Ауыл – қазақ баласының қарашаңырағы. Ұлтымыздың қай мықтысының болсын ауылдан түлеп-ұшқаны мәлім. Қай көрнекті тұлғаның өмірбаянына үңілмеңіз, түбі ауылға барып тіреледі.
Небір даңқты тұлғаларға алтын бесік болған ауылдардың құмға сіңген судай жоғалып бара жатқаны жанымды ауыртады. Қарашаңырақтан көшкен жандардың кең даланы ұмытпай, әлі де болсын шалғайдағы елді мекендерге ат басын бұрып тұратыны – көңілге медет. Өзім болсам, жылдағы әдетімнен жаңылмай, көктем шыға туған жерім – Есіл ауданындағы Өрнек ауылына аттандым. Ондағы мақсат – ата-бабаларым жатқан жерді зиярат етіп, олардың аруақтарына Құран аяттарын бағыштап, елдегі түтін түтетіп отырған ағайынның амандығын білу.
Өрнектіктер қораларындағы санаулы малдың қамымен қалыпты тіршілік кешіп жатыр. Бұрынғыдай қыж-қыж қайнаған тіршілік жоқ. Соған қарамастан туған елдің ошағындағы оттың өшпегенін көріп, шүкір дестік.
Қазақтың қай ауылын алсаңыз да тұрғындардың айтатын мәселесі – жолдың жайы. Елді мекенге апарар жолдардың дені шұрық-тесік. Жеткенше діңкең құриды. Өрнекке барар қара жол да сол күйді кешіп отыр. Оны жөндеу өткен жылы басталған болатын. Покровка елді мекенінен Өрнекке дейінгі 60 шақырымдай жерді бір жарым сағатта жүріп өтіп, ауыл іргесіне тақадық. Бұл мәселе ауылға жылына бірнеше рет келетін шеттегі жұрттан гөрі осында тұрақтағандарға қиын тиіп отыр.
Туындаған қиындықтар мен инфрақұрылым мәселесіне қарамастан Өрнекте де атқарылып жатқан істер баршылық. Қайсібір жылы ауыл жұртшылығы Жанатай батырға тағзым етіп, ескерткіш орнатты. Енді биыл жігіттер бірлесіп асхана салып жатыр екен. Өрнектіктер той-жиын бола қалса, жиылар орын таппай қиналатындарын көптен айтып жүрген. Ас, бата, жиындардан қалмайтын қазақ үшін мұндай асханалар керек-ақ. Өрнектегі ел біреу қаза болса ас беру үшін Покровкаға немесе аудан орталығына ағылады. Оған барып келетін жолдың жайы да белгілі. Мұндағы құрылысқа жан-жақтағы азаматтар қаржы құйып, ғимарат құрылысын күзге дейін аяқтамақ. Ертеңнен үміт үзбей, ел үшін осындай еңбек етіп жатқан жандарға жерлестері дән риза. Мұны елді мекеннің ажарын кіргізуге үлес қосатын үлкен жұмыстың басы деп топшыладық.
Сағат ҚУАНДЫҚОВ.