«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰТЫНУШЫ ҚҰҚЫҒЫ ЗАҢМЕН ҚОРҒАЛҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тұтынушылардың құқығын қорғау – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Сауда-саттық пен ақылы қызмет көрсету барысында тұтынушыны алдау, сапасыз тауар сату немесе сатып алынған заттың кепілдік шартын орындамау, сапасыз тауардың шығынын өтемеу сияқты әрекеттер орын алып жатады. Сауда-саттық немесе қызмет көрсету орындарындағы мәдениет, этика және жауапкершілік – тұтынушының өз құқығын қорғай білуіне де қатысты екені сөзсіз. Бұл тұрғыда тұтынушыларға көмек көрсететін ұйымдар да аз емес. Солардың бірі – облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті. Оқырмандардан түскен сауалдарға осы мекеменің басшысы Қымбат Бейсенов жауап берді.

Асет ҚАБЫКЕНОВ,

Шал ақын ауданының

тұрғыны:

– Теледидарды жөндеу қыз­ме­тін көрсететін орталыққа бер­ген техникам мүлдем жарамсыз болып қалды. Әу баста дыбысы ғана естілмей тұр­ған. Шебер: “Техниканың ішкі жүйе­сі күйіп кеткен. Сондықтан дыбысы да, су­реті де жоқ. Жөн­деуге жарамай­ды, алып кетің­дер”, – деді. Мен теледидарды жөн­детуге әкелген­де экраны істеп тұрға­нын дәлелдей алмадым. Қандай қателік жібердім?

– Техникалық жабдықтарды жөн­деуге қызмет көрсету орталығына тапсырған кезде міндетті түрде екі тарап (тұтынушы және тауарды жөн­деуге қабылдайтын қызмет көрсету орталығының қызметкері) қол қойып, қабылдау-тапсыру актісін ре­сімдеуі керек. Бұл актіде тауардың атауын (маркасын, сериялық нөмі­рін және т.б.) техникалық жағдайын, жөндеу себебін және басқа да мә­ліметтерді көрсету қажет. Қажет бол­ған жағдайда техниканы электр жаб­дықтау желісіне қосып, жарамды­лығы мен кемшіліктерін екі жақ көруі керек. Тауардың техникалық жағ­дайын көру үшін фото немесе бейне жазба түсіріп алған да артық етпей­ді. Бұл әрекеттерді орындау тұты­нушыға техниканы сапасыз жөн­деу­ге шағымданған жағдайларда, сон­дай-ақ материалдық және мораль­­дық залалды өтеу туралы та­лап қою үшін айғақ бола алады.

Бибігүл ТӨЛЕБАЕВА,

Петропавл қаласының

тұрғыны:

– Үлкен сауда орнынан компью­тер сатып алған едім. Жарты жылдан кейін сынып қалды. Ке­пілдік мерзімі болғандықтан, сау­да орнына апардым. Олар өзде­рінің сервистік қызметіне жіберіп, ол жердің тиісті анықтамасын ал­дырды. Бірақ сауда орны кепіл­дік мерзімі бар тауарды ауыс­тырған кезде бағасы алдыңғы тауар­дың құнынан төмен ноутбук бер­ді. Осы­лары дұрыс па?

– Жоқ, бұл заңсыз. Бұл ретте егер тұтынушы тауарды осындай шарттармен алмасуға келіскен бол­са, онда сатушы сатып алу ба­ғасы­на тиісті қайта есептеу жүргі­зуге мін­детті.

“Тұты­нушылардың құқықтарын қорғау ту­ралы” Заңның 15-бабына сәйкес тұтынушы егер сатушы (дайындау­шы) оған тауардағы кем­шіліктер жө­нінде айтпаса, өз таң­дауы бойынша сатып алу бағасын мөлшерлес кемі­туді, тауардың кем­ші­ліктерін өтеусіз жоюды, кемші­ліктерді жоюға жұм­саған өз шығыс­тарын өтеуді, соған ұқсас маркалы тауарға және сатып алу бағасын тиі­сінше қайта есептей отырып, басқа маркалы сондай тауарға ауысты­руды, шартты бұзу­ды және тауар үшін төленген ақ­шалай соманы қай­таруды талап етуге құқылы.

