Биыл елімізде жеті жүзге жуық білім беру мекемесі оқу жылын аяқтады. Онда 100 мыңнан астам тәрбиеленуші, оқушы және студент білім нәрімен сусындады. Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен мектептердегі оқу жылы 31 мамырға дейін созылды. Одан әрі белгіленген тәртіп бойынша түрлі шаралар ұйымдастырылады.
Сабақтар аяқталған соң, жылдың қорытындысы ретінде сынып сағаттары өтеді. Ондағы көтерілетін негізгі тақырыптар – оқу жылының қорытындысын шығару мен жазғы демалысқа дайындық. Сондай-ақ оқушыларды отансүйгіштікке, бейбітшілікке, достыққа баулу әңгімелері айтылып, қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алып, тағзым етеді. Мектептердің дербес шешімі бойынша биыл оқу жылын жабу салтанаты 1 маусым балаларды қорғау күнін мерекелеу форматында өтеді.
Биыл өңір бойынша негізгі мектеп бағдарламасын, яғни 9-сыныпты 6707 оқушысы аяқтағалы отыр. Мемлекеттік қорытынды емтихандарын 2-13 маусым аралығында тапсырады. Олар төрт емтихан тапсырады. Барлығы жазбаша түрде өтеді.
Оқыту тілі бойынша эссе түріндегі жазбаша емтихан қазақ және орыс тілдерінде – 2 маусымда, математикадан бақылау жұмысы – 6 маусымда, орыс тілінде оқытатын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті бойынша, қазақ тілінде оқытатын сыныптарда орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша жұмыс – 9 маусымда, таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология және т.б.) 13 маусым күні өткізіледі.
Жалпы орта білім беру бағдарламасы бойынша 11-сыныпты биыл 3345 оқушы тамамдағалы отыр. 11-сынып түлектеріне арналған мемлекеттік емтихандар 5-19 маусым аралығында өтеді. Мектеп түлектері бес емтихан тапсырады, оның 4-еуі міндетті және 1-еуі таңдау бойынша. Бес емтиханның төртеуі жазбаша, ал Қазақстан тарихы бойынша емтихан ауызша болады. Емтихандар кестесі белгілі. 5 маусым – қазақ және орыс тілдерінде оқыту тілі бойынша жазбаша емтихан, 8 маусым – алгебра және талдау бастамалары бойынша емтихан жұмысы, 12 маусым – Қазақстан тарихы бойынша ауызша емтихан, 15 маусым – орыс тілінде оқытатын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті бойынша, қазақ тілінде оқытатын сыныптарда орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша жұмыс, 19 маусым – таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология және т.б.) өтеді.
109 түлек – “Алтын белгіден” үміткер. Ал үздік аттестатты 11-сыныптың 200 оқушысы, 9-сыныптың 379 оқушысы алдағы сынақтарда қорғап шығуы керек. Емтихан жұмыстарын мектептердің мемлекеттік комиссиялары, ал “Алтын белгіден” үміткерлердің жұмыстарын облыстың жетекші педагогтары, қоғамдық бірлестіктердің, БАҚ өкілдерінен құралған бірыңғай облыстық комиссия тексереді.
Барлық емтихандардың басталу уақыты бірдей – сағат 10.00-де. Емтихан материалдарын Назарбаев зияткерлік мектептері даярлайды. Емтихан сұрақтары сынақ өтетін күні электрондық форматта әр білім беру ұйымына жеке логині және құпиясөз бойынша жіберіледі.
Емтихандардан кейін 9-сынып оқушылары әрі қарай білім алудың екі бағытын таңдай алады. Олар мектепте жалпы орта білім алуды жалғастыруға құқылы немесе аттестаттың орташа балы негізінде түсу емтихандарынсыз колледждерге құжаттарын тапсыра алады. Мектепте қалып, оқуын жалғастыру үшін 15 тамызға дейін өтініш берулері керек.
Сынақтардың нәтижесінен кейін білім туралы құжаттарды табыстау 20-22 маусым аралығында өздері оқыған мектеп қабырғасында өтеді.
Салтанатты іс-шараларды, сынып сағаттарын, аттестаттарды тапсыру шараларын ұйымдастыру кезінде педагогикалық әдепті сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ата-аналардан іс-шараларды өткізуге, аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, жеке студияларды шақыру үшін қаражат жинауға жол берілмейді. Мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлықтар жасап, қаражат жинауға тыйым салынады.
Мектеп бітіріп, ересек өмірге қадам басқалы отырған 11-сынып түлектері үшін сын сағаты жақындап келеді. Емтихандардан сүрінбей өту және өздеріне ұнайтын мамандық таңдау – түлектердің ғана емес, ата-аналар мен мұғалімдердің де тілегі.
Ұлттық бірыңғай тестілеудің өткізілу ережесіне ерекше тоқталғым келеді. Қазақстандық білім жүйесінде ҰБТ жоғары оқу орындарына түсу үшін қажет. 2021 жылдан бастап ҰБТ барлық қатысушылар үшін тестілеудің әділдігін және ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін компьютерлік форматта өтеді.
ҰБТ тапсыру тәртібіне өткен жылдан бастап бірқатар өзгерістер енгізілді. Тестілеу кезінде “1 тестіленуші – 1 компьютер – 2 камера” қағидаты бойынша талапкерді бақылау үшін тағы бір камера қосылды. Оқуға түсушілер компьютерде орнатылған алдыңғы камералар арқылы адам бетінің көлемдік-кескіндік бейнесін авторизациялаудан өтеді, бұл – бөгде адамдардың қатысуын болдырмау амалы. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін (көру, есту, тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған) тестілеуге қосымша 40 минут беріледі. Шығармашылық емтихан тапсыратын талапкерлер үшін тестілеу уақыты 70 минутқа дейін ұзартылды. Бұрын 65 минут болатын.
19 мамырдан бастап 5 шілдеге дейін Ұлттық бірыңғай тестілеу өтеді. Еліміздің жоғары оқу орындарының білім беру грантын алу үшін ҰБТ-ға қатысу міндетті. 14 мамырда өтініштерді тіркеу аяқталды. ҰБТ-ға қатысуға 2396 түлек немесе 71,6 пайызы (2022 жылы – 73,4%) өтініш берді.
Әрбір түлек ҰБТ тапсыру күнін, орны мен уақытын өздері анықтайды. Түлектер тестілеуді екі рет тапсыра алады және ең жоғары нәтиже бойынша гранттар конкурсына қатыса алады. Анықтама үшін айтар болсақ, 2022 жылы облыста ҰБТ-ға қатысқандардың орташа балы – 74,96, ел бойынша – 67,12 балл.
Ұлттық бірыңғай тестілеу форматы өзгерген жоқ. ҰБТ-ға енген пәндер – оқу сауаттылығы және математикалық сауаттылық бойынша – 15 тапсырма, Қазақстан тарихы бойынша – 20 тапсырма, бейіндік пәндер бойынша – 35 тапсырма болады. Барлығы – 120 тапсырма. ҰБТ қатысушылары 140 балл жинай алады. Тестілеуге жалпы 4 сағат (240 минут) беріледі.
ҰБТ күніне екі рет өткізіледі. Бірінші топ – сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін, екіншісі – сағат 14.30-дан 18.30-ға дейін. ҰБТ нәтижесі тестілеу аяқталғаннан кейін бірден шығады. Өткен жылдың мамыр айынан бастап алынған ұпайлардан басқа, әр талапкерге қателіктер жіберген тақырыптар бойынша жасалған статистика да қолжетімді. Бұл бірінші әрекеттен кейін екінші тестілеуге дайындық кезінде “қиын” тақырыптарды игеруге мүмкіндік береді.Егер тестіленуші ҰБТ нәтижелерімен келіспесе, тестілеу аяқталғаннан кейін бірден, сондай-ақ республикалық апелляциялық комиссия өткізетін апелляцияға электрондық форматта өтініш бере алады.
Өңірімізде екі тестілеу пункті бар. Біріншісі – Петропавл қаласындағы балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының облыстық орталығында, екішісі – Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимка ауылында. Әр пунктте ҰБТ-ны үйлестіру және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссиялар құрылды.
Бүгінде ҰБТ қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өткізуге тартылған мемлекеттік органдарға тиісті хаттар жолданды. Олар – “Қазақтелеком”, “Солтүстік Қазақстан электр тарату компаниясы”, Төтенше жағдайлар департаменті, жол полициясы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы. Тестілеу өткізілетін орындарда ҰБТ-ның барлық кезеңінде, яғни 19 мамырдан 5 шілдеге дейін медицина қызметкерлерінің, психологтардың, құқық қорғау органдары өкілдерінің кезекшілігі ұйымдастырылады. Қоғамдық тәртіп қамтамасыз етіледі.
Тағы бір айта кететін маңызды мәселе – жазғы уақытта балалардың демалысын, сауығуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру. Оқушылар жаз бойы, яғни тоқсан күн жазғы демалыста болады. Үстіміздегі жылы жазғы демалыспен оқушылардың 96 пайызын немесе 67 мың оқушыны қамту жоспарланып отыр. Балалар үшін 265 мектеп жанындағы және 339 бейіндік алаң, 179 шатырлы және киіз үй лагері жұмыс істейтін болады. Балалардың тұрғылықты жері бойынша бос уақытын 83 қосымша білім беру ұйымы және 25 аула клубы қамтамасыз ететін болады. Оқушылар сарайының базасында жазғы академия (2 мың балаға) жұмыс істейді.
Дәстүр бойынша 6 мыңнан астам бала он бір қала сыртындағы лагерьде (барлығы 14 лагерь) демалады, оның ішінде әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 2784 балаға тегін жолдама беріледі. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 92,4 млн. теңге бөлінді.
Демалысқа берілетін жолдаманың орташа құны – 35-тен 65 мың теңгеге дейін. Анықтама үшін айтар болсақ, жолдама құны жеті мемлекеттік лагерьде – 35 мың теңге, “Серебрянный бор” және “Эдельвейс Бурабай” лагерьлерінде – 65 мың теңге.
Ата-аналар жолдамаларды сатып алу үшін өз аудандарындағы және Петропавл қаласындағы білім бөлімдеріне жүгіне алады. Қазіргі уақытта лагерьлерді дайындау бойынша іс-шаралар жүргізілуде. 6 маусымға дейін дайындық жұмысы бітеді. Жазғы маусымның ашылуы 10-17 маусымға жоспарланған. Әр- қайсысы он күнге созылатын бес сауықтыру маусымында демалушыларды қабылдайды. Балалардың демалыс орындарына баруына және орналасуына сыртқы ауаның ортша тәуліктік температурасы кемінде 16 градус болған кезде рұқсат етіледі.
Демалыс айларында балалар қараусыз қалмауы керек. Ата-аналар – олардың қауіпсіздігіне жауапты. Қауіпсіздік ережелерін, әсіресе өртке қарсы ережелерді, су айдындарындағы тәртіпті сақтауды ескергені жөн.
Нәзір ЖӘШІБЕКОВ,
облыстық білім басқармасының басшысы.