«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Көк тудың желбірегені

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Балуандық – ата-бабамыздан жалғасқан ежелгі өнер. Аты аңызға айналған, жауырыны жерге тимеген қазақ палуандары қаншама?! Ал солардың ізін жалғастырып, боз кілемде ел намысын абыроймен қорғап жүрген бүгінгі балуандарымыз мақтауға да мақтануға да тұрарлық.

Солтүстікқазақстандық Аман­ғали Бекболатов – ел сенімін ақтап жүрген спортшылардың бірі. Жуырда Қырғызстанда өткен ха­лықаралық турнирде жеңіс тұғырынан көрініп, қола жүлдегер атанды. Әр медалі – қажырлы ең­бектің нәтижесі.

Әлемдік аренаға шығып, еліміз­дің абыройын асқақтатып жүрген спортшылардың басты мақсаты – мемлекеттік Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды әуелету екендігі сөзсіз. Аманғали Бекболатов жеңіс тұғы­рына көтерілгенде ерекше сезімде болатынын айтады.

– Әр спортшының басты мақса­ты – ел абыройын асқақтату, қазақ дейтін халық бар екенін таныту, бай­рағыңды көкте желбіретіп, әнұраныңды шырқату. Сондықтан халықаралық жарыстарда алған медальдарымның орны бөлек. Байрақты бә­секелерге қазақ елінің атынан шық­қан соң барымды салып күресемін. Жеңсем спортшы ретінде ел сенімін ақтағаныма қуанамын, – дейді Аман­ғали Бекболатов.

Елін сүйген азаматтың дүйім жұрт­тың алдында, салтанатты түрде елінің көк байрағын иығына жа­мылған кездегі тебіренісін сөзбен айтып жеткізу қиын. Өзің үшін ғана емес, үміт артқан отандас­та­рыңның абыройын асқақтатқаныңа қуанасың. Осындай сезімге бөлену үшін спортшылар күні-түні тер төгіп жаттығады, шыңдалады.

– Шыдамды адам ғана биік шың­ды бағындырады. Қандай қиындық кездессе де, жігеріңді жасытпау ке­рек. Жеңіс – тек қажырлы еңбекпен ғана келеді. Қара терге малынып, күн­діз-түні жаттығу жасамасаң, әлемдік ареналарда жеңіске жете алмайсың. Спортта ұлт намысын қорғау үшін жүргеніңді ұмытпау ке­рек. Сол ой жігерлендіреді, қайра­тыңды арттырады. Елдің қолдауын сезінесің. Бұл сезім әр спортшыны рухтандырады. Намысы бар адам биік белесті бағындырады, – дейді Аманғали Бекболатов.

Балуан 2020 жылдың қатарында Францияда өткен Гран при турнирін­де алтыннан алқа тақты. 2022 жыл­дың сәуір айына Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өткен Азия чем­пио­натында Қазақстан құрамасы­ның қоржынына күміс ме­даль салды. 2023 жылдың ақпан айында Мысыр елінде грек-рим кү­ресінен Ибраһим Мұстафа атындағы рейтингтік турнир­ге қатыстып, алтын жүлдемен оралды. Соңғы додада – Қырғыз­станда өткен турнирде қола жүлде алды. Аманғалидың жеңісті жолы 2010 жылы облыстық чемпионат­тағы күміс жүлдеден бас­талған еді. Содан бері спортшы же­ңіс тұғырынан түспей келеді.

“Елім дейтін ер болмаса, ерім дей­тін ел қайдан болсын”, Қазақ­станның көк байрағын желбіретіп, Әнұранын шырқататын осындай азаматтарды халық мақтан тұтады. Намысты ұлдары бар ел жасампаз.

Ақбота ҚАБДУЛМӘЖІТ,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp