«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ауырмай тұрып алдын ал

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыста биылғы үш айда 1,5 мыңнан астам адамға арте­риялық гипертензия диагнозы қойылды. Сырқаттардың ара­сында жастар да бар. Дерттің асқынуына жол бермеуге болады. Облыстық кардиологиялық орта­лықтың бөлім меңгерушісі Марина Митенко алдын алу жолдары жайында айтып берді.

Маманның айтуынша, артерия­лық гипертензия немесе жоғары қан қысымы өте қауіпті. Бұл дерт көп­теген органға – жүрекке, бүйрек­ке және ми қызметіне әсер етеді. Оны ғалымдар “үнсіз өлтіруші” деп бекер айтпаса керек, өйткені алдын ала белгілері болмайды. Көп жағдайда бастапқы ги­пертензияның себептерін анықтау мүмкін емес.

“Гипертензия емделмесе, ас­қынса, созылмалы түрге – гиперто­нияға ұласады. Кез келген созылмалы прогрессивті ауру сияқты, емдеуден гөрі алдын алу оңай. Қан қысымы жоғары жандар дерт­тің асқынуына жол бермей, күнде­лікті өмірде бірқатар талапты орын­дауы керек”, – дейді кардиолог.

Артериялық гипертензияның алдын алу бастапқы және екінші болып бөлінеді. Бастапқысында аурудың пайда болуына жол бермеу мақсат етіледі оны барлық дені сау адам, әсіресе қатер тобына кі­ретіндер – тұқым қуалайтын дертке шалдыққандар, жұмысы ауыр жандар ұстануы керек. Ол үшін ор­талық жүйке жүйесінің жұмысын қалыпқа келтіру, яғни күйзелістің алдын алу маңызды.

“Кемінде 7 сағат ұйықтауға, та­мақ арқылы тұтынатын килокало­рия­ны есептеп отыруға кеңес бере­мін. Тамаққа пайдаланатын май­дың 2/3 бөлігі зәйтүн, жүгері, күн­бағыстан әзірленуі қажет. Балық­тың, құстың майсыз етін, сүзбе, ай­ранды жиі тұтыну, қант, бал, қа­мырдан жасалған өнімдерді, шоко­лад, жарма, күріш жармасын шек­теп тұтыну пайдалы”, – дейді Мари­на Митенко.

Маман артық салмақ болған жағдайда онымен күресудің маңызды екенін айтады. Темекі ше­гуден бас тарту, алкогольді тұты­нуды шектеу – бұл да дерттің алдын алуға сеп. Калий, кальций және маг­ний тұздары көп тағамдарды – майсыз сүзбе, ақжелкен, бұршақ, қара өрік, қызылша, пісірілген кар­топ, кептірілген өрік, тұқымсыз мейізді жиі қолданған жөн.

Екінші шара артерия­лық гипертензия диагнозы қойыл­ған науқастарға жасалады. Оның мақ­саты – асқынулардың алдын алу. Сонымен қатар профилак­тиканың бұл түрі екі жолмен – дә­рілік және дәрілік емес емдеу ар­қылы жасалады.

“Адам тұқым қуалаушылық пен қоршаған ортаны өзгерте алмаға­ны­мен, өмір сүру және тамақтану дағдысына әсер ете алады. Дәрілік те­рапия – жоғары қан қысымын мақ­сатты түрде түсіретін дәрігер та­ғайындаған дәрілерді қабылдау. Ар­териялық гипертензиямен ауыра­тын науқастар дәрігердің ұсыным­да­рын қатаң сақтауы керек және дәрі-дәрмектерді кесте бо­йын­ша қабылдауы қажет, сонда ғана асқынуларға жол берілмейді”, – дейді кардиолог.

Артериялық гипертензияның ал­дын-алу үшін таңертең және кешке қысым деңгейін жүйелі бақылауды әдетке айналдырған да артықтық етпейді.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp