«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӘБИ БАҚЫТЫ БӘРІНЕН ҚЫМБАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ – ежелден ұрпағының қауіпсіздігі мен саулығына үлкен мән берген халық. Өйткені бүгінгі ұл-қыз­дар – еліміздің ертеңі, қорғаны. Сон­дықтан өскелең ұрпақтың жағдайына қазірден мән берген дұрыс. Жаңа буын жас тал сияқты. Еркіңе көндіріп, қалауыңдағыдай етіп өсіруге бола­ды. Балалармен жұмыс істеудің бас­ты ерекшелігі осы. Олар қоғамның әлсіз тобына жататындықтан ерекше қорғауға, қолдауға мұқтаж. Ел тұр­ғын­дарының үштен бірі балалар еке­нін және бұл көрсеткіштің жыл өткен сайын артып келе жатқанын ескерсек, өрендермен жұмыс істеудің қан­шалықты маңызға ие екенін байқай­мыз.

Біздің еліміз бала құқықтары жө­нін­дегі халықаралық ұйымдармен белсенді жұмыс істеуде. Қазақстан әлемнің өзге мемлекеттері сияқты кә­мелетке толмағандардың құқықтары туралы халықаралық маңызды құ­жат­тарға қол қойған. Өткен жылдың “Балалар жылы” ретінде жариялануы бұл жұмыстарға қарқын қосты. Мем­лекет басшысының тапсырмасы бойын­ша “Балалар жылын” атап өту жоспа­рына сай 2022 жылы өңірлерде ал­ғаш рет бала құқықтары жөніндегі уәкілдер тағайындалды. Ал өңіріміз­де бұл лауазым облыс әкімінің бұй­рығымен өткен жылдың тамызында енгізілді. Содан бері бала құқықтары жөніндегі аймақтық уәкіл облыс әкі­мінің кеңесшісі әрі кәмелетке толма­ғандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы­ның орынбасарын алмастырып ке­леді.

Уәкілдің міндетіне бала құқықта­ры бойынша мемлекет беріп отырған кепілдіктің жүзеге асуына жағдай жасау, құқықтардың мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар­да сақталуын қадағалау жатады. Әри­не оқу орындарының, жеке және заңды тұлғалардың бүлдіршіндердің құқықтарын бұзуына жол бермеу ең басты назарда. Сонымен қатар об­лыс тұрғындары уәкіл көмегіне жүгі­ніп, арыз-шағымдарын да жолдай ала­ды. Ал мен өз кезегімде жауапты мекемелердің бұл істе әрекетсіз қалмауына, белсенді жұмыс істеуіне ұйытқы болуға тырысамын. Қажет жағдайда уәкілге заң бұзушылықтар­ды болдырмауға тікелей араласуға және ұсыныстар әзірлеп, бастама көтеруге де уәкілеттік берілген.

Заң бойынша 18 жастан кіші ұл-қыздардың бәрі бала болып есептеледі, оларға мемлекеттік кепілдік бе­ріледі. Білім беру, денсаулық сақтау салаларында бүлдіршіндер мен жет­кіншектерге ерекше жағдай жасал­ған. Олардың өз қалауынша шығар­машылықпен, спортпен, ғылыммен айналысуына да жол ашық. Еліміз бойынша халықтың үштен бірі бала болса, өңірде 18 жасқа дейінгі 139 мыңнан астам тұрғын бар. Олардың 74 мыңнан астамы өңір мектеп­терінде білім алып жүр.

Жоғарыда мен өз қызметімнің бір бағыты халықпен тығыз жұмыс істеп, олардың өтініш-тілектерін жауапсыз қалдырмау екенін атап өттім. Биыл­ғы жылдың басынан бастап маған осындай мәтіндегі 14 өтініш жолдан­ды. Олардың біразы өз шешімін тауып үлгерсе, екеуі қаралып жатыр. Өтініш жолдауға арналған байланыс ақпараты әлеуметтік желілер мен бұ­қаралық ақпарат құралдарында жа­рия­ланған. Хат жолдағандардың көбі медициналық қызметке, тұрмыс­тық мәселелерге, дәрі-дәрмекпен қам­туға, мемлекеттік органдардың әрекетсіздігіне наразы. Алимент төлеу, мүгедектік беру, асырап алу бойынша құқықтық көмек сұрайтын­дар да бар. Бұл жұмысты жүзеге асыру үшін Оқу ағарту министрлігінің бейінді комитетімен, қоғамдық ұйым­дармен, облыстық кәмелетке толма­ғандар ісі және бала құқықтары жөніндегі комиссиямен бірлесе жұмыс істеймін.

Бала құқықтары жайлы сөз бол­ғанда оларға қарсы жасалатын қыл­мыстың алдын алу туралы да айта кету керек. Бір өкініштісі, 4 ай ішінде облыста мұндай 19 қылмыс тіркелді. Оның 8-інде жеткіншектердің жыныс­тық қысымға ұшырағаны мәлім бо­лып отыр. Бұған отбасы институты­ның өз күшін жоғалтуы, ғаламтор же­лі­сінде зиянды материалдардың та­ратылуы, ата-аналардың өз міндеті­не салғырт қарауы әсер етіп отыр. Бұ­дан бөлек №4 мектепте орын алған жағдайға байланысты да сотқа дейін­гі тергеу жүргізілуде. Бүгінде қыл­мыстың алдын алу үшін мектеп оқу­шыларының қатысуымен түрлі іс-шаралар өтуде.

Балалардың бәрі бақытты өмірге лайық дегенімізбен, шын мәнінде бәрі олай бола бермейді. Өңірімізде өмірлік қиын жағдайда қалып отыр­ған жеткіншектер аз емес. Ондай жан­дарға көмек көрсету үшін мектептер­де 417 психологиялық қызмет жұмыс істейді. Арнайы инспекторлар олар­дың бос уақытының, жазғы канику­лы­ның қалай өтіп жатқанын қадаға­лайтын болады. Биылғы наурыз айынан бастап қиын жағдайда қал­ған балалар үшін мектептен тыс есеп жүргізу қолға алына бастады. Ұлттық білім беру базасында тұрмысы тө­мен отбасынан шыққандар үшін ар­найы статус енгізілді. Деректерге сүйенсек, 233 солтүстікқазақастан­дық жеткіншек осындай отбасылар­да өмір сүріп жатыр. Олардың 150-і мектепке барса, соның жүзден аста­мы сабақтан тыс түрлі үйірмелерге қа­тысады. Бүгінде өңірде өмірлік қиын жағдайда қалған балалар үшін 3 орталық жұмыс істейді. Бұл орта­лықтарда 3-18 жас аралығындағы­ларға заңға сай көмек көрсетілуде.

Соңғы жылдары ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың ел қатарлы білім алуына ерекше жағ­дай жасалуда. Облыста осы санатқа кіретін 4397 бала бар. Статистика бойынша балабақшалардың 77, мек­тептердің 82 пайызында олар үшін қолайлы орта қалыптасқан. Өңірде 21 инклюзия кабинеті жұмыс істейді. 2027 жылға дейін тағы үш арнайы мекеме жұмысын бастамақ.

Өткен 1 жыл ішінде өңірде бала­лар мен ересектерге арнап түрлі іс-ша­ралар өткізілді. Солардың ішінде “Сенімен Болашақ” қоғамдық бірлес­тігі ұйымдастырған “Ата-ана – ұлттың ұясы” форумы, ата-ана қамқорлы­ғын­сыз қалған ерекше балар ара­сындағы “Шуақты әлем” фестивалі, “Зорлықсыз 16 күн” акциясы өз жемі­сін берді. Өз басым жастар ұйымдарының балаларға ар­нап ұйымдастырған шараларына жиі қатысамын. Жыл басында Аққайың ауданында ұрпақ тәрбиесіне арнал­ған облыстық семинар өтті. Ақпанда бала өміріне арналған фильм­ арнайы мекемелердегі жет­кін­шектерге көрсетілді. Облыс орта­лы­ғындағы Аналар үйі де өз мерей­тойын атап өтті. Ал балаларды қор­ғау күні қарсаңында Мағжан Жұма­баев ауданының Полудино ауылын­дағы балаларды қолдау орталығын­да болып, сондағы өрендермен кез­дес­тім. Сол сияқты балалармен, ата-аналармен, мұғалімдермен кездесу­лер өткізіп, тренинг, семинарларға тұ­рақты түрде қатысып келемін.

Балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемле­кеттік саясаттың басым бағыттары­ның бірі екені белгілі. Сондықтан біз­дің алдымызда үлкен міндет тұр. Мен өз алдымда тұрған осы жауап­кершілікті түсініп, өз жоспарымды жү­зе­ге асыруға тырысып келемін. Қа­зіргідей қиын жағдайда жоғарыда көтерілген мәселелерді шешу оңай емес. Ең дұрысы олқылықтардың ал­дын алып, жолын кесу. Келешекте ешқандай қиындық туындамайтындай етіп жұмыс істеу маңызды. Бізге балалардың қауіпсіздігін бүгіннен ойлау керек. Осы салада өзім сияқты еңбектеніп жүрген әр маман бола­шақ солтүстікқазақстандық балалар­дың ертеңі үшін жауапты. Біз бірлесе отырып буллингтің алдын алу, ерек­ше балаларға білім беру, олардың құ­қығын қорғау, ұлттық тәрбиені дәріптеу сияқты мәселе­лер­ді талқылаймыз. “Әкелер кеңесі”, “Аналар кеңесі” сияқты ұйымдардың ықпалы күшті болса деймін. Бала тәр­биесі мектепте – мұғалімдер, отба­сын­да – ата-аналар және қоғамда мем­лекеттік органдар бірлесе жұмыс істе­генде ғана бір жолға қойылмақ.

Осы мақсатпен алдағы уақыт­та аудандарды аралап, кездесулер өткізуді, әлеуметтік қызмет көрсете­тін арнайы орталықтардың жұмысы­мен танысуды жоспарлап отырмын. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған, ерекше білім беру қажеттілігі бар бүл­діршіндерді қолдауға арналған ша­ра­лар да жалғаса бермек.

Мемлекеттің ең тиімді инвести­циясы – балалардың болашағына құйылған қаржы. Бұған мемлекеттен бөлек ата-аналар, кәсіпкерлер де ат­салысқаны жөн. Елдегі мыңдаған жауқазындай ұл-қызымыздың бақыт­ты болашағы үшін бәріміз жауапты­мыз. Бұл әр ересек адамның көкейін­дегі мақсат болса балалар сапалы бі­лім алып, қажетті дағдыларын дамы­тып, адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіріп, еңбекті сүйіп, бір-бірін құрметтейтін болады. Олар өмір­лік жолда адаспай, өз бағытын дұрыс таң­дауды үйренеді. Қылмыс пен құ­қық бұзушылықтың жолы жа­былып, жеткіншектеріміздің денсау­лығы мен өміріне төнетін қауіп сейіледі.

Сәуле СҰРАҒАНОВА,

Солтүстік Қазақстан облысының бала, отбасы және әйел құқығы жөніндегі уәкілі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp