«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Жас ағады жылдардың жанарынан…”

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

Облыс орталығындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдың алдында еске алу шарасы өтіп, жиналғандар ескерткішке гүлшоқтарын қойды. Шараға облыс әкімі Айдарбек Сапаров қатысып, тар заманда жазықсыз құрбан болғандардың рухына тағзым етті.

“Бұл күні еліміздің қасіретті кезеңінде жазықсыз жапа шеккендерге тағзым ету – әр адамның парызы. Бүгінгі ұрпақтың басты мұраты – барлық құрбан болғандардың жеке тарихын зерттеп, әділеттілік орнату. Тоталитаризм мен ашаршылықтың жазықсыз құрбандары туралы естелікті сақтай отырып, еліміздің бірлігін одан әрі бекемдей аламыз”, – деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желідегі парақшасына.

Еске алу шарасына қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары, туған-туыстары, қоғам белсенділері, қала тұрғындары қатысты. Олар ата-бабаларының көрген қиындығы жайлы естеліктер айтып, құрбандарды еске алу үшін 1 минуттық үнсіздік жариялады.

“Тасы тисе тағдырдың тасадағы,

Жас ағады жылдардың жанарынан”, – деп ақын Ғалым Жайлыбай жырлағандай, халқымыздың басына қара бұлт үйірген саяси қуғын-сүргіннің қасіреті әлі жазыла қойған жоқ. Тарихи деректерде асыра сілтеу салдарынан 100 мыңдай адам сотталып, айыпталғандардың төрттен бірі құрбан болғаны жайлы айтылады. Кінә тағылғандардың өздерінен бөлек, отбасы да қуғынға ұшырап, миллиондаған адам азап лагерьлеріне қамалды. Тағдыр тезіне М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқытушысы Бақыт Бегенованың анасы да ұшыраған екен.

– Анамның күйеуі Анас Ілиясов жазықсыз “халық жауы” деп танылып, оққа ұшты. Оның екі қызы жетімдер үйіне түсіп, әйелі айдалып кетті. Анам 1938-1348 жылдар аралығында лагерьде болды. Босап шыққаннан кейін де қиындық көріп тек елуінші жылдары ақталды. Табанынан тозып жүріп, күйеуінің де ақталуына қол жеткізді. Лагерьден кейін жаңа өмір бастап, тұрмыс құрып, мен дүниеге келдім. Мен оның қуғын көргенін есейгенге дейін білген жоқпын, өзі де ашып айта қойған жоқ, – дейді еске алу шарасына қатысқан Бақыт Бегенова.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp