«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Экспортқа тыйым – өндіріске тұсау

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірдің орман пайдаланушылары пелет, өнеркәсіптік ағаш жоңқаларын және отын брикеттерін экспорттауға салынған тыйымды алып тастауды сұрады. Өткен жылдың желтоқсан айында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі республикадан ағаштың жекелеген түрлерін, оның ішінде кесілген ағаш қалдықтарынан жасалған өнімдерді экспорттауға тыйым салған болатын. Бұл өнімдер Еуропа елдерінде кең сұранысқа ие. Тыйым салынғалы бері орман пайдаланушылар қалдықтарды жағып, толық қуатында жұмыс істей алмай отыр. Облыстық кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіптік кешен бөлімінің басшысы Ерік Уалиев осы мәселеге тоқталды.

– Өңірімізде жыл сайын ағаш кесу жұмыстарынан жүз мың текше метрден астам қалдық қалады. Ағаш қалдықтары отынның баламалы түрі – пелет пен брикеттерді өндіруде пайдаланылады. Бірақ 2022 жылдың 9 желтоқсанынан бастап ағаштың жекелеген түрлерін елден экспорттауға тыйым салынған. Осылайша бағалы шикізатты кәдеге жаратпай, жағып жатырмыз, – дейді Ерік Уалиев.

Экспортқа тыйым салудың мәні – ағашты ел аумағынан заңсыз әкетуге жол бермеу. Мамандар бұл шешімді дұрыс деп есептейді. Бірақ ағаштың барлық түрлерін экспорттауға тыйым салу ағаш өнеркәсібінің дамуын айтарлықтай тежейді. Сондықтан отынның баламалы түрі – пелет пен брикеттер, өнеркәсіптік жаңқа сияқты ағаш материалдарын тыйым тізімінен алып тастау керек.

“Ахмутдинов” жеке кәсіпкерлігі сегіз жылдан бері пелет өндірумен айналысып келеді. Кәсіпорынның өндірісті ұлғайтуға барлық мүмкіндігі бар. Білікті кадр мен заманауи жабдықтармен қамтылған кәсіпорында шикізат та жеткілікті. Бірақ тыйымның салдарынан арнайы алынған қымбат жабдықтар қаңтарылып тұр.

– Осы жылдың қаңтар айынан бастап жұмысымыз тоқтап қалды. Себебі елімізде пелетке сұраныс жоқ. Ал оны Еуропа елдеріне экспорттауға тыйымның кесірінен сата алмай отырмыз. Сатқан күннің өзінде экспорт көлемі шектеулі. Сондықтан тек 4-5 ай ғана өндіріп, жұмысты тоқтатуға мәжбүрміз,– дейді “Ахмутдинов” жеке кәсіпкерлігінің директоры Сермұхамет Оралұлы.

Кәсіпорын еліміздің пелетке деген сұранысын өтей алады. Алайда ішкі сұраныс тым аз. Біздің елімізде отынның баламалы түрін негізінен супермаркеттер жақсы сатып алады екен. Ал Еуропада қазір оған үлкен сұраныс бар. Өйткені халықаралық санкцияларға байланысты Ресей экспортына шектеу қойылған. Сондықтан қазір өнімнің бұл түрі тапшы. Қазір “Ахмутдинов” жеке кәсіпкерлігі қалдықтардың 40 пайызын ғана пайдаланады, ал қалғанын өртеп жатыр.

– Еуропалық елдердің пелет, өнеркәсіптік ағаш жоңқалары және отын брикеттеріне сұранысы шамамен 6 миллион тоннаны құрайды. Еуропадағы энергетикалық дағдарыстың әсерінен баға үш есе өсті. Қазіргі уақытта отандық кәсіпорындарға Финляндия мен Дания елдерінен жоғарыда аталған өнімдерді жеткізуге бірнеше өтініш түсті. Егер экспортқа салынған тыйым алынса, олар тіпті осы салаға инвестиция салуға дайын. Облысымызда баламалы отынның бұл түрін шығаруға дайын кәсіпорындар жеткілікті, бірақ экспорттық шектеулерге және ішкі сұраныстың өте төмен болуына байланысты олар дамымай отыр, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіптік кешен бөлімінің басшысы Ерік Уалиев.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшылары ағаш өнімдерін экспорттауға рұқсат беру кірісті айтарлықтай арттырып қана қоймай, сонымен қатар саланы дамытуға серпін берер еді деген ойларын айтты. Сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсартуға, салық салу базасын ұлғайтуға, жұмыс орындарының санын арттыруға, ағашты тереңірек өңдейтін кәсіпорындарды ашуға ықпал етеді.

Энергетика нарығындағы қалыптасқан жағдайды ескерсек, отын түйіршіктерінің экспорты Қазақстанның экологиялық таза биоотын өндіру бойынша бәсекеге қабілеттілігін дамытады. Сондықтан сарапшылар отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында Үкіметтен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің “Жекелеген ағаш өнімдерінің экспортын реттеудің кейбір мәселелері туралы” бұйрығының тыйым салу туралы тұсына өзгерістер енгізуді сұрап отыр.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp