Облыста жаздың аптап ыстығы басталып, өрт қаупі артып келеді. Құтқарушылардың айтуынша, төтенше жағдайлардың 70 пайыздан астамы жеке тұрғын үй секторында тіркеледі. Азаматтық қорғаныс офицерлері рейдтік шараларды жиі ұйымдастыруда.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Рамиль Камаловтың айтуынша, бүгінде өртке қарсы тұру үшін облыста қажетті күштер мен құрал-жабдықтар жеткілікті. Жалпы өртсөндірушілер гарнизонында 175 бірлік автотехника, оның ішінде 89 – негізгі мақсаттағы, 12 – арнайы мақсаттағы, 74 қосалқы мақсаттағы көліктер бар.
– 2022 жылдың соңында республикалық бюджет қаражаты есебінен өрт сөндіру қызметіне АЦ-5-40 өрт сөндіру автоцистерналары бар 4 “КамАЗ-43253” көлігі, “JAC S5” жеңіл жедел автокөлігі, “ГАЗ-27527” өтімділігі жоғары жедел-құтқару машинасы түсті. Бұл техниканың барлығы аудандық өрт сөндіру бөлімдеріне жеткізілген. Оны Ақжар, Уәлиханов, Мамлют және Жамбыл аудандары алды, – деді Рамиль Камалов.
Жергілікті атқарушы органдардың есебінен “КамАЗ” көлігіне жаңа автоцистерна, тіркемесі бар жоғары өтімді құтқару моторлы қайығы, заманауи радиостанция, пневматикалық жастықтар және апаттық-құтқару жұмыстарында пайдаланатын пиротехникалық қайшылар сатып алынды. Материалдық-техникалық базаны нығайту бағытындағы жұмыстар биыл да жалғасады.
“Облыстық бюджет есебінен тіркемесі бар гидроцикл, трансомдық тақтасы бар үрлемелі қайық, сондай-ақ көптеген өрт-техникалық және құтқару жабдықтарын сатып алу жоспарланған. Олардың отызы “Auer” тыныс алу аппараты, оқу-жаттығу мұнарасы, тепловизорлар, – деді Рамиль Камалов.
Осы жылдың бірінші тоқсанында өңірде 109 өрт оқиғасы орын алды. 10 адам қаза тапты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аз. Қызыл жалын келтірген залал 83 пайызға қысқарып, 31 млн. теңгені құрады. Департамент бастығы барлық өрттердің 77 пайызы тұрғын үйлерде болатынын айтады. Қаза тапқан 10 адамның 9-ы жеке секторда тұрған.
– Жергілікті атқарушы органдар, полиция және еріктілер ұйымдары өкілдерінің қатысуымен жеке тұрғын үй секторларында рейдтік іс-шаралар үнемі өткізіліп тұрады. Анықталған заң бұзушылықтар туралы ақпарат жылыту пештерін жөндеуге, электр сымдарын ауыстыруға, газ және түтін датчиктерін сатып алуға және т.б. көмек көрсету үшін жергілікті атқарушы және басқа да мүдделі ұйымдарға жіберіледі, – деді Рамиль Камалов.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.