«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Арыстардың есімдерін ақтау – парыз

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

ХХ ғасырда қазақ халқының жартысына жуығын қырып салған алапат ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін зобалаңы – әлі де толық зерттелмеген тақырып. Жалған жаланың құрбаны болған ардақтыларымыздың кейбірі әділ бағасын алған жоқ. Есімдерін ел есінде жаңғырту – бүгінгінің міндеті. Сондықтан 2020 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Маңызды міндетті арқалаған комиссияның атқарған жұмысы және нәтижелері туралы білмек болып, оның мүшесі, тарих ғылым-дарының кандидаты, доцент Людмила Гривеннаяны әңгімеге тартық.

– Людмила Александровна, ко­миссияның құрылу мақсаты жа­йын­да айтып берсеңіз.

– 1997 жылы Президент жарлы­ғы­мен 31 мамыр “Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні” деп бел­гіленді. 2012 жылы бұл күнге өткен ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы ашаршылық трагедиясы қосылды. Бүгінде 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде аталып келеді. Қуғын-сүргінмен басталған ке­ңестік саясаттың адамдарды жаппай қыл­мыс­кер ету науқанының ең ша­рық­тау шегі – 1937-38 жылдар. 1953 жылы 5 наурызда Иосиф Сталин қай­тыс болып, билікке Никита Хру­щев келді. Ол өткізген коммунистік пар­тия­ның ХХ съезі одақтас респуб­ли­каларға зор өзгеріс әкелді. Қуғын-сүр­гін құрбандарын ақтаудың бірінші кезеңі жарымжан түрде осы кезде жүзеге асты. Ақтау шараларын ашық жүргізуге әлі ертерек еді. Өйткені би­лік басында әлі де қолдары қанға боял­ғандар болды, қудалаудың кей­бір құрбандары әлі де түрмеде отыр еді. Одан кейінгі М.Горбачевтың “Қай­­та құру” жылдарында саяси қу­ғын-сүргін құрбандарын ақтау тағы қолға алынды. Осы кезеңде қазақ­тың біраз зиялылары ақталып, хал­қы­мен қауышқанын білеміз. 1990 жылдардың басында репрессия құр­бандарын ақтаудың келесі кезеңі бас­талды. Комиссияны Манаш Қо­зы­баев басқарды. Бұл жолы 125000 адамның есімі естелік кітабына ен­гі­зілді, көбі ақталды. Десек те жазық­сыз жа­па шеккендердің көптігі сон­ша­­лық, ақталмағандары әлі де бол­ды. Осы мақ­сатпен 2020 жылдың наурыз айын­да “Қаһармандар” қо­ғам­дық қо­рының президенті Сабыр Қасымов са­раптамалық топ құрды. Прези­дент­­ке хат жазып, қуғын-сүр­гінге ұшы­рағандарды ақтау комис­сиясын құ­руға өтініш білдірді. Прези­дент жарлығымен 2020 жылдың 24 қара­шасында құрылған қуғын-сүргін құр­бан­дарын толық ақтау жөніндегі мем­лекеттік комиссия бүгінде жұмыс істеп жатыр. Толық ақтау – мәселені түпкілікті аяқтау дегенді білдіреді. Мемлекеттік комиссияның құрамында 49 адам бар. Жұмыстың тиімділігі үшін еліміздегі үш үлкен қала мен әр облыста өңірлік комиссиялар құрыл­ды. Мен облыстық комиссияның құрамындамын.

– Өңірлік комиссия құрамында кімдер жұмыс істеп жатыр?

– Солтүстік Қазақ­стан облыстық қуғын-сүргін құрбан­дарын ақтау ко­мис­сиясында алты адам қызмет етеді. Олар алты тақы­рып бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Сол­түстік Қазақстан мем­лекеттік мұра­ғатының директоры Сәуле Мәліков­ның тақырыбы – тә­уел­сіздік жолын­дағы күрескерлер, Нұр­болат Әбуов – Солтүстік Қазақ­стан облысына жер ау­дарылғандар туралы, Зәуре Қар­то­ваның тақыры­бы – дін жолындағы адамдардың тағ­дыры, Аян Садаев – байларды тәр­кілеу, Ақмарал Ыбы­раеваның тақы­ры­бы – Түркістан об­лысындағы со­ғыс тұтқындары мен қа­тысушылары туралы. Осы айтыл­ған­дардың қай-қайсы болмасын үкімет тарапынан қыспақ көріп,тағдыр тәл­кегіне ұшы­ра­ғандар. Солар – біздің зерттеу нысанымыз. Бұл бағыт­тағы жұмыстар осы жылдың аяғына дейін тамамдалуы керек. Яғни үш жылдық жұмыстың нәтижесі биыл қорытын­дыланады.

– Үш жыл ішінде жан-жақты зерт­теу жүргізілген шығар?

– Түрлі құжаттар мен материал­дарды жинау, оларды жариялау, әр­түрлі форумдар мен конферен­ция­лар өткізу – қажыр-қайратты талап ете­ді. Қуғын-сүргінге қатысты құжат­тар мен материалдар жинақталған 33 томдық кітаптың әрқайсысы мың да­намен жарық көрді. Алаш либе­рал­дық-демократиялық партиясы­ның құжат­тары бойынша тағы 10 том да­йын­далып жатыр. Қуғын-сүргін құр­бан­дарының ұрпақтары, куәгер­лер мен зерттеушілердің естеліктері негі­зінде жинақталған 20 томдық басы­лым да жыл соңына дейін жа­рияла­нады. Ұжымдық монография, соны­мен қа­тар көптеген басылым­дар да­йын­далуда. Қуғын-сүргін ке­зін­дегі жап­­пай жазалау орындарын­да ес­керт­кіш орнату жұмыстары жүр­гізіліп жатыр.

– Ауқымды зерттеу жұмысы­мен айналысқан комиссияның жұмысы қалай үйлестірілді?

– Дұрыс айтасыз, зерттеу жүргі­зу­дің қиындығы көп. Менің тақыры­бым бойынша айтар болсам, солтүс­тік өңірдегі көтерілістер осыдан тура бір ғасыр бұрын болған. Әлбетте оның қатысушылары, куәгерлері, тіпті, олардың балалары да өмірде жоқ. Ал мұрағаттардан табатыны­мыз – оларды қылмыскер ретінде көр­сет­кен құжаттар. Десек те тарих­тың ақтаңдақ беттерін ашу үшін бұл зерт­теу, жинақтау жұмысының ма­ңызы зор болды. Мен өзіме бекітіл­ген та­қырыпты қамту үшін аудандық, об­лыс­тық, республикалық, ТМД елде­рі­нің мұрағаттарына барып, көз ма­йымды тауысып, еңбектеніп жүр­мін. Мен бұл тақырыпты жиырма жылдан бері зерттеп келемін. Бір қуа­наты­ным, республикалық комиссия құра­мына кіре отырып, көптеген құпия құ­жаттар сақтайтын мекеме­лер­ге кіру­ге мүмкіндік алдым. Астана қа­ласы ІІМ полиция департаментінің мұраға­тында, ҰҚК мұрағатында, Сол­түстік Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Қоста­най облыстық мұрағаттарын­да, Ал­ма­ты мен Астана қалалары­ның по­ли­ция департаментінің мұра­ғатта­рында, Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының мұраға­тында жұмыс істедім. Осы уа­қыт ішін­­де 20 мыңға жуық құжатты парақ­таған болармын. Бұл құжаттар ер­тең­гі күні ғылыми зерттеу жүргізгісі келген ғалымдарға таптырмас мате­риал болады. Біз олардың жұмысын әл­деқайда жеңілдеттік.

– Өзіңіз тапқан тың деректер ту­ралы айтсаңыз.

– Мұндай жұмысты жүргізу үшін қызығушылық пен біліктілік қажет. Мұрағатқа барсаң, бір мая шөптің ішінен ине іздегендей күй кешесің. Әр кез ізденісің сәтті бола бермейді. Жа­ңалық тапқан кезде ерекше ба­қытқа бөленесің, мені зерт­теушілер жақсы түсінеді деп ой­лаймын. Ты­нымсыз еңбек етіп келе­міз. Қандай мұражай, мұрағат бар, бәріне бас сұғып жатырмыз. Көңілім толатын деректерге қол жеткіздім. Тың де­ректер де бар.

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатынан жиырмасыншы ғасыр­дың басында Ақмола губерния­сын­да аштыққа ұшырағандарға көмек көрсету жөніндегі комиссия құрамында Мағжан Жұмабаевтың бол­ғаны туралы құжат табылды. Мағ­жанның өмірбаянында бұл кезең белгісіз болып келген еді. Сонда табылған мандаттың фотокөшірмесі жинаққа енгізілді.

Екінші бір сәтті ізденіс Үкілі Ыбыраймен байланысты. Оның есімі көп­шілікке белгілі. Шын есімі Ыбырай Сан­дыбаев екенін, оның дарынды ком­­позитор, ақын, әнші болғанын бі­леміз. “Гәкку” әні әлі күнге дейін ел аузында. Ол туралы, жергілікті зерт­теу­ші, марқұм Қайролла Мұқанов та көп жазды. Бірақ оның да қуғын-сүр­гінге ұшырағанын екінің-бірі біле бер­мей­ді. Соны дәлелдейтін құжат та­был­ды. Ол да 1921 жыл көтері­ліс­ке қа­тысу­шы­ларға көмектескені үшін қыс­паққа алынған. Осы оқиғадан ке­йін 9 жыл өтсе де кеңес өкіметінің на­за­рына осы айыппен іліккен. Бір қа­малып, бо­сатылып, қай­та ұсталып, 72 жасын­да жер аудары­лып, сонда қай­тыс бол­ған. Ол жа­йында тағы бір дерек – 50 жыл­дары Сәбит Мұқанов Үкі­лі Ыбы­райды ақтауды өтініп, Никита Хру­щевке хат жіберген екен.

Зерттеу барысында екі әріпте­сім­ді таптым. Иван Фомин универси­тетіміздің география және экология кафедрасының оқытушысы болған, ал Сергей Сорокин физика кафедра­сының меңгерушісі қызметін атқар­ған. Құжаттары жинаққа енгізілді.

– Өзіңіз зерттеп жүрген 1921 жылғы көтеріліс туралы жинаған кейбір деректеріңізбен бөліс­сеңіз.

– Жиырмасыншы ғасырдың 20-30-ыншы жылдары социалистік қо­ғам құруды қолға алған елдердің бар­лығында қиын жағдай орын алды. Әсіресе қазақ жері қанға боялды. Ұлт зиялылары жаппай қырылды. Басқа ұлт өкілдері де қуғын-сүргінге ұшы­рап, бай-кедейіне қарамастан ауыр тағдырды бастан кешірді. 1921 жылы бас көтергендердің ішінде әр ұлттың өкілдері бар. Жаппай ұжымдастыру саясаты халықтың қитығына тиді. Бар малын тартып алған үкіметтің ісіне көңілдері толмай, наразылыққа шықты. Билік басындағылар мен олардың қол шоқпарлары басып-жан­шудан басқа әрекет білмеді. Қаншама адамды атып тастады, қыл­мыскер ретінде жер аударды, артын­да қалған туған-туыстарына тыныш өмір сүруге мұрша бермеді. 1921 жыл­дары Петропавл маңында казак­тардың көтерілісі болса, Көк­ше­тау маңында қазақтардың нара­зылығы орын алды. Алашорда пар­тиясының белсенділері де осы кезде саяси наразылықтарға үн қосты. Үкімет сырттан қоныс аударушылар­ға жерін тартып алып бергендіктен қазақ­тар олармен тату-тәтті, сыйластықта өмір сүрді деп айту қиын. Бірақ үкімет тарапынан қауіп төнген, қиын-қыстау күндерде бір-біріне қол ұшын берді.

Зерттеу барысында 232 адам­ның аты-жөні бар тізімге назар ау­дар­дым. Бұл құжат бұрыннан белгілі болатын, бірақ оның ішкі мазмұны анықталмай жүрген еді. Сондағы құ­пияны шешудің жолын таптым. Олар 1921 жылы көтеріліске қаты­сып, ату жазасына кесілген 232 адам екен. “Ақмола облысының полиция депар­та­ментінің мұрағаты” мен “Ал­маты қа­ласы ІІБ мұрағатында” жұ­мыс іс­теп, 232 адамның 225-іне қа­тыс­ты қыл­мыс­тық іс қозғалғанын анықта­дым. Қалған жетеуінің құжаты табыл­мады. Осы тізім бойынша олар­ды анықтау­ға ты­рыстым. Бі­раз дерек­тер ашыл­ды. Ол ті­зімде 18-ден бас­тап, 72 жас аралы­ғын­дағы адамдар көрсетілген. Төрт әйел бар. Комму­нис­тік партия мүше­лері де болған. Жазаға келсіл­гендердің ұлты әр түр­лі. Бір қызығы, оларды 1921 жылдың ақпан айының аяғынан 31 наурызға дейін тұтқындап, түрме­ге жапса да, барлығына ату жазасы­на кесілгендігі туралы үкім бір күнде шығарылған. Сол адамдар­дың кей­бірінің ұрпағын таптым.

– Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша біраз жұмыстар ат­қардыңыздар. Осы жұмыстың нә­тижесін қоғам қалай қабылдады?

– Кейбір жастар “Саясаттың құр­баны болғандар, тіпті, олардың ба­ла­лары да өмірден өтіп кетті. Енді олар тартқан қасіретті айтып, ескі жараның бетін тырнаудың қажеті қанша?” деп сұрайды. Тарихтан та­ғы­лым алған маңызды. Осындай зерт­теу, баға беру жұмыстырын жас­тардың ортасында жүргізе отырып, олардың тарихтан керегін алып, бо­лашаққа сенімді қадам басуына түрткі боламыз. Сондықтан бұл зерттеулер өлгендерден гөрі, тірі­лер­ге керек.

Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Дана МҰХАМЕТЖАНОВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp