Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында “Отбасы банк” АҚ-ның облыстық филиалының мамандары мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жайын баяндады. Әсіресе банк жұмысындағы соңғы жаңалықтар жайлы айтты.
Банк филиалының бизнесті дамыту бөлімінің маманы Нияз Ниязбеков мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үйге қол жеткізудің тағы бір мүмкіндігі бар екенін тілге тиек етті. Банк Петропавл қаласы әкімдігімен бірлесе отырып, “Жас өркен” шағынауданындағы 202 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйге байқау жариялады. Оның басты шарты – “Отбасы банкінің” салымшысы болу және қалалық әкімдікте үй кезегінде тұру.
“Нұрлы жер” бағдарламасының басты талаптары − бастапқы жарна үшін банкте пәтер құнының 20 пайызын жинап, салымшы ретіндегі бағалау көрсеткіштерінің жоғары болуы. Мемлекеттік бағдарлама пәтерлері нарықтағы тұрғын үйлерге қарағанда анағұрлым арзан. Мәселен, шаршы метрін 160 мың теңгеден есептеген кезде бір бөлмелі пәтердің құны − 5,5 млн. теңге. Оған қажет бастапқы жарна көлемі − 1 млн. 100 мың теңге. Ең бастысы, байқау өткізген кезде жоғары ұпай жинау. Ол − депозиттің жылдық көрсеткішіне, толықтыру қаржысын уақтылы әрі тиісті мөлшерде салып отыруына байланысты.
Қазір “Жас өркен” шағынауданындағы 202 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй байқауына өтініш қабылданып жатыр. Ол 14 маусымға дейін жалғасады.
Банк маманы Эльмира Баймухамбетова қаржы орталығы 15 мамырдан бастап аралық қарыздың дифференциалды мөлшерлемесін төмендеткені туралы баяндады. Бұрын банк несиесіндегі жылдық мөлшерлеме 7 мен 11 пайыз аралығында болса, бүгінде ол 6-10 пайыз аралығында есептеледі. Аралық қарыздың сыйақы мөлшерлемесі салымшының депозитті жылдап жинауына, оны ұдайы толтырып отыру тәртібіне байланысты. Қорытынды жасау үшін банк бағалау көрсеткішіне (БК) назар аударады. Ол жоғары болған сайын, банктен алатын несиенің мөлшерлемесі де төмендей түседі. Егер “Отбасы банкінің” қаржылай қолдауына жүгінген адам оған бірден тұрғын үй соммасының 50 пайызын салса, несиені 11,5 пайызбен ресімдейді.
Қазақстанда аралық несиені пайдаланатындар көп. Ел бойынша былтыр “Отбасы банкі” арқылы 79872 несие берілсе, соның 68 пайызы аралық несие алушылар екен.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.