ХХ ғасырда қазақ халқының жартысына жуығын қырып салған алапат ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін зобалаңы – әлі де толық зерттелмеген тақырып. Жалған жаланың құрбаны болған ардақтыларымыздың кейбірі әділ бағасын алған жоқ. Есімдерін ел есінде жаңғырту – бүгінгінің міндеті. Сондықтан 2020 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Маңызды міндетті арқалаған комиссияның атқарған жұмысы және нәтижелері туралы білмек болып, оның мүшесі, тарих ғылым-дарының кандидаты, доцент Людмила Гривеннаяны әңгімеге тартық.
– Людмила Александровна, комиссияның құрылу мақсаты жайында айтып берсеңіз.
– 1997 жылы Президент жарлығымен 31 мамыр “Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні” деп белгіленді. 2012 жылы бұл күнге өткен ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы ашаршылық трагедиясы қосылды. Бүгінде 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде аталып келеді. Қуғын-сүргінмен басталған кеңестік саясаттың адамдарды жаппай қылмыскер ету науқанының ең шарықтау шегі – 1937-38 жылдар. 1953 жылы 5 наурызда Иосиф Сталин қайтыс болып, билікке Никита Хрущев келді. Ол өткізген коммунистік партияның ХХ съезі одақтас республикаларға зор өзгеріс әкелді. Қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудың бірінші кезеңі жарымжан түрде осы кезде жүзеге асты. Ақтау шараларын ашық жүргізуге әлі ертерек еді. Өйткені билік басында әлі де қолдары қанға боялғандар болды, қудалаудың кейбір құрбандары әлі де түрмеде отыр еді. Одан кейінгі М.Горбачевтың “Қайта құру” жылдарында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау тағы қолға алынды. Осы кезеңде қазақтың біраз зиялылары ақталып, халқымен қауышқанын білеміз. 1990 жылдардың басында репрессия құрбандарын ақтаудың келесі кезеңі басталды. Комиссияны Манаш Қозыбаев басқарды. Бұл жолы 125000 адамның есімі естелік кітабына енгізілді, көбі ақталды. Десек те жазықсыз жапа шеккендердің көптігі соншалық, ақталмағандары әлі де болды. Осы мақсатпен 2020 жылдың наурыз айында “Қаһармандар” қоғамдық қорының президенті Сабыр Қасымов сараптамалық топ құрды. Президентке хат жазып, қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау комиссиясын құруға өтініш білдірді. Президент жарлығымен 2020 жылдың 24 қарашасында құрылған қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия бүгінде жұмыс істеп жатыр. Толық ақтау – мәселені түпкілікті аяқтау дегенді білдіреді. Мемлекеттік комиссияның құрамында 49 адам бар. Жұмыстың тиімділігі үшін еліміздегі үш үлкен қала мен әр облыста өңірлік комиссиялар құрылды. Мен облыстық комиссияның құрамындамын.
– Өңірлік комиссия құрамында кімдер жұмыс істеп жатыр?
– Солтүстік Қазақстан облыстық қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясында алты адам қызмет етеді. Олар алты тақырып бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатының директоры Сәуле Мәліковның тақырыбы – тәуелсіздік жолындағы күрескерлер, Нұрболат Әбуов – Солтүстік Қазақстан облысына жер аударылғандар туралы, Зәуре Қартованың тақырыбы – дін жолындағы адамдардың тағдыры, Аян Садаев – байларды тәркілеу, Ақмарал Ыбыраеваның тақырыбы – Түркістан облысындағы соғыс тұтқындары мен қатысушылары туралы. Осы айтылғандардың қай-қайсы болмасын үкімет тарапынан қыспақ көріп,тағдыр тәлкегіне ұшырағандар. Солар – біздің зерттеу нысанымыз. Бұл бағыттағы жұмыстар осы жылдың аяғына дейін тамамдалуы керек. Яғни үш жылдық жұмыстың нәтижесі биыл қорытындыланады.
– Үш жыл ішінде жан-жақты зерттеу жүргізілген шығар?
– Түрлі құжаттар мен материалдарды жинау, оларды жариялау, әртүрлі форумдар мен конференциялар өткізу – қажыр-қайратты талап етеді. Қуғын-сүргінге қатысты құжаттар мен материалдар жинақталған 33 томдық кітаптың әрқайсысы мың данамен жарық көрді. Алаш либералдық-демократиялық партиясының құжаттары бойынша тағы 10 том дайындалып жатыр. Қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары, куәгерлер мен зерттеушілердің естеліктері негізінде жинақталған 20 томдық басылым да жыл соңына дейін жарияланады. Ұжымдық монография, сонымен қатар көптеген басылымдар дайындалуда. Қуғын-сүргін кезіндегі жаппай жазалау орындарында ескерткіш орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Ауқымды зерттеу жұмысымен айналысқан комиссияның жұмысы қалай үйлестірілді?
– Дұрыс айтасыз, зерттеу жүргізудің қиындығы көп. Менің тақырыбым бойынша айтар болсам, солтүстік өңірдегі көтерілістер осыдан тура бір ғасыр бұрын болған. Әлбетте оның қатысушылары, куәгерлері, тіпті, олардың балалары да өмірде жоқ. Ал мұрағаттардан табатынымыз – оларды қылмыскер ретінде көрсеткен құжаттар. Десек те тарихтың ақтаңдақ беттерін ашу үшін бұл зерттеу, жинақтау жұмысының маңызы зор болды. Мен өзіме бекітілген тақырыпты қамту үшін аудандық, облыстық, республикалық, ТМД елдерінің мұрағаттарына барып, көз майымды тауысып, еңбектеніп жүрмін. Мен бұл тақырыпты жиырма жылдан бері зерттеп келемін. Бір қуанатыным, республикалық комиссия құрамына кіре отырып, көптеген құпия құжаттар сақтайтын мекемелерге кіруге мүмкіндік алдым. Астана қаласы ІІМ полиция департаментінің мұрағатында, ҰҚК мұрағатында, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай облыстық мұрағаттарында, Алматы мен Астана қалаларының полиция департаментінің мұрағаттарында, Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының мұрағатында жұмыс істедім. Осы уақыт ішінде 20 мыңға жуық құжатты парақтаған болармын. Бұл құжаттар ертеңгі күні ғылыми зерттеу жүргізгісі келген ғалымдарға таптырмас материал болады. Біз олардың жұмысын әлдеқайда жеңілдеттік.
– Өзіңіз тапқан тың деректер туралы айтсаңыз.
– Мұндай жұмысты жүргізу үшін қызығушылық пен біліктілік қажет. Мұрағатқа барсаң, бір мая шөптің ішінен ине іздегендей күй кешесің. Әр кез ізденісің сәтті бола бермейді. Жаңалық тапқан кезде ерекше бақытқа бөленесің, мені зерттеушілер жақсы түсінеді деп ойлаймын. Тынымсыз еңбек етіп келеміз. Қандай мұражай, мұрағат бар, бәріне бас сұғып жатырмыз. Көңілім толатын деректерге қол жеткіздім. Тың деректер де бар.
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатынан жиырмасыншы ғасырдың басында Ақмола губерниясында аштыққа ұшырағандарға көмек көрсету жөніндегі комиссия құрамында Мағжан Жұмабаевтың болғаны туралы құжат табылды. Мағжанның өмірбаянында бұл кезең белгісіз болып келген еді. Сонда табылған мандаттың фотокөшірмесі жинаққа енгізілді.
Екінші бір сәтті ізденіс Үкілі Ыбыраймен байланысты. Оның есімі көпшілікке белгілі. Шын есімі Ыбырай Сандыбаев екенін, оның дарынды композитор, ақын, әнші болғанын білеміз. “Гәкку” әні әлі күнге дейін ел аузында. Ол туралы, жергілікті зерттеуші, марқұм Қайролла Мұқанов та көп жазды. Бірақ оның да қуғын-сүргінге ұшырағанын екінің-бірі біле бермейді. Соны дәлелдейтін құжат табылды. Ол да 1921 жыл көтеріліске қатысушыларға көмектескені үшін қыспаққа алынған. Осы оқиғадан кейін 9 жыл өтсе де кеңес өкіметінің назарына осы айыппен іліккен. Бір қамалып, босатылып, қайта ұсталып, 72 жасында жер аударылып, сонда қайтыс болған. Ол жайында тағы бір дерек – 50 жылдары Сәбит Мұқанов Үкілі Ыбырайды ақтауды өтініп, Никита Хрущевке хат жіберген екен.
Зерттеу барысында екі әріптесімді таптым. Иван Фомин университетіміздің география және экология кафедрасының оқытушысы болған, ал Сергей Сорокин физика кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған. Құжаттары жинаққа енгізілді.
– Өзіңіз зерттеп жүрген 1921 жылғы көтеріліс туралы жинаған кейбір деректеріңізбен бөліссеңіз.
– Жиырмасыншы ғасырдың 20-30-ыншы жылдары социалистік қоғам құруды қолға алған елдердің барлығында қиын жағдай орын алды. Әсіресе қазақ жері қанға боялды. Ұлт зиялылары жаппай қырылды. Басқа ұлт өкілдері де қуғын-сүргінге ұшырап, бай-кедейіне қарамастан ауыр тағдырды бастан кешірді. 1921 жылы бас көтергендердің ішінде әр ұлттың өкілдері бар. Жаппай ұжымдастыру саясаты халықтың қитығына тиді. Бар малын тартып алған үкіметтің ісіне көңілдері толмай, наразылыққа шықты. Билік басындағылар мен олардың қол шоқпарлары басып-жаншудан басқа әрекет білмеді. Қаншама адамды атып тастады, қылмыскер ретінде жер аударды, артында қалған туған-туыстарына тыныш өмір сүруге мұрша бермеді. 1921 жылдары Петропавл маңында казактардың көтерілісі болса, Көкшетау маңында қазақтардың наразылығы орын алды. Алашорда партиясының белсенділері де осы кезде саяси наразылықтарға үн қосты. Үкімет сырттан қоныс аударушыларға жерін тартып алып бергендіктен қазақтар олармен тату-тәтті, сыйластықта өмір сүрді деп айту қиын. Бірақ үкімет тарапынан қауіп төнген, қиын-қыстау күндерде бір-біріне қол ұшын берді.
Зерттеу барысында 232 адамның аты-жөні бар тізімге назар аудардым. Бұл құжат бұрыннан белгілі болатын, бірақ оның ішкі мазмұны анықталмай жүрген еді. Сондағы құпияны шешудің жолын таптым. Олар 1921 жылы көтеріліске қатысып, ату жазасына кесілген 232 адам екен. “Ақмола облысының полиция департаментінің мұрағаты” мен “Алматы қаласы ІІБ мұрағатында” жұмыс істеп, 232 адамның 225-іне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын анықтадым. Қалған жетеуінің құжаты табылмады. Осы тізім бойынша оларды анықтауға тырыстым. Біраз деректер ашылды. Ол тізімде 18-ден бастап, 72 жас аралығындағы адамдар көрсетілген. Төрт әйел бар. Коммунистік партия мүшелері де болған. Жазаға келсілгендердің ұлты әр түрлі. Бір қызығы, оларды 1921 жылдың ақпан айының аяғынан 31 наурызға дейін тұтқындап, түрмеге жапса да, барлығына ату жазасына кесілгендігі туралы үкім бір күнде шығарылған. Сол адамдардың кейбірінің ұрпағын таптым.
– Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша біраз жұмыстар атқардыңыздар. Осы жұмыстың нәтижесін қоғам қалай қабылдады?
– Кейбір жастар “Саясаттың құрбаны болғандар, тіпті, олардың балалары да өмірден өтіп кетті. Енді олар тартқан қасіретті айтып, ескі жараның бетін тырнаудың қажеті қанша?” деп сұрайды. Тарихтан тағылым алған маңызды. Осындай зерттеу, баға беру жұмыстырын жастардың ортасында жүргізе отырып, олардың тарихтан керегін алып, болашаққа сенімді қадам басуына түрткі боламыз. Сондықтан бұл зерттеулер өлгендерден гөрі, тірілерге керек.
Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Дана МҰХАМЕТЖАНОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.