Тарихымызда орын алған 20-шы жылдардың аяғы мен 30-шы жылдардағы саяси репрессиялардың себептерін осы жылдары елде орнаған тоталитарлық жүйеден іздеуіміз керек. Жасалған қуғын-сүргін, репрессиялар бір ғана мақсатты көздегенін – партияның, оның көсемі И.Сталиннің шексіз билігін нығайту үшін жасалғанын қазіргі кезеңде анық біліп отырмыз. Қазақстанда орын алған репрессия саясаты сол кездегі Казкрайкомның хатшысы болған Ф.Голощекин есімімен тығыз байланысты. Ол өлкеге келгеннен бастап-ақ қазақ зиялыларының арасындағы “жікшілдікті” қоздырып, оларға саяси баға беріп, кейінгі қуғын-сүргінге, репрессияларға “дайындық” жасады. 20-жылдардың екінші жартысында жүргізілген халық шаруашылығын индустрияландыру мен ауыл шаруашылығын ұжымдастыру науқандары интеллигенция өкілдерін жаппай қуғын-сүргінге түсіруге ұласты.
Қазақ интеллигенциясын қуғын-сүргінге ұшыратуда партияның басты таққан “айыптауы” ұлтшылдық болды. 1928 жылғы сәуірде өткен Казкрайкомның пленумының мәдени құрылыс туралы шешімінде “ұлтшылдықты” былайша көрсеткен: “Қазақстанның жалпы мәдени артта қалушылығы, сауатсыз халықтың орасан зор үлес салмағы, мәдениет мамандарының әлсіздігі мен санының мардымсыздығы, ескі интеллигенция арасындағы ұлтшылдық тенденциясы сақталуы мен жаңа мәдениетті жасаушылар қатарының аздығы жағдайында біз экономикалық және саяси күрестің әр түрін пайдаланатын және сонымен бірге тұрмыстық салт-дәстүр, діни наным-сенімдермен және т.б. ауылдағы қанаудың жартылай феодалдық-рулық түрлерін сақтап, оған айырылмастай жабысқан, бас көтеріп келе жатқан байшыл элементтердің тарапынан күшейіп отырған қарсылықты кездестіреміз. Буржуазияшыл-ұлтшыл интеллигенция жартылай феодалдар, бай мен ақсақалдардың бұл әрекеттерін идеологиялық жағынан заңдастыруға тырысады. Әлеуметтік күштердің бұл күресі партия ұйымдарының өзінде де көрінісін тауып отыр”. Мұндай шешімнің қабылдануы кездейсоқ емес еді. Осы пленумда Ф.Голощекин Қазақстандағы үш ағымды “анықтап” берген болатын. Олар: “Бірінші ағым – Сәдуақасұлы Смағұл бастаған байшыл-ұлтшыл ағым… Екінші ағым – бұл күшті ағым емес, мұны жақтаушылар аз… Бұлардың ойынша Қазақстанда 35 пайыз европалықтар бар, Қазақстан өкіметі бұлардың керегін өтеуі тиіс, сондықтан бұлар барда қазақ халқының мұң-мұқтажы түгел өтелмейді дейді. Олай болса, Қазақстаннан европалықтарды қалың отырған жерінен шығарып тастап, Қазақстан Республикасын негізін бірыңғай қазақ халқынан жасау керек дейді. Үшінші ағым – бұл іс жүзіндегі “сәдуақасовшылдық” ағым. Аналардан қауіптірек, зияндырақ ағым. Бұл ағым көрнеу арпалысып, дәлелдесіп шықпайды, бұл ағымның ниетін кеңес жұмысының басшылығын қолына алып отырған белгілі қайраткерлер жүзеге асырып отырады… Бұлардың әдісі: қаулыға қол көтеру, бірақ іс жүзінде орындамау, үндемей отырып қарсы болу”. Көріп отырғанымыздай, үш бағыт та “ұлтшылдықты” уағыздаушылар болып бағаланған.
Голощекинмен бірге, республикада ұлтшылдар мен ұлтшылдықты “әшкерелеп”, ұлт зиялыларын қудалауда, сол жылдары Өлкелік партия комитетінің ұйымдастыру-нұсқаушылық бөлімін басқарған Н.Ежовтың “рөлі” де аз болмады. Қазақстанда голощекиндік әдіспен әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жасауға қарсы болған жауапты қызметтерде жүрген ұлт қайраткерлері шеттетіле бастады. 1927-1929 жылдары әр түрлі себептермен Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Н.Нұрмақов, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, М.Мырзағалиев республикадан ығыстырылды. ҚазОАК төрағасы Ж.Мыңбаев, ағарту халық комиссары С.Сәдуақасов, жер шаруашылығы халық комиссары Ж.Сұлтанбеков т.б. қызметтерінен босатылды. 1927 жылы қарашада өткен VІ өлкелік партия конференциясында қазақ қайраткерлері, әсіресе С.Сәдуақасов және оның пікірлестері “топшылдықтары” үшін Голощекин тарапынан қатты сынға ұшырады. Ежов та қарап қалмай И.Сталинге, В.Молотовқа, Л.Кагановичке хаттар жазып, оларда барлық ұлттық кадрлар, барлық қазақ коммунистері ұлтшылдық-уклонизм мен топшылдық күреспен уланған, сондықтан олардың арасында сау партиялық күштер жоқ деп хабар беріп отырған. Ол Қазақстанда қызметте болған кезінде ұлт зиялыларын жақсы білген, олардың көзқарастарынан да хабары мол болғанға ұқсайды. Мәселен, мына бір құжатқа көңіл аударсақ: “Выписка из приказа № 101 по управ. делами КЦИК и СНК от 31 августа 1925 года. Пологать в командировке с 31-го августа заместителя Председателя Государственной Плановой комиссии К.С.С.Р. тов. Ермекова А., Народного Комиссара Просвещения К.С.С.Р тов. Садвакасова и зав. орготделом Казкрайкома РКП(б) тов. Ежова, как убывших в город Москву – членами делегации ЦИК и СНК – на предмет разрешения ряда вопросов, относящихся к Казахстану”. Осы құжат арқылы байқайтынымыз, Ежовтың белгілі ұлт қайраткерлерімен қызметтес бола жүріп, олардың көзқарасына қанық болғаны анық жағдай. Кейін Ежов КСРО ішкі істер халық комиссары болып, 1937 жылы жаппай саяси репрессия жүргізген кезде қазақ зиялылары мен қайраткерлерінің “халық жаулары” атануы кездейсоқ емес.
20-шы жылдардың аяғында орталықта жүрген троцкийшілік-зиновьевтік оппозицияға және “оңшыл оппортунистерге” қарсы күрес республикада ұлт зиялыларына қарсы репрессияға ұласты. Бұл қуғын-сүргіннен, ең алдымен, ұлт мәдениеті үлкен зардап шекті. 1928 жылдың аяғында жалған айыптар тағылып “буржуазиялық ұлтшылдар” ретінде бұрынғы “Алаш” қозғалысының 44 қайраткері тұтқындалды. Олардың арасында А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Х.Ғаббасов т.б. болды. Қазақ зиялыларының екінші тобы 1930 жылдың қыркүйек-қазан айларында тұтқындалған. 1931 жылдың шілдесіне дейін 32 адам ұлтшыл деген жаламен абақтыға қамалған. Олардың қатарында Мұхаметжан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев, Мұстафа Бұралқиев, Жаһанша Досмұхамедов, Мұхтар Әуезов, Біләл Сүлеев, Қошке Кемеңгеров, Даниял Ысқақов және т.б. қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ақын-жазушылар болды.
Ұлт зиялыларына қандай айыптар тағылғанына тоқталып өтсек. Мәселен, М.Әуезовке ОГПУ-дың (Біріккен мемлекеттік саяси басқарма) таққан айыбы мынау: “…Мұхтар Әуезов, Иса Қашқынбаев, Жұмахан Күдерин … Кеңес өкіметінің ілгерілеуіне өне бойы астыртын теріс жолды көздеп, әрі Қазақстандағы шаруашылық науқандарына, түрлі шараларға залал тигізу пиғылымен кеңес басқару мекемесіне ұлтшылдарды әдейі енгізіп, өз мүдделерін көздеп, Қазақстан көлемінде бандалық жұмыстарға үзбей жетекшілік жасаған”.
Осы жылдары зиялыларды саяси айыптау науқанынан репрессиялық аппараттың құрамдас бөлігі ретінде цензура да тыс қалмаған. М.Әуезов тұтқындалғанға дейін-ақ Казглавлит 1930 жылғы 5 қаңтарда оның “Қазақ әдебиетінің тарихы” атты еңбегіне байланысты мынандай “үкім” шығарған: “Мұхтар Әуезовтің басылымының өн бойы жалған кеңестік, шын мәнінде, ұсақ буржуазиялық үрдістерді бейнелейтін кеңес әдебиетінің теріс жақтарын көрсететін, пролетарлық әдебиетке қарсы көзқараспен бүркемеленген. Комитет көрсетілген басылымды жарыққа шығармай және оны макулатураға (утильсырье үшін) айналдыру арқылы жою қажет деп санайды”. Ал оның алдында М.Әуезовтің бұл еңбегі Ташкентте цензураның рұқсатымен көлемі 292 бет, тиражы 5000 дана болып шығып та үлгерген еді. М.Әуезов 1932 жылы 20 сәуірдегі ОГПУ-дың үштігінің үкімімен 1930 жылы 8 қазаннан есептелгенде үш жыл бақылауда жүріп бас бостандығынан айырылу жазасымен сотталған.
“Ұлтшылдығы” үшін қамауға алынған Жүсіпбек Аймауытовты 1929 жылы 20 мамырдағы Біріккен саяси басқарма (ОГПУ) қаулысында оның төңкеріске қарсы жасырын ұйым мүшесі екендігі, Совет өкіметін құлатуға әрі Орта Азиядағы басмашы қозғалысымен, ағайынды Әділовтердің бандалық тобымен байланыс жасағаны жөнінде қылмыскер деп танып жауапқа тартқан. Цензура Ж.Аймауытовтың 1926 жылы жарық көріп, драмалық шығармалар байқауында жүлде алған “Шернияз” пьесасын идеологиялық және саяси жағынан зиянды деп тауып, кеңес сахнасында қоюға жарамсыз деп, репертуардан алып тастауға шешім шығарған. Сонымен қатар Ж.Аймауытовтың бұрын шыққан пьесалары мен шығармаларын мұқият тексерістен өткізуге нұсқау берілген. Жүсіпбек Аймауытовқа тағылған айыптардың бірі –“Алашорданың үндеуін” жазып таратты деген де жала жабылып, 1930 жылғы 4 сәуір күнгі ОГПУ-дің ерекше қаулысы бойынша ату жазасына кесілді. Осындай үкім қазақ зиялыларының ішінен 13 азаматқа шығарылған еді. Кейінірек 1931 жылы 8 қаңтарда бұл іс Мәскеуде қайта қаралып: Бірімжанов Ғазымбекке, Есболов Мырзағазыға, Дулатов Міржақыпқа, Байтұрсынов Ахметке шығарылған ату жазасы туралы үкім күшін жойып, олар түрмемен ауыстырылды.
Ұлт зиялыларын Кеңес өкіметінің қуғын-сүргінге ұшыратуының “Ұлтшылдықтан” басқа негізгі себептерінің бірі – мәдениет саласындағы белсенді қызметтері болатын. Оларға қойылған айып – “Алқа” әдеби үйірмесін құрып, оның “Табалдырық” деген атпен бағдарламасын жасауы еді. Жалпы “мәдениет майданындағы” ұлт тұлғаларының “айыптары” туралы белгілі жазушы, әдебиет зерттеушісі Т.Жұртбаев: “…айыптың негізіне, “Алашордашылар: 1. Жауапты орындарға кіріп алып, кеңес өкіметіне жат идеяны насихаттап, оны “Алқа” үйірмесі арқылы жүзеге асырды. 2. Жоғары оқу орындарының шәкірттеріне оқулық жазып, арандату әрекеттерін жандандырды. 3. Әдебиеттің таптық мүддесін мойындамады. 4. Ұлтшылдық-буржуазиялық идеологияны көркем шығармалар арқылы насихаттады. Сөйтіп, пролетариаттық мәдениетті мойындамай, хандар мен феодалдық еркіндікті, еркін замандағы қазақтың бостандығын мадақтады деген “қылмыстық желеу” себеп болған”, – деп көрсетеді. Шын мәнінде, 20-30-шы жылдарда ұлттық мәдениеттің барлық салаларда өз негіздерінен, тамырларынан ажырап қалмай, ұлттық болмысын сақтап қалу жолында жандарын пида қылған да осы ұлт зиялылары еді. Жаңа қоғамның, оның таптық идеологиясының, цензурасының қыспағында жүріп-ақ әдебиет, ғылыми, білім, өнер салалары бойынша өшпес мұра қалдырып және оларды ұлттық негізде дамытуға үлес қосты.
1932 жылдың 20 сәуірінде ОГПУ-дің үштігінің үкімі зиялылардың екініші тобының 15 азаматын (М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Қ.Кемеңгеров, Ж.Ақбаев т.б.) бес жыл мерзімге концлагерьге жіберуге немесе сонша мерзімге жер аударумен ауыстыруға шешім қабылдады. Бірақ репрессия тегершігі (маховигі) осымен тоқталмады. Жазаларын өтеп, тірі қалып, елге оралғандар 1937 жылдың “ұлы құрбандығына” қайта ілікті.
Жаппай саяси репрессия 1937 жылдың басынан бастап бүкіл елді қамтыды. БК(б)П Орталық Комитетінің 1936 жылғы желтоқсандағы Пленумында, одан кейін 1937 жылғы ақпан-наурыз пленумында И.Сталиннің және БК(б)П-ның атынан барлық халық жауларын, “екі жүзділерді аластату және құрту” қажеттілігі туралы нұсқаулары берілген болатын.
Осындай жалған жалалармен 1937-1938 жылдары Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, Ұ.Құлымбетов, О.Жандосов, Ә.Досов, А.Асылбеков, Ж.Сәдуақасов, Л.Мирзоян, С.Сафарбеков, Ж.Сұлтанбеков, Т.Жүргенов, С.Есқараев, А.Кенжин, З.Төреғожин т.б. репрессия құрбандары болды. Қазақ мәдениеті мен ғылымына өлшеусіз үлес қосқан ұлт зиялылары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедов, Қ.Кемеңгеров, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров, Қ.Жұбанов, Ж.Шанин және басқалар тоталитарлық жүйе жасаған қызыл қырғында опат болды. Байқап отырғанымыздай репрессия тегершігі (маховигі) тоталитарлық жүйеге қызмет еткендерді де, оған қарсы болғандарды да аямады.
1937-1938 жылдардағы репрессия, ең алдымен, халықтың белсенді және білімді тобына, былайша айтқанда, интеллектуалдық элитасына қарсы бағытталды. Сол себепті елдің мәдени дамуына үлкен нұқсан келді. Мәселен, 1934 жылы өткен КСРО жазушыларының I съезінде сайланған 101 басқарма мүшесінің 33-і “халық жауы” атанған. Съезге қатынасқан 597 делегаттың 180-і репрессияға ұшыраған. Ал қазақ әдебиетінде 30-шы жылдардың аяғында “оталған ормандағы аман қалған ағаш” сияқты сау қалған алғашқы буын өкілдері Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин ғана еді.
Жалпы алғанда, жаппай репрессиялардың қоғамның болашағына, әсіресе оны мәдени саласына тигізген зияны орасан зор. Біріншіден, қоғамның жалпы мәдениетінің төмендеуіне, адамдардың қызметі мен мемлекеттік өмірдің барлық салаларындағы интеллектуалдық деңгейдің нашарлауына, атап айтқанда өндірісте, ғылымда, әдебиет пен өнерде, саясатта репрессияның зардабы күшті болды. Шығармашылыққа цензура тарапынан тұсау салынды. Тек, 1938-1939 жылдары Казглавлит Орталықтан 1860 автордың 7809 атаулы кітаптарын; жеке авторлардың 4512 кітабын, 2833 жинақты және 1299 атаулы басылымдарды макулатураға айналдыру туралы 199 бұйрық алған.
Жаппай репрессиялардың қалдырған екінші зардаптарының бірі – барлық адамдардың ішкі дүниесінде үрей қалдырды. Кейін осы кезде қалыптасқан үрей сақтыққа ұласып, адамдардың көп жағдайда белгілі бір маңызды және шешуші, жауапты қадамдар жасауына кедергі бола берді. Бұл құбылыс көп адамдарды тек орындаушылыққа бейімдеді, бастама көтеруден, шығармашылықтан алыстатты.
Үшіншіден, репрессия барысында, одан кейін де қалыптасқан жағдайда көптеген адамдардың моральдық жағынан азғындалғаны байқалды. Олардың кейбіреулері қоғамға белгілі қайраткерлердің жазықсыз жазаланып жатқанын көре, біле тұра, оларды қорғауға бара алған жоқ. Кейбіреулер “халық жауларын” әшкерелеген митингтерге қатысып, “белсенділік” көрсетті. Көпшілігі жүргізіліп жатқан репрессиялар елдің жарқын болашағы үшін жасалды деп те ойлады. Ең сорақысы, кейбіреулердің “халық жаулары” болып ұсталғандардың қызметін аламын, босаған үйіне ие боламын деген ниетпен жалған айыптаулары болды. Олар сол жылдардағы газет беттеріне жиі жарияланды, ал әдейілеп, арнап жазылған доностар НКВД органдарына тапсырылып отырған.
Репрессия әкелген осындай зардаптар қазақ халқының рухани болмысына орасан зор кеселін тигізді, елдің, халықтың ұлт болып топтасу процесіне кері әсер етті. Қазақ халқының елім деп, халқым деп жанталаса қызмет еткен ұлт серкелері тоталитаризмнің қыспағы жағдайында ел болашағы, оның азаттығы жолында саналы өмірлерін сарп етті. Сондықтан да жазықсыз құрбан болған ұлтымыздың көшбасылары, зиялылары олардың сан қырлы ел қамына бағытталған қызметі тарихымыздан лайықты орнын алуы керек.
Осы бағытта соңғы жылдары күштеп ұжымдастырудың салдарынан орын алған алапат аштыққа байланысты құпия құжаттар негізінде тарихымыздың беймәлім беттері ашылды. Ақталмай қалған репрессия құрбандарының есімдерін анықтау бойынша, репрессия тарихының ашылмай қалған “ақтаңдақ” беттерін зерделеуге байланысты құрылған ғылыми топтар қыруар жұмыстар жүргізді. Ендігі міндет – қуғын-сүргін құрбандары туралы тың мәліметтер негізінде 20-30-шы жылдар трагедиялық беттерін толықтыра жазу.
Тәуелсіздік жылдарынан бастау алатын 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні елімізде 1997 жылдан бері аталып өтіп келеді. Алматыда, Астанада т.б. қалаларда, елді мекендерде осы күнге байланысты әр түрлі мемориалдық ескерткіштер тұрғызылды. Осы тұрғыдан алғанда, Солтүстік Қазақстан облысының орталығы – Петропавл қаласында 2005 жылы қуғын-сүргін құрбандарына ашылған мемориал, кейін 2012 жылы ашылған еске алу қабырғасы (стена памяти) – сталиндік репрессия жылдарында жазықсыз жапа шеккен жерлестерімізге арнайы орнатылған ескерткіш. Еліміздің әр өңірінің орталығында қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған мемориалдар болуы керек. Осы ретте Петропавл қаласында орналасқан қабырғаның салынып, орнатылуына жанкешті еңбек сіңірген адам – Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Болат Мағазұлы Сағындықов ақсақал екенін айта кеткен жөн. Болат Мағазұлы жазықсыз құрбан болған әкесін ақтау жолында, талай есікті ашып, жоғары жаққа хаттар жазу арқылы өз әкесін ақтап қана қоймай, өзгелердің жазықсыз жапа шеккен туыстарының ақталуына мұрындық болды.
Қадыр АХМЕТОВ,
А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор.