Қазақ – ежелден ұрпағының қауіпсіздігі мен саулығына үлкен мән берген халық. Өйткені бүгінгі ұл-қыздар – еліміздің ертеңі, қорғаны. Сондықтан өскелең ұрпақтың жағдайына қазірден мән берген дұрыс. Жаңа буын жас тал сияқты. Еркіңе көндіріп, қалауыңдағыдай етіп өсіруге болады. Балалармен жұмыс істеудің басты ерекшелігі осы. Олар қоғамның әлсіз тобына жататындықтан ерекше қорғауға, қолдауға мұқтаж. Ел тұрғындарының үштен бірі балалар екенін және бұл көрсеткіштің жыл өткен сайын артып келе жатқанын ескерсек, өрендермен жұмыс істеудің қаншалықты маңызға ие екенін байқаймыз.
Біздің еліміз бала құқықтары жөніндегі халықаралық ұйымдармен белсенді жұмыс істеуде. Қазақстан әлемнің өзге мемлекеттері сияқты кәмелетке толмағандардың құқықтары туралы халықаралық маңызды құжаттарға қол қойған. Өткен жылдың “Балалар жылы” ретінде жариялануы бұл жұмыстарға қарқын қосты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша “Балалар жылын” атап өту жоспарына сай 2022 жылы өңірлерде алғаш рет бала құқықтары жөніндегі уәкілдер тағайындалды. Ал өңірімізде бұл лауазым облыс әкімінің бұйрығымен өткен жылдың тамызында енгізілді. Содан бері бала құқықтары жөніндегі аймақтық уәкіл облыс әкімінің кеңесшісі әрі кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасының орынбасарын алмастырып келеді.
Уәкілдің міндетіне бала құқықтары бойынша мемлекет беріп отырған кепілдіктің жүзеге асуына жағдай жасау, құқықтардың мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда сақталуын қадағалау жатады. Әрине оқу орындарының, жеке және заңды тұлғалардың бүлдіршіндердің құқықтарын бұзуына жол бермеу ең басты назарда. Сонымен қатар облыс тұрғындары уәкіл көмегіне жүгініп, арыз-шағымдарын да жолдай алады. Ал мен өз кезегімде жауапты мекемелердің бұл істе әрекетсіз қалмауына, белсенді жұмыс істеуіне ұйытқы болуға тырысамын. Қажет жағдайда уәкілге заң бұзушылықтарды болдырмауға тікелей араласуға және ұсыныстар әзірлеп, бастама көтеруге де уәкілеттік берілген.
Заң бойынша 18 жастан кіші ұл-қыздардың бәрі бала болып есептеледі, оларға мемлекеттік кепілдік беріледі. Білім беру, денсаулық сақтау салаларында бүлдіршіндер мен жеткіншектерге ерекше жағдай жасалған. Олардың өз қалауынша шығармашылықпен, спортпен, ғылыммен айналысуына да жол ашық. Еліміз бойынша халықтың үштен бірі бала болса, өңірде 18 жасқа дейінгі 139 мыңнан астам тұрғын бар. Олардың 74 мыңнан астамы өңір мектептерінде білім алып жүр.
Жоғарыда мен өз қызметімнің бір бағыты халықпен тығыз жұмыс істеп, олардың өтініш-тілектерін жауапсыз қалдырмау екенін атап өттім. Биылғы жылдың басынан бастап маған осындай мәтіндегі 14 өтініш жолданды. Олардың біразы өз шешімін тауып үлгерсе, екеуі қаралып жатыр. Өтініш жолдауға арналған байланыс ақпараты әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған. Хат жолдағандардың көбі медициналық қызметке, тұрмыстық мәселелерге, дәрі-дәрмекпен қамтуға, мемлекеттік органдардың әрекетсіздігіне наразы. Алимент төлеу, мүгедектік беру, асырап алу бойынша құқықтық көмек сұрайтындар да бар. Бұл жұмысты жүзеге асыру үшін Оқу ағарту министрлігінің бейінді комитетімен, қоғамдық ұйымдармен, облыстық кәмелетке толмағандар ісі және бала құқықтары жөніндегі комиссиямен бірлесе жұмыс істеймін.
Бала құқықтары жайлы сөз болғанда оларға қарсы жасалатын қылмыстың алдын алу туралы да айта кету керек. Бір өкініштісі, 4 ай ішінде облыста мұндай 19 қылмыс тіркелді. Оның 8-інде жеткіншектердің жыныстық қысымға ұшырағаны мәлім болып отыр. Бұған отбасы институтының өз күшін жоғалтуы, ғаламтор желісінде зиянды материалдардың таратылуы, ата-аналардың өз міндетіне салғырт қарауы әсер етіп отыр. Бұдан бөлек №4 мектепте орын алған жағдайға байланысты да сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Бүгінде қылмыстың алдын алу үшін мектеп оқушыларының қатысуымен түрлі іс-шаралар өтуде.
Балалардың бәрі бақытты өмірге лайық дегенімізбен, шын мәнінде бәрі олай бола бермейді. Өңірімізде өмірлік қиын жағдайда қалып отырған жеткіншектер аз емес. Ондай жандарға көмек көрсету үшін мектептерде 417 психологиялық қызмет жұмыс істейді. Арнайы инспекторлар олардың бос уақытының, жазғы каникулының қалай өтіп жатқанын қадағалайтын болады. Биылғы наурыз айынан бастап қиын жағдайда қалған балалар үшін мектептен тыс есеп жүргізу қолға алына бастады. Ұлттық білім беру базасында тұрмысы төмен отбасынан шыққандар үшін арнайы статус енгізілді. Деректерге сүйенсек, 233 солтүстікқазақастандық жеткіншек осындай отбасыларда өмір сүріп жатыр. Олардың 150-і мектепке барса, соның жүзден астамы сабақтан тыс түрлі үйірмелерге қатысады. Бүгінде өңірде өмірлік қиын жағдайда қалған балалар үшін 3 орталық жұмыс істейді. Бұл орталықтарда 3-18 жас аралығындағыларға заңға сай көмек көрсетілуде.
Соңғы жылдары ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың ел қатарлы білім алуына ерекше жағдай жасалуда. Облыста осы санатқа кіретін 4397 бала бар. Статистика бойынша балабақшалардың 77, мектептердің 82 пайызында олар үшін қолайлы орта қалыптасқан. Өңірде 21 инклюзия кабинеті жұмыс істейді. 2027 жылға дейін тағы үш арнайы мекеме жұмысын бастамақ.
Өткен 1 жыл ішінде өңірде балалар мен ересектерге арнап түрлі іс-шаралар өткізілді. Солардың ішінде “Сенімен Болашақ” қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған “Ата-ана – ұлттың ұясы” форумы, ата-ана қамқорлығынсыз қалған ерекше балар арасындағы “Шуақты әлем” фестивалі, “Зорлықсыз 16 күн” акциясы өз жемісін берді. Өз басым жастар ұйымдарының балаларға арнап ұйымдастырған шараларына жиі қатысамын. Жыл басында Аққайың ауданында ұрпақ тәрбиесіне арналған облыстық семинар өтті. Ақпанда бала өміріне арналған фильм арнайы мекемелердегі жеткіншектерге көрсетілді. Облыс орталығындағы Аналар үйі де өз мерейтойын атап өтті. Ал балаларды қорғау күні қарсаңында Мағжан Жұмабаев ауданының Полудино ауылындағы балаларды қолдау орталығында болып, сондағы өрендермен кездестім. Сол сияқты балалармен, ата-аналармен, мұғалімдермен кездесулер өткізіп, тренинг, семинарларға тұрақты түрде қатысып келемін.
Балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екені белгілі. Сондықтан біздің алдымызда үлкен міндет тұр. Мен өз алдымда тұрған осы жауапкершілікті түсініп, өз жоспарымды жүзеге асыруға тырысып келемін. Қазіргідей қиын жағдайда жоғарыда көтерілген мәселелерді шешу оңай емес. Ең дұрысы олқылықтардың алдын алып, жолын кесу. Келешекте ешқандай қиындық туындамайтындай етіп жұмыс істеу маңызды. Бізге балалардың қауіпсіздігін бүгіннен ойлау керек. Осы салада өзім сияқты еңбектеніп жүрген әр маман болашақ солтүстікқазақстандық балалардың ертеңі үшін жауапты. Біз бірлесе отырып буллингтің алдын алу, ерекше балаларға білім беру, олардың құқығын қорғау, ұлттық тәрбиені дәріптеу сияқты мәселелерді талқылаймыз. “Әкелер кеңесі”, “Аналар кеңесі” сияқты ұйымдардың ықпалы күшті болса деймін. Бала тәрбиесі мектепте – мұғалімдер, отбасында – ата-аналар және қоғамда мемлекеттік органдар бірлесе жұмыс істегенде ғана бір жолға қойылмақ.
Осы мақсатпен алдағы уақытта аудандарды аралап, кездесулер өткізуді, әлеуметтік қызмет көрсететін арнайы орталықтардың жұмысымен танысуды жоспарлап отырмын. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған, ерекше білім беру қажеттілігі бар бүлдіршіндерді қолдауға арналған шаралар да жалғаса бермек.
Мемлекеттің ең тиімді инвестициясы – балалардың болашағына құйылған қаржы. Бұған мемлекеттен бөлек ата-аналар, кәсіпкерлер де атсалысқаны жөн. Елдегі мыңдаған жауқазындай ұл-қызымыздың бақытты болашағы үшін бәріміз жауаптымыз. Бұл әр ересек адамның көкейіндегі мақсат болса балалар сапалы білім алып, қажетті дағдыларын дамытып, адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіріп, еңбекті сүйіп, бір-бірін құрметтейтін болады. Олар өмірлік жолда адаспай, өз бағытын дұрыс таңдауды үйренеді. Қылмыс пен құқық бұзушылықтың жолы жабылып, жеткіншектеріміздің денсаулығы мен өміріне төнетін қауіп сейіледі.
Сәуле СҰРАҒАНОВА,
Солтүстік Қазақстан облысының бала, отбасы және әйел құқығы жөніндегі уәкілі.