Облыс әкімі Айдарбек Сапаров “Арман” балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болды. Өңір басшысы мекеме ұжымымен кездесіп, орталықта тәрбиеленіп жатқан балғындармен және жасөспірімдермен әңгімелесті.
“Арман” орталығында облыс аудандарынан келген 12 бала қажетті медициналық және психологиялық көмек алуда. Мекеме тәрбиеленушілеріне барлық жағдай жасалған. Балаларға медициналық массаж, физиотерапия жаттығулары сынды қызмет түрлері көрсетіліп, логопед пен психологтың қатысуымен сабақтар өткізіледі. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі өрендердің шығармашылықпен, вокалмен айналысып, спортпен шұғылдануларына мүмкіндіктер қарастырылған.
Ұжыммен кездесу барысында өңір басшысы қызметкерлердің өтініш-тілектерін тыңдады. Мекемеде балаларды тасымалдаумен айналысатын көлік жоқ. Айдарбек Сапаров бұл мәселе алдағы уақытта шешілетінін жеткізді.
– “Арман” балалар орталығына көтергіш механизмі бар арнайы автобус сатып аламыз. Біз ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетуді және олар үшін сапалы инклюзивті орта құруды жалғастыра бермекпіз, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы “Арман” орталығының тәрбиеленушілерін Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап, мерекеге орай мекемеге сенсорлы теледидар сыйға тартты.
Облысымызда осындай 9 медициналық-әлеуметтік мекеме бар екенін атап өткен жөн. Оның 3-еуі Петропавлда орналасқан. Өңірде 25 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар, олардың 2 мыңнан астамының тірек-қимыл аппараты бұзылған.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.