«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАПТАЙ БІЛСЕҢ — ЖЕР ЖОМАРТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір диқандары биыл 4 ,5 млн. гектар жерге дәнді дақыл сіңіріп, олардан мол өнім алуды жоспарлап отыр. Мамыр айының басында көктемгі егіске кірісіп кеткен шаруалар бүгінде науқанды аяқтауға жақын. Бидайдың шығымды­лығы, сапасы бірнеше факторға тәуелді болса, соның бірі – тұқымның дер кезінде жерге сіңірілуі. Өңіріміздегі Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы 70 жылға жуық уақыт бойы жергілікті диқандарға әр көктемнің ерекшелігін ескеріп, ұсынымдар беріп келеді. Аталмыш кәсіпорынның басқарма төрағасының өндіріс және ғылым жөніндегі орынбасары Бауыржан Ділдебаев биылғы астық шығымына қатысты болжамын айтты.

– Бауыржан Қайратұлы, біздің оқырмандарымызға алдымен ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының жұмысы туралы айтып берсеңіз.

– Ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы 1956 жылы Аққайың ау­данының Шағалалы елді мекенінде құрылды. Мұндағы мамандар өңір­дің географиялық, табиғи жағда­йы­на, топырағына сәйкес келетін ауыл шаруашылығы дақылдарын селек­циялау және тұқым алу бойынша ғы­лыми зерттеулер жүргізіп, оны өнді­ріске енгізеді. Станция элиталық тұ­қым шаруашылығы мәртебесіне ие. Дәнді, дәнді-бұршақты және майлы дақылдардың тұқымын өндіріп, дән­ді дақыл­дар­дың элиталық тұқымына деген облыстың қажеттілігін 32 пайызға қамтамасыз етіп отыр. Со­нымен қатар дәнді, дәнді-жемшөпті, дәнді-бұршақты, жемшөп дақылдары мен картоптың сорттарын вируссыз негізде алмас­тырумен және сортты жаңартумен айналысады. Біздің станцияда кар­топтың элита­лық тұқымдарын ме­ристема әдісімен вируссыз өндіретін облыстағы жалғыз зертхана орна­лас­қан. Яғни, біз аяқталған ғылыми зерттемелерді өндіріске енгізу, ерек­ше және реп­родукциялық тұқымды көбейтуге баса мән береміз.

– Кәсіпорынның құрылғанына жетпіс жылдан асты. Осы уақыт бедерінде ғылыми тұрғыдан қан­дай жетістіктерге қол жеткізді­ңіз­дер? Станция мамандары бидай­дың жаңа сорттарын шығарумен айналыса ма? Олар қазіргі уақыт­та өңірдің ауыл шаруашылы­ғын­да кеңінен қолданылуда ма?

– 2022 жылы біздің селекционер­леріміз жаздық жұмсақ бидайдың “Семеновна” деп аталатын жаңа сор­тын патенттеді. Бұл сорт біздің станция­ның тәжірибелі се­лекционері, ауыл шаруашылығы ғылымдары­ның кандидаты, ғылыми жұмыс өтілі 37 жылдан асатын Оль­га Семенов­на Гаастың құрметі­не аталған. Қазір ол еңбегінің зейнетін көріп отыр. 2021 жылы жаңа сорт мақұлданып, 80 гектар аумаққа егілді, сол жылы әр гектардан ор­таша 25 центнерден өнім алдық. “Семеновна” сорты орта маусымдық топқа жатады, вегета­ция­лық кезеңі 80-85 күнді құрайды, құрғақшылыққа төзімді, ұзақ уақыт жауын-шашынға және жоғары температураға төтеп бере алады. Жалпы бақылау кезе­ңінде бұл сорт тұрақты түрде жоғары өнім берді. Биыл біз оны 3658 гектар алқапқа егуді жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстар жақын күндері аяқталады.

Солтүстік Қазақстан – еліміздің негізгі астықты өңірлерінің бірі. Біздің бидайымыз әлемдік нарықта жоғары бәсекеге қабілетті екендігін көрсетті, негізгі міндет осыдан танбай, сапалы астықты өндіру бо­лып қала береді. Ол үшін сапалы сорттарды шығару және оны көбей­ту маңызды.

Қызылжардың құбылмалы ауа райына байланысты жаздық бидай сорттарына талап ерек­ше. Жоғары өнімділік, түрлі ауру­лар мен зиян­кестерге төзімділік, бейімделгіш болуы қажет. Өсімдік дамуының барлық кезеңінде құрғақшылыққа төзімді қабілетке ие болуы керек, яғни жаң­бырлы жылдары да, құр­ғақшылықта да жоғары өнім мен сапаны төмен­детпеуі тиіс.

Қазіргі уақытта қазақстандық бидай жоғары сапалы астық ретінде шетелде сұранысқа ие. Осыған бай­ланысты құнды сорттарды шығару­дың өзектілігі артып келеді. Сон­дықтан қазақстандық селекцияның жоғары сапалы астығы мен оны қайта өңдеу өнімдерінің экспорты жыл сайын ұлғаюы тиіс.

– Жалпы біздің облыс жерінің көрші Ақмола, Қостанай облыс­тары алқаптарынан ерекшелігі бар ма? Қызылжар топырағында қандай дақылдар жақсы өседі?

– Солтүстік Қазақстан Ақмола және Қостанай облыстарынан климат­тық жағдайы және топырақ түрі­мен ерекшеленеді. Біздің өңіріміздің ауа райы күрт континенталды, яғни қысы суық, жазы қоңыр салқын. Облыстың аумағы, жалпы жазық болғанына қарамастан, топырақ жамылғысы әртүрлі. Десек те, егіс­тікте қолданылып жүрген алқаптар­дың 80 пайызы қара топырақ.

Вегетациялық кезеңнің термия­лық ресурсы аймақта ерте және орта маусымдық дақылдарды өсіруге мүм­кіндік береді, олар: жаздық би­дайдың жұмсақ және қатты түрлері, күздік қара бидай, жаздық арпа, сұ­лы, тары, бұршақ, қарақұмық, зығыр, картоп, қырыққабат, сәбіз және т. б.

– Соңғы жылдары климат өз­ге­руде. Қыста қақаған аязды, ауылда үйдің төбесіне дейін жететін қарды көрмегенімізге бес-ал­ты жылдың жүзі болды. Бұл өсімдік шаруашылығына әсер ете ме?

– Климаттың өзгергенін әр адам сезініп отырған шығар. Осы фактор­ды ескере отырып, тәжірибе станциясының қызметкерлері жыл сайын өңірде көктемгі егіс жұмыста­рын жүргізу және ауыл шаруашы­лығы дақылдарын өсіру ерекшелік­тері бойынша ұсыныстар шығара­ды. Мамандар ауыл шаруа­шы­лығы жылының агрометеорология­лық ерекшеліктерін көрсетеді, көк­темгі егіс жұмыстарын жүр­гізу жөніндегі іс-шараларды, топы­рақтың агрохи­мия­лық сипатта­ма­сын және тыңайтқыштарды қолдану жүйесін, өндіріске дәл егіншілік тех­нологиясының элементтерін енгізу жөніндегі жұмыс нәтижелерін, қазіргі өнді­рістегі тұқым мен сорттың рөлін алдын ала болжайды. Сонымен қатар біз дәнді, дәнді-бұршақты, май­лы, жемшөп, жарма дақылда­рының көктемгі егу агротехникасын және фитосанитарлық бол­жам, дақыл­дарды зиянкестерден, аурулар мен арамшөптерден қорғау әдістерін, алқаптарды дайындау тех­нология­ла­рын алдын ала бажай­лауға тырысамыз. Жыл сайын ди­қандарға ауыл шаруашылығы да­қыл­дарын егудің оңтайлы мерзімдерін ұсыну да – біздің міндетіміз.

Өнімділікке келетін болсақ, бұл климаттық жағдайларға да, агротехникалық шараларға да, жалпы көп­теген факторға бай­ланысты.

Мәселен, біз шаруашылықтарға биыл міндетті түрде ерте көктемде ыл­ғал жабуға кеңес бердік. Ол ас­тықтың шығымдылығын гектарына 1,8-2,4 центнерге ұлғайтады. Диқан­дарға ерте пісетін, орта маусымдық және кеш пісетін бидайды егу ұсынылды. Өңірде ерте және орта маусымдық сорттар барлық алқап­тың 40-50 пайызын құрауы тиіс, кеш пісетіндерге 5-15 пайыз қалдырған жөн. Шілде айының жауынын тиімді пайдалану үшін кеш пісетін дақыл­дарды 15-22 мамыр аралығында, орта маусымдықты 18-30 мамыр, ал ерте пісетін сорттарды 25 мамыр мен 5 маусым аралы­ғында себуге болады.

Ал өңірде шығымдылығы жоға­ры тиімді сорттар ретінде, күзгі жұм­сақ бидайды алатын болсақ, “Ми­роновская 808”, “Қарабалық 101” сияқ­ты сорттарды, ал жазғы жұмсақ бидайдың ерте пісетін “Степь”, “Қос­танай”, “Континенталь”, “Тәуелсіз­дік”, “Шортанды”, орташа пісетін “Ай­гүл”, “Семеновна”, “Любава”, “Ку­рьер”, “Старт” және тағы басқаларын айтар едім. Қатты бидайдың ішінде біздің өңірде жақсы өнім бе­ре­тіні – “Янтарная 60”, “Қостанай 207”, “Қостанай 15”, “Шарифа”, “Ал­тын дала” және т.б.

Жалпы жақсы өнім алу үшін ғы­лыми дәлелденген егудің оңтайлы мерзімін сақтауды, мүмкіндігінше барлық қажетті агротехникалық ша­раларды өткізуді ұсынамын. Биыл егіс алқаптарында ылғалды сақтау бойынша жұмыстар мерзімінде ат­қарылды. Қазір егін егу науқаны қызу жүріп жатыр. Станция мамандары астық шығымы жақсы болады деп жоспарлауда.

Әңгімелескен

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp