Петропавлда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 1 маусым күні 18 жасқа дейінгі өрендер қоғамдық көлікте тегін жүреді. Бұл жайында Петропавл қалалық әкімдігінің мамандары айтты.
Жалпы бұл күні балаларға арналған ауқымды мерекелік бағдарлама жоспарланған. Іс-шаралар легі сағат 13:00-де басталады. Мәселен, орталық алаңда “Балғын балалар – біздің болашағымыз!” атты концерттік бағдарлама, шахматтық турнир, “Summer dance” атты қала мектептерінің шығармашылық топтарының қатысуымен заманауи билер фестивалі өтпек.
Облыстық балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығы орталығы алдындағы алаңда балалар асфальтта сурет салудан жарысып, робототехникадан шеберлік сағатына қатыса алады. Құтқарушылар “Менің қауіпсіздігім өз қолымда” атты арнайы бағдарлама ұсынбақ.
Тұңғыш Президент саябағында жасөспірімдер арасында шағын футболдан турнир, бард әндерінің фестивалі, спорттық эстафеталар өткізу жоспарланған.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.