Осы Заңның 30-бабының негі­зін­де кемшіліктері бар тауарды дәл сондай маркалы тауарға ауыстыру кезінде бағаны қайта есептеу жүргі­зілмейді.

Шартты бұзу кезінде тауардың са­тып алу кезіндегі бағасы негізге алы­нады. Кемшіліктері бар тауар басқа маркалы тауарға ауыстырыл­са, оның бағасы ауыстырылатын тауар­д­ың бағасынан жоғары болса, тұты­нушы баға айырмашылығын төлеу­ге міндетті. Тұтынушы қосым­ша ақы төлеуден бас тартқан жағ­дайда та­раптар шартты бұзып, тұ­тынушыға сатып алынған тауарға тө­ленген ақ­шалай соманы қайтарады. Ауысты­руға жататын тауардың ба­ғасы ауыстырылып берілген тауар­дың ба­ғасынан жоғары болған жағ­дайда, баға айырмашылығы тұты­нушыға төленеді. Көрсетілген есеп айыры­суларда ауыстыруға жататын тауар­дың бағасы көтерілген жағ­дай­да – оның талап қойылған кездегі ба­ға­­сы, ал бағасы төмендеген жағдайда сатып алу кезіндегі бағасы қол­да­нылады.

Болат АСАНБАЕВ,

Қызылжар ауданының

тұрғыны:

– Тұ­ты­нушы сатушыға тауар­ды айырбастау немесе қайтару бойынша наразылық білдірсе, оған неше күнде жауап берілуі ке­рек?

– Тұтынушының сатушыға нара­зылығы қолма-қол табыс етіледі, та­быс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырыс пошта арқылы не са­тушының электрондық пошта ме­кен­жайына жіберіледі.

Сатушы тұтынушының наразы­лығын қарауға және тұтынушының талаптарымен келіспеген жағдайда тұтынушының наразылығын алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішін­де дәлелді жазбаша жауап ұсы­нуға міндетті. Осы құжаттардың кө­шірмелері сату­шының тұтынушыға жауабына қоса тіркелуге тиіс.

Егер сатушы күнтізбелік он күн ішінде наразылыққа жазбаша жауап бермесе немесе кемшілікті жоюдан және тауардың (жұмыстың, көрсеті­летін қызметтің) кемшіліктері салда­рынан келтірілген залалды (зиянды) ерікті түрде өтеуден бас тартса, сондай-ақ тұтынушылық дауды сот­қа дейінгі тәртіппен қа­рауға қаты­судан бас тартса, тұтыну­шы уәкілет­ті органға, тұтынушы­лар­дың құқықтарын қорғау саласын­дағы функ­ция­ларды жүзеге асыра­тын мемлекеттік органдарға жүгіну­ге құқылы.

Самал САДЫҚОВА,

Тимирязев ауданының

тұрғыны:

– Баға белгісінде және кас­салық чекте көрсетілген тауар құны­ сәйкес келмесе не істеу ке­рек? Өз басым осындай жағдайға екі-үш мәрте тап болдым.

– “Тұ­тынушылардың құқықта­рын қорғау туралы” Заңның 24-бабына сәйкес тауардың бағалар зат­таңбасымен ресімделген, сауда объектісінің ішкі және сыртқы сөре­леріне қо­йылған, көрсетілген құны­на сәйкес сатушы сатуға міндетті, ал тұтыну­шы сатып алуға құқылы.

Баға белгісінде және кассалық чекте көрсетілген тауар құны­ сәйкес келмесе, бұл жағдайда тұтынушы, ең алдымен, құқық бұзушылықты фото немесе бейне таспаға түсіруі қажет. Содан кейін сауда объекті­сінің басшылығына немесе әкімші­лігіне жүгінгені жөн. Егер сатушы олқылықты ерікті түрде жоюдан бас тартса, тұтынушы сауда қыз­метiн реттеу саласындағы уәкiлеттi ор­ганға және оның аумақтық бөлім­ше­леріне жүгінуге құқылы. Өтініш­пен бірге заң бұзушылықты дәлелдейтін ма­териалдарды (яғни сөредегі тауар бағасының фото немесе бейне түсі­рі­лімін, кассалық чекті және т.б.) қоса беру қажет.

Қазақстан Республикасының аумағында құны бағалар жапсырма­сымен ресімделген бағадан асатын, сауда объектісінің ішкі және (неме­се) сыртқы сөрелеріне қойыл­ған тауарды өткізгені үшін сатушы “Әкімшілік құ­қық бұзушылық тура­лы” Кодексі 190-бабының 4-ші неме­се 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тар­тылуы мүмкін. Өтініштерді “e-Gov.kz” порталы “e-otinish” ақпарат­тық жүйесі арқылы жолдауға бола­ды. Немесе өтініш­терді Сол­түстік Қазақстан облысы бойынша сауда және тұтынушы­лар­дың құқық­тарын қорғау департа­ментіне қол­ма-қол табыс ете алады.

Раушан ӘБІЛТАЕВА,

Есіл ауданының тұрғыны:

– Неге кеңсе техникасын алуға бар­ған кезде менеджерлер кепілдік немесе қосымша тауар алуға мәж­бүрлейді? Осы әрекеттері дұ­рыс па?

– Сатушы-менеджерлердің бұл әрекеті заңсыз болып табылады. “Тұтыну­шылардың құқықтарын қор­ғау тура­лы” Заңның 8-бабы бойын­ша тұты­нушының еркін шарт жаса­суға құқығы бар. Аталған заңның 28-бабына сәйкес бір тауарды са­тып алғанда өзге де тауарларды (көр­сетілетін қызметтерді) міндетті түр­де сатып алумен байланыстыруға тыйым салынады.

Және тұтынушылардың кепілдік мерзімі ішінде қойылатын талап­та­рын қанағаттандыруды тауарлар­дың кемшіліктерімен байланысты емес шарттармен байланыстыруға және дайындаушының (орындау­шы­ның) талаптарында көзделген тауарларды (жұмыстарды, көрсеті­летін қызметтерді) қоспағанда, тауарларды сатып алуды кепілдік міндеттемені орындау шарты ретінде тануға тыйым салынады. Тұты­нушының тауарларды еркін таңдау құқығының бұзылу салдарынан оған келтірілген залалдарды (нұқсанды) сатушы толық көлемде өтейді.

Әлия СӘЛІМОВА,

Петропавл қаласының

тұрғыны:

– Тауар түбіртегі болмаған жағ­дайда сатып алған дүңгіршекке оның тауары екендігін дәлелдеу мүмкін бе?

– Тауарды иелену фактісін рас­тайтын құжат – қағаз немесе элек­трондық нысанда берілген бақылау (тауарлық) чегі немесе кассалық кі­ріс ордерінің түбіртегі, жыртылатын талон түбіртегі, тиісті түрде ресім­дел­ген техникалық паспорт, тауар­дың (атауы, құны, сатып алынған күні, сатушы (дайындаушы) туралы мәліметтерді қамтитын өзге де құ­жат болып табылады. Егер тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат жоғалған немесе қандай да бір се­бептермен тұтынушыға берілмеген жағдайда, тұтынушы сатып алу фактісін дәлелдесе, онда тауарды айырбастау немесе қайтару жүргі­зілуге тиіс. Дәлелдей алмаса, екінші жақтан ештеңе талап ете алмайды

Салтанат САТЫБАЛДИЕВА,

Уәлиханов ауданының

тұрғыны:

– Тауардың сапасыздығы үшін қосымша моралдық залал төлету қандай ережеге негізделеді?

– Моральдық зиянды өтеу нормалары Аза­маттық кодекс және “Тұтынушылардың құқықтарын қор­ғау туралы” Заңмен реттеледі. “Тұ­тынушылардың құқық­та­рын қорғау туралы” Заңның 21-бабына сәйкес тұтынушының құқық­тары мен заңды мүдделерін сату­шының (дайындау­шының, орындаушының) бұзуы сал­дарынан оған кел­тірілген мораль­дық зиянды өтеуді сот немесе тұ­тынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілері жүзеге асыруы мүмкін. Моральдық зиянды өтеу тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан келтірілген залалдар­ды (нұқсанды) өтеуге қарамастан жүзеге асыры­лады.

Тұтынушыға келтірілген мо­раль­­­дық зиянды өтеу мөлшері тұ­тынушыға келтірілген дене жара­қаты мен күйзеліс сипатына қарай, моральдық зиян келтірілген нақты мән-жайларды және тұтынушының жеке ерекшеліктерін ескере оты­рып айқындалады. Сатушыға (дайын­дау­шы, орындаушы) тұтынушы­лардың құқықтарын қорғау туралы заңнамада көзделген мо­ральдық зиянды өтетуді тараптардың келісімі болған кезде ғана тұты­нушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілері жүзеге асыра алады.

Азаматтық кодекстің 952-бабының талаптары бойынша мораль­дық зиян ақшалай өтеледі. Осы ретте сот өтемақы сомасын әділдік өл­шемдерін негізге ала отырып анықтайды.

Сәуле ҒАЛЫМОВА,

Аққайың ауданының

тұрғыны:

– Тұтынушыны алдаған сату­шыны жауапқа тартуға бола ма?

– Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында тұты­нушыларды алдау және тұтынушы­ға қатысты алаяқтық әрекеттерді жа­сау үшін жауапкершілік қарасты­рыл­ған. Сауда қызметін жүзеге асы­ратын кәсіпкерлер немесе ұйымдар кем өлшесе, таразыдан, есептен жесе, тауардың (жұмыстың, көрсеті­летін қызметтің) сапасына қатысты жаңсақ ақпарат берсе “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” Кодекстің 190-бабының 1-бөлігіне сай әкімші­лік жауапкершілік көз­делген. Тұты­ну­шыға қарсы алаяқ­тық, яғни бө­теннің мүлкін жымқыру немесе ал­дау, сенімді теріс пайдалану жолы­мен бөтен мүлiкке құқықты иемдену әрекеттерін жасаған сатушы Қыл­мыстық кодекстің 190-бабында көз­делген жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Бақытгүл КАРМЕНОВА,

Есіл ауданының тұрғыны:

– Департамент тұтынушы­лардың құқығын қорғау ісіне аралас­қаны үшін қызметіне ақы ала ма?

– Сау­да және интеграция ми­нистрлігінің Солтүстік Қазақстан об­лысы бойын­ша сауда және тұтыну­шылардың құ­қықтарын қорғау де­партаменті – рес­публикалық мем­лекеттік мекеме. Департаменттің негізгі мақсаты – тұ­тынушылардың құқығын қорғау са­ла­сында біртұтас және тиімді сая­сатты қалыптас­тыру. Өз құқықтары мен заңды мүд­делерін қорғау мә­се­лелерінде тұтыну­шыларға ақпарат, кеңес беру, олардың құқықтық сауаттылығын арт­тыруды жүзеге асыру және тұты­нушылардың құқықтарын қорғау са­ласындағы жеке немесе заңды тұл­ғалардың өтініштерін қарау – депар­таметтің негізгі құзыреттерінің бірі. Сондықтан департамент тұтынушы­лардың құқығын қорғау ісіне ара­ласқаны үшін қызметіне ақы алмай­ды. Яғни тұтынушылардың құқықта­ры мен заңды мүдделерін қорғау көмегі тегін көрсетіледі.

Сара ҚАЛИАСҚАРҚЫЗЫ,

Петропавл қаласының

тұрғыны:

– Тұтынушы құқығы бұзы­лып, іс сотқа дейін жетсе, оған кеткен шығынды кім төлейді?

– Азаматтық процестік кодекстің 102-бабына сәйкес азаматтық істердің сот шығындары мемлекет­тік баждан және іс жүргізуге байланысты шы­ғын­дардан тұрады. Жоғарыда атал­ған кодекстің 109-бабы негізінде сот, өзінің пайдасына шешім шыға­рылған тарапқа іс бойынша жұмсал­ған барлық сот шығындарын басқа тараптан алып береді. Егер талап қою ішінара қанағаттандырылса, онда шығын­дар талап қоюшыға – сот қанағат­тандырған мөлшерге пропорцио­нал­ды, ал жауапкерге талап қоюшы­ның талап қою талаптарынан бас тартылған бөлікке пропорционалды түрде алып беріледі.

Тұтынушылар сотқа талап-арыз­бен жүгінген кезде мемлекеттік баж­ды төлеуге және өкілдердің қыз­меттеріне ақы төлеуге кеткен сот шығындарын өтеу туралы арыз­дармен жүгінуге құқылы. Та­лап-арызына өкілдердің көмегіне ақы төлеу шығындарын растау ма­териалдарын (заң қызметтерін көр­сетуге арналған шарттарды, төлем түбіртектерін және т.б.) қосымша беру керек.

Гүлмира ШАЙКЕНОВА,

Шал ақын ауданының

тұрғыны:

– Электронды сау­дада алда­нып қалған тұтынушының құқы­ғын қорғайсыздар ма? Тапсы­рысты интернет-дүкен арқылы бе­ріп, поштамен келген тауарға мүл­дем көңілім толмады. Олар тауарды қайтарып алмады. Мұндай жағ­дайда не істеуге болады?

– Облыстық сауда және тұтыну­шылардың құқықтарын қорғау де­партаменті электрондық сауда са­ласында тұтынушылардың құқық­тарын бұзу мәселелеріне қатысты өтініштерді қарайды.

“Тұты­нушылардың құқықтарын қорғау ту­ралы” Заңға сәйкес электрондық коммерцияда тұтынушы­лардың заңды мүдделерінің қорға­луын қамтамасыз ету тұтынушы­лардың құқықтарын қорғаудың не­гізгі қағидаттарының бірі болып та­былады.

Тауарды үлгі немесе сипаттама бойынша сату кезінде, сондай-ақ тауарды электрондық саудада өткі­зу кезінде сатушы тұтынушыға үлгі­ге немесе сипаттамаға сәйкес ке­ле­тін тауарды беруге міндетті. Тұты­нушылардың тиісті де, тиісті емес те сападағы тауарды айырбастап алуға немесе қайтарып беруге құқы­ғы бар.

Егер сатушы интернет-дүкеннің парақшасында сенімді деректерді көрсеткен болса, онда департамент Қазақстан Республикасының заңна­масында белгіленген тиісті шара­ларды қабылдайды. Сатушы тура­лы ақпарат жалған, сенімсіз және са­тушы алаяқтық әрекеттер жасаған немесе тұтынушыны алдаған жағ­дайларда материалдар құқық қор­ғау органдарына жіберіледі.

Әсемгүл ЕСІМСЕЙІТОВА,

Петропавл қаласының

тұрғыны:

– Әділдік іздеген тұтынушы сіздермен қалай байланыса алады?

– Облыс тұрғындары Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу және тұтынушылардың құ­қықтарын қорғау туралы заңнама­сын бұзу фактілері бойынша кеңес алу үшін аумақтық сауда және тұты­нушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 8(7152) 46-81-33, 46-81-14 телефондары арқылы хабарласа алады немесе “Telegram-bot @kzpp_bot”, “e-Gov.kz” порталы “e-otinish” ақпараттық жүйесі арқы­лы өтініштерді жолдай алады. Аза­мат­тарды Петропавл қаласы, Нұр­сұлтан Назарбаев кө­шесі, 83 мекен­жайы бойынша қа­былдаймыз.

Дайындаған

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp