесе сипаттама бойынша сату кезінде, сондай-ақ тауарды электрондық саудада өткізу кезінде сатушы тұтынушыға үлгіге немесе сипаттамаға сәйкес келетін тауарды беруге міндетті. Тұтынушылардың тиісті де, тиісті емес те сападағы тауарды айырбастап алуға немесе қайтарып беруге құқығы бар.
Егер сатушы интернет-дүкеннің парақшасында сенімді деректерді көрсеткен болса, онда департамент Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тиісті шараларды қабылдайды. Сатушы туралы ақпарат жалған, сенімсіз және сатушы алаяқтық әрекеттер жасаған немесе тұтынушыны алдаған жағдайларда материалдар құқық қорғау органдарына жіберіледі.
Әсемгүл ЕСІМСЕЙІТОВА,
Петропавл қаласының
тұрғыны:
– Әділдік іздеген тұтынушы сіздермен қалай байланыса алады?
– Облыс тұрғындары Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасын бұзу фактілері бойынша кеңес алу үшін аумақтық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 8(7152) 46-81-33, 46-81-14 телефондары арқылы хабарласа алады немесе “Telegram-bot @kzpp_bot”, “e-Gov.kz” порталы “e-otinish” ақпараттық жүйесі арқылы өтініштерді жолдай алады. Азаматтарды Петропавл қаласы, Нұрсұлтан Назарбаев көшесі, 83 мекенжайы бойынша қабылдаймыз.
Дайындаған
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.