«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТІЛЕГІ ОРЫНДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақжар ауданының тұрғындары мені сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихатқа депутат етіп сайлағаннан кейін өзіме жүктелген сенім үдесінен көрінуді басты мақсат етіп отырмын. Бұл шақырылымға дейін бес жыл халық қалаулысы болған азды-көпті тәжірибеме сүйене отырып, берілген аманатқа қиянат жасамауды абыройлы борыш санаймын.

Иә, ауылдықтарды толғандыратын мәселелер әлі де аз емес. Толғақты проблемаларды тұрғындармен кездесу, көшпелі мәжілістер өткізу барысында жиі талқылап жүрміз. Көшпелі қабылдау бағдарламасы аясында Көбенсай елді мекеніне баруды құп көрдік. Шалғай ауыл тұрғындары сумен жабдықтау желісін салу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы сұрақтар қойды. Оларға 312,5 млн. теңгеге ұзындығы 13,8 шақырым сумен жабдықтау желісінің құрылысы туралы жан-жақты мағлұмат берілді. “Қият құрылыс компаниясы” ЖШС тендерді ұтып алып, шарттарды екіжақты рәсімдеу шаралары атқарылуда. Тұрғындар жұмыстың сапалы орындалуын бақылауға алуды өтінді.

Сонымен қатар қараусыз қалған ғимараттардың ауыл көркін қашырып тұрғанын қынжыла жеткізді. Кезінде бұл нысандарды әлдебіреулер аукционнан тыс сатып алып, әлі күнге дейін пайдаланбаған. Былайша айтқанда, саусағының ұшын да тигізбеген көрінеді. Ауылдық округ әкімінің мәліметінше, қазіргі уақытта оның иелерімен келіссөздер жүргізілуде. Қалпына келтіру, пайдалануға беру, болмаса жергілікті тұрғындарға сату жоспарланған. Бос тұрған бір ғимаратты демалыс орталығына айналдыру көзделгенімен, қаржы тапшылығы қолбай-ау болып отыр.

Мектеп ұжымы білім ошағын қалпына келтіруге қаражат жағынан көмектесуді өтінді. Ғимараттың жай-күйі техникалық тексеруден өтіп, жобалық-сметалық құжат әзірленіпті. Қаржыландыру бойынша мәселені облыстық білім басқармасының құзырына жеткізуді жөн көріп отырмын.

Тұрғындар халыққа медициналық қызмет көрсету сапасының төмендігін қозғады. Шынында да медициналық пункт суық екен, жылу жүйесі жаңалауды қажет етеді. “Жедел жәрдем” көлігі де жоқ. Бұл мәселеге байланысты аудандық аурухананың бас дәрігеріне депутаттық сауал жолдамақпын.

Көбенсай ауылы тұрғындарының барлық өтініштері мен тілектері жазбаша түрде хатталып, тиісті орын басшыларына жеткізілетін болады.

Сайлаушылармен байланыстың түрлері көп. Солардың бірі – азаматтарды жеке қабылдау. Бұл өзін-өзі ақтаған және тиімді жұмыс формасы саналады.

Телжан және Көбенсай ауылдарының тұрғындары қабылдауға жазылып, шешімін таппаған әлеуметтік мәселелерді ортаға салды. Соның бірі – су мұнарасын орнату мен құбыр тарту. Әңгімелесу барысында ақсақалға ауданның бес ауылында “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасының жүзеге асып жатқаны, сумен жабдықтау саласына қаражаттың жеткілікті түрде бөлінгені, конкурстық рәсімдердің де талапқа сай ұйымдастырылғаны түсіндірілді. Фельдшер зейнет жасында, оның орнына келетін болашақ маманға жайлы баспана керек деген алаңдаушылығы да орынды.

Сондай-ақ Телжан ауылындағы стадионға күрделі жөндеу жүргізбей болмайды. Келесі жылы осында аудандық спартакиада ұйымдастыру жоспарланыпты. Телжан – Кішкенекөл жолының да сапасы мәз емес. Телжандықтармен кездесуге менімен бірге “AMANAT” партиясы аудандық филиалының төрайымы Маржан Латыпова, ауылдық округтің әкімі Сәния Өтегенова қатысып, кентішілік жолдарды жөндеу барысы жайлы ақпарат берді. Ауыл бойынша 6,2 шақырым жолды 2023-2024 жылдары қалпына келтіру белгіленген. Биыл оның 4 шақырымы жөнделеді, бөлінген қаражат – 177,3 млн. теңге. Мердігерлік ұйым – “Нұрлы жол” ЖШС.

Ауылдағы футбол алаңында да болдық. Жасанды жабын төсеумен “Bagdar” мердігерлік ұйымы айналысады. Жұмыстар таяу уақытта аяқталмақ.

Орынбасар ЫСҚАҚОВА,

облыстық мәслихаттың депутаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp