Өңір диқандары биыл 4 ,5 млн. гектар жерге дәнді дақыл сіңіріп, олардан мол өнім алуды жоспарлап отыр. Мамыр айының басында көктемгі егіске кірісіп кеткен шаруалар бүгінде науқанды аяқтауға жақын. Бидайдың шығымдылығы, сапасы бірнеше факторға тәуелді болса, соның бірі – тұқымның дер кезінде жерге сіңірілуі. Өңіріміздегі Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы 70 жылға жуық уақыт бойы жергілікті диқандарға әр көктемнің ерекшелігін ескеріп, ұсынымдар беріп келеді. Аталмыш кәсіпорынның басқарма төрағасының өндіріс және ғылым жөніндегі орынбасары Бауыржан Ділдебаев биылғы астық шығымына қатысты болжамын айтты.
– Бауыржан Қайратұлы, біздің оқырмандарымызға алдымен ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының жұмысы туралы айтып берсеңіз.
– Ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы 1956 жылы Аққайың ауданының Шағалалы елді мекенінде құрылды. Мұндағы мамандар өңірдің географиялық, табиғи жағдайына, топырағына сәйкес келетін ауыл шаруашылығы дақылдарын селекциялау және тұқым алу бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіп, оны өндіріске енгізеді. Станция элиталық тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие. Дәнді, дәнді-бұршақты және майлы дақылдардың тұқымын өндіріп, дәнді дақылдардың элиталық тұқымына деген облыстың қажеттілігін 32 пайызға қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар дәнді, дәнді-жемшөпті, дәнді-бұршақты, жемшөп дақылдары мен картоптың сорттарын вируссыз негізде алмастырумен және сортты жаңартумен айналысады. Біздің станцияда картоптың элиталық тұқымдарын меристема әдісімен вируссыз өндіретін облыстағы жалғыз зертхана орналасқан. Яғни, біз аяқталған ғылыми зерттемелерді өндіріске енгізу, ерекше және репродукциялық тұқымды көбейтуге баса мән береміз.
– Кәсіпорынның құрылғанына жетпіс жылдан асты. Осы уақыт бедерінде ғылыми тұрғыдан қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіздер? Станция мамандары бидайдың жаңа сорттарын шығарумен айналыса ма? Олар қазіргі уақытта өңірдің ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылуда ма?
– 2022 жылы біздің селекционерлеріміз жаздық жұмсақ бидайдың “Семеновна” деп аталатын жаңа сортын патенттеді. Бұл сорт біздің станцияның тәжірибелі селекционері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, ғылыми жұмыс өтілі 37 жылдан асатын Ольга Семеновна Гаастың құрметіне аталған. Қазір ол еңбегінің зейнетін көріп отыр. 2021 жылы жаңа сорт мақұлданып, 80 гектар аумаққа егілді, сол жылы әр гектардан орташа 25 центнерден өнім алдық. “Семеновна” сорты орта маусымдық топқа жатады, вегетациялық кезеңі 80-85 күнді құрайды, құрғақшылыққа төзімді, ұзақ уақыт жауын-шашынға және жоғары температураға төтеп бере алады. Жалпы бақылау кезеңінде бұл сорт тұрақты түрде жоғары өнім берді. Биыл біз оны 3658 гектар алқапқа егуді жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстар жақын күндері аяқталады.
Солтүстік Қазақстан – еліміздің негізгі астықты өңірлерінің бірі. Біздің бидайымыз әлемдік нарықта жоғары бәсекеге қабілетті екендігін көрсетті, негізгі міндет осыдан танбай, сапалы астықты өндіру болып қала береді. Ол үшін сапалы сорттарды шығару және оны көбейту маңызды.
Қызылжардың құбылмалы ауа райына байланысты жаздық бидай сорттарына талап ерекше. Жоғары өнімділік, түрлі аурулар мен зиянкестерге төзімділік, бейімделгіш болуы қажет. Өсімдік дамуының барлық кезеңінде құрғақшылыққа төзімді қабілетке ие болуы керек, яғни жаңбырлы жылдары да, құрғақшылықта да жоғары өнім мен сапаны төмендетпеуі тиіс.
Қазіргі уақытта қазақстандық бидай жоғары сапалы астық ретінде шетелде сұранысқа ие. Осыған байланысты құнды сорттарды шығарудың өзектілігі артып келеді. Сондықтан қазақстандық селекцияның жоғары сапалы астығы мен оны қайта өңдеу өнімдерінің экспорты жыл сайын ұлғаюы тиіс.
– Жалпы біздің облыс жерінің көрші Ақмола, Қостанай облыстары алқаптарынан ерекшелігі бар ма? Қызылжар топырағында қандай дақылдар жақсы өседі?
– Солтүстік Қазақстан Ақмола және Қостанай облыстарынан климаттық жағдайы және топырақ түрімен ерекшеленеді. Біздің өңіріміздің ауа райы күрт континенталды, яғни қысы суық, жазы қоңыр салқын. Облыстың аумағы, жалпы жазық болғанына қарамастан, топырақ жамылғысы әртүрлі. Десек те, егістікте қолданылып жүрген алқаптардың 80 пайызы қара топырақ.
Вегетациялық кезеңнің термиялық ресурсы аймақта ерте және орта маусымдық дақылдарды өсіруге мүмкіндік береді, олар: жаздық бидайдың жұмсақ және қатты түрлері, күздік қара бидай, жаздық арпа, сұлы, тары, бұршақ, қарақұмық, зығыр, картоп, қырыққабат, сәбіз және т. б.
– Соңғы жылдары климат өзгеруде. Қыста қақаған аязды, ауылда үйдің төбесіне дейін жететін қарды көрмегенімізге бес-алты жылдың жүзі болды. Бұл өсімдік шаруашылығына әсер ете ме?
– Климаттың өзгергенін әр адам сезініп отырған шығар. Осы факторды ескере отырып, тәжірибе станциясының қызметкерлері жыл сайын өңірде көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу және ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру ерекшеліктері бойынша ұсыныстар шығарады. Мамандар ауыл шаруашылығы жылының агрометеорологиялық ерекшеліктерін көрсетеді, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу жөніндегі іс-шараларды, топырақтың агрохимиялық сипаттамасын және тыңайтқыштарды қолдану жүйесін, өндіріске дәл егіншілік технологиясының элементтерін енгізу жөніндегі жұмыс нәтижелерін, қазіргі өндірістегі тұқым мен сорттың рөлін алдын ала болжайды. Сонымен қатар біз дәнді, дәнді-бұршақты, майлы, жемшөп, жарма дақылдарының көктемгі егу агротехникасын және фитосанитарлық болжам, дақылдарды зиянкестерден, аурулар мен арамшөптерден қорғау әдістерін, алқаптарды дайындау технологияларын алдын ала бажайлауға тырысамыз. Жыл сайын диқандарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егудің оңтайлы мерзімдерін ұсыну да – біздің міндетіміз.
Өнімділікке келетін болсақ, бұл климаттық жағдайларға да, агротехникалық шараларға да, жалпы көптеген факторға байланысты.
Мәселен, біз шаруашылықтарға биыл міндетті түрде ерте көктемде ылғал жабуға кеңес бердік. Ол астықтың шығымдылығын гектарына 1,8-2,4 центнерге ұлғайтады. Диқандарға ерте пісетін, орта маусымдық және кеш пісетін бидайды егу ұсынылды. Өңірде ерте және орта маусымдық сорттар барлық алқаптың 40-50 пайызын құрауы тиіс, кеш пісетіндерге 5-15 пайыз қалдырған жөн. Шілде айының жауынын тиімді пайдалану үшін кеш пісетін дақылдарды 15-22 мамыр аралығында, орта маусымдықты 18-30 мамыр, ал ерте пісетін сорттарды 25 мамыр мен 5 маусым аралығында себуге болады.
Ал өңірде шығымдылығы жоғары тиімді сