«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛА КҮЛСІН ШАТТАНЫП…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халықаралық балалардың құқықтарын қорғау күніне орай бірқатар мерекелік іс-шаралар өтіп, оған мыңдаған ұл-қыз қатысып, жаймашуақ жазды көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды. Аталмыш шаралардың ең ірісі Оқушылар сарайында ұйымдастырылды. “Ғылым әлеміндегі балалар” атты фестиваль аясында елуден астам іс-шара өтіп, оларға аудандардан келген 3 мыңнан астам бүлдіршін қатысты.

“Балалық шақтың сиқырлы әлемі” атты концерттен соң түрлі ба­ғыттар бойынша шеберлік сағатта­ры жүргізілді. Ғылымға қызығушы­лар үшін виртуалды ойындар, спорт­тық сайыстар ұйымдастырылып, танымдық материалдар көрсетілді. Зертханаларда түрлі тәжірибелер жасалып, жас зерттеушілер өз қа­білеттерін танытты. Жасөспірімдер де мерекеден шет қалмай өзге өңір­лерден келген ғалымдармен кезде­сіп, өз сұрақтарына жауап алды. Өзге де шығармашылық, ғылыми байқаулар қорытындыланып, жеңі­мпаздарға құрмет көрсетілді.

Қаланың бас алаңында облыс­тық балалар мен жасөспірімдер шы­ғармашылығы орталығының маман­дары мен тәрбиеленушілері концерт қойды. Концерттен бөлек балғындар арқан тартыс, асық ату, көпсайыстан сынға түсіп, ойын ойнады.

– “Бақытты Қазақстан – бақытты балалық шақ” атты концертке об­лыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы және қа­лалық Мәдениет үйінің шығармашы­лық ұжымдары қатысты. Шығарма­шылық орталығының ұйымдасты­руымен “Динамо” стадионында “Бір аспан – бір әлем” атты ұшатын ап­параттар сайысы өтті. Сонымен қа­тар балалар киіз үйде шахмат ой­наудан жарысты. Робототехника бойынша өткен шеберлік сағатына қызығушылар саны аз болмады, – дей­ді облыстық балалар мен жасөс­пірімдер шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі Саян Ермек.

Бүгінде 360 балғын ем алып жат­қан облыстық балалар ауруханасы да мерекеден шет қалған жоқ. Онда өнерлі өрендердің сурет байқауы өтіп, аяғы көңілді шараға ұласты. Қа­лалық кәмелетке толмағандардың істері және құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері де балалар­дың жанынан табылып, олардың қуа­нышына себепші болды. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігері Нұрлан Аймановтың сөзінше, бұл күні балалар таза ауада серуендеп, қалалық Мәдениет үйі дайындаған концертті тамашалаған. Мамандар жұқпалы аурулар бө­лімшесіндегі бүлдіршіндерді жеке құт­тықтапты.

Мереке күні Қызылжар ауданын­да 11 ойын алаңы пайдалануға бе­рілді. Аудан орталығы Бескөл ауылында да ауқымды шара өтіп, осында тұратын бүлдіршіндердің басын қосты. Мерекені асыға күткен балалар сурет салып, ойын ойнады.

– Бүгінгі күн бәріміз үшін керемет өтті. Достарымызбен бас қосып, жа­рыстарға қатыстық, ойнадық. Сурет салу да біз үшін қызық болды. Жаңа ойын алаңы ұнады. Енді жазда осында жиі келіп тұрамыз. Осын­дай мереке ұйымдастырған үлкен­дерге алғыс айтқымыз келеді, – дейді мәз болған жеткіншектер.

Мұндай ойын алаңы облыс ор­талығында да ашылып, қала шетін­дегі жұртшылық қуанышқа кенелді. Жалпы биыл қала бойынша осын­дай 20 алаң мен 30 спорт алаңы салынады деп күтілуде.

Мерекеге орай облыстық қуыр­шақ театрында қойылым сахнала­нып, жас көрермендер ерекше әсер­ге бөленді. Ал арт-орталықта өнер мектебі тәрбиеленушілерінің қатысу­мен концерт өтті. Балалардың бос уақытын пайдалы өткізу үшін облыс­тық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандары қорғаныс құралдарының көрмесін, тәртіп сақшылары жол қауіпсіздігі акция­сын өткізді.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp