Облыста биылғы үш айда 1,5 мыңнан астам адамға артериялық гипертензия диагнозы қойылды. Сырқаттардың арасында жастар да бар. Дерттің асқынуына жол бермеуге болады. Облыстық кардиологиялық орталықтың бөлім меңгерушісі Марина Митенко алдын алу жолдары жайында айтып берді.
Маманның айтуынша, артериялық гипертензия немесе жоғары қан қысымы өте қауіпті. Бұл дерт көптеген органға – жүрекке, бүйрекке және ми қызметіне әсер етеді. Оны ғалымдар “үнсіз өлтіруші” деп бекер айтпаса керек, өйткені алдын ала белгілері болмайды. Көп жағдайда бастапқы гипертензияның себептерін анықтау мүмкін емес.
“Гипертензия емделмесе, асқынса, созылмалы түрге – гипертонияға ұласады. Кез келген созылмалы прогрессивті ауру сияқты, емдеуден гөрі алдын алу оңай. Қан қысымы жоғары жандар дерттің асқынуына жол бермей, күнделікті өмірде бірқатар талапты орындауы керек”, – дейді кардиолог.
Артериялық гипертензияның алдын алу бастапқы және екінші болып бөлінеді. Бастапқысында аурудың пайда болуына жол бермеу мақсат етіледі оны барлық дені сау адам, әсіресе қатер тобына кіретіндер – тұқым қуалайтын дертке шалдыққандар, жұмысы ауыр жандар ұстануы керек. Ол үшін орталық жүйке жүйесінің жұмысын қалыпқа келтіру, яғни күйзелістің алдын алу маңызды.
“Кемінде 7 сағат ұйықтауға, тамақ арқылы тұтынатын килокалорияны есептеп отыруға кеңес беремін. Тамаққа пайдаланатын майдың 2/3 бөлігі зәйтүн, жүгері, күнбағыстан әзірленуі қажет. Балықтың, құстың майсыз етін, сүзбе, айранды жиі тұтыну, қант, бал, қамырдан жасалған өнімдерді, шоколад, жарма, күріш жармасын шектеп тұтыну пайдалы”, – дейді Марина Митенко.
Маман артық салмақ болған жағдайда онымен күресудің маңызды екенін айтады. Темекі шегуден бас тарту, алкогольді тұтынуды шектеу – бұл да дерттің алдын алуға сеп. Калий, кальций және магний тұздары көп тағамдарды – майсыз сүзбе, ақжелкен, бұршақ, қара өрік, қызылша, пісірілген картоп, кептірілген өрік, тұқымсыз мейізді жиі қолданған жөн.
Екінші шара артериялық гипертензия диагнозы қойылған науқастарға жасалады. Оның мақсаты – асқынулардың алдын алу. Сонымен қатар профилактиканың бұл түрі екі жолмен – дәрілік және дәрілік емес емдеу арқылы жасалады.
“Адам тұқым қуалаушылық пен қоршаған ортаны өзгерте алмағанымен, өмір сүру және тамақтану дағдысына әсер ете алады. Дәрілік терапия – жоғары қан қысымын мақсатты түрде түсіретін дәрігер тағайындаған дәрілерді қабылдау. Артериялық гипертензиямен ауыратын науқастар дәрігердің ұсынымдарын қатаң сақтауы керек және дәрі-дәрмектерді кесте бойынша қабылдауы қажет, сонда ғана асқынуларға жол берілмейді”, – дейді кардиолог.
Артериялық гипертензияның алдын-алу үшін таңертең және кешке қысым деңгейін жүйелі бақылауды әдетке айналдырған да артықтық етпейді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.