«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Қазақстан барысында”өңір намысын қорғайды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы: “Таңғалуға бір-ақ сәт жетеді, ал таңғалдыруға адамның ғұмыры да жетпейді”, – деген екен. Күллі әлем мойындаған балуанның сөзімен келіспеу мүмкін емес. Дүниежүзі елдерінің топырағын басып, көрмеген жерді көріп, белдескеннің жауырынын жер иіскеткен балуанның ізін жалғау­шылар қазір де баршылық. Әзірге әлемді мойындатпаса да, Қызылжар өңіріндегі жанкүйерлерді таңғалдырған Шал ақын ауданының ту­масы Қанат Өмірзақ биыл “Қазақстан барысы” турнирінде облыс намысын қорғайды.

Жасы 29-ға келсе де оны спорт­сүйер қауым биыл ғана жақсы тани бастады. Бұған дейін де талай ел кө­леміндегі додаларда жүлде салған. Бірақ Ішкі істер және Төтенше жағ­дайлар министрліктері қызметкер­лерінің арасындағы сайыстар бол­ған­дықтан, жалпақ жұртқа аса жа­риялана бермейтін.

Шал ақын ауданының Бірлік ауы­лында дүниеге келген Қанат мектеп қабырғасынан күреске әуес болып өскенін айтады.

– Кішкентай кезімнен түрлі ме­рекелерде қазақ күресінен жарыстар­ға қатысатынмын. Бірде жеңіске жетсем, екіншіде жеңілістің кермек дәмін татқан кездерім де болды. Мен мектеп жасынан бастап тек қазақ кү­ресімен ғана айналыстым. Өзге спорт түрлері мені ешқашан қызық­тырған емес, – дейді ол.

Басқа спортқа қызықпауының тағы бір себебі – Бірлік ауылындағы мектепте тек қазақ күресінен ғана үйірме болған екен. Бірақ Петро­павлға қоныс аударса да, сүйікті спортын тастамаған. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы түрлі сындарға қатысып жүрген екен.

Қанат қазір облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағында құтқарушы бо­лып қызмет етеді. Таңдаған кәсібіне адал. Спорттық жарыстарға да қа­тысып тұрады. Күштік құрылым­ қызметкерлері арасында ұйымдастырылатын додаларда өңір на­мысын абыроймен қорғап жүр.

– Жұмысқа орналасарда спорт­тан қол үзетін шығармын деп ойла­ғанмын. Кейін күштік құрылымдар ара­сында түрлі жарыстар өткізі­леті­нін білдім. Осылайша төтенше жағ­дайлар жөніндегі департаменттің атынан сайыстарға қатыса баста­дым. Өңірлік деңгейде чемпион атандым. Өкінішке қарай, республи­када жолым болмай келді. Биыл ғана “Қызылжар арландары” клубы­ның сапында ел деңгейінде өткен бәсекеде жүлдеге іліктім, – дейді балуан.

Қанат үшін биылғы жыл сәтті өтуде. Жерлесіміз алдымен “Дина­мо” қоғамы ұйымдастырған респуб­ликалық турнирде топ жарды. “Са­рыарқа батырлары” республикалық жарысында қола жүлдегер атанса, тұңғыш рет “Қызылжар барысы” са­йысында күміс медальді қанжы­ғасына байлап, “Қазақстан барысы” республикалық турниріне жолдама ұтып алды.

– Жалпы мен “Қызылжар бары­сы” турниріне 2017 жылдан бастап қатысып келемін. Аудандық деңгей­де түрлі жарыстарда жүлделі орын­дарға ие болдым. Бірнеше мәрте облыстық кезеңге де шықтым. Бірақ жолым болмай жүрді. Биыл айым оңынан туып, ақтық сынға дейін жет­тім, – деген Қанаттан Шал ақын ауда­нының тумасы бола тұра неге жа­рыстарға Уәлиханов ауданының атынан қатысып жүргенін сұрадым. “Көптен бері Төлеген Жетпісбаевтың қарамағында жаттығып жүрмін. Ол – қазір қазақ күресінен облыс коман­дасының аға жаттықтырушысы. Та­лай мықты спортшыларды жаттық­тырды. Сондай-ақ Уәлиханов ауда­нында да жұмыс істеді. Бапкерім маған сенім артып, осы ауданның атынан қатысуға ұсыныс жасады. Сөзін жерге тастай алмадым”, – дейді ол.

Бір қызығы биылғы “Қызылжар барысы” турнирінің финалында Уә­лиханов ауданының атынан қатыс­қан екі балуан белдесті. Алтынбек Аусағитов екеуі аудандық жарыста да ақтық сынға шыққан болатын.

– Алтынбекті бұрыннан тани­мын. Биыл онымен екі бірдей фи­налда күрестім. Қос кездесуде де есе жібердім. Соңғы белдесу оңайға түскен жоқ. Тіпті жарақат алып қал­дым, соған қарамастан соңына дейін тырысып бақтым. Жеңілгеніме өкін­беймін, себебі облыстық жарыста фи­налға шыққан екі балуан да “Қа­зақстан барысына” жолдама алдық, – дейді Қанат.

“Қазақстан барысында” алғаш рет қатысқалы отырған Қанат Өмір­зақтың ендігі арманы – елорданың төріндегі финалда Алтынбекпен кез­десіп, есе қайтару. Бұл тілегі орындала ма, жоқ па, уақыт көрсетер.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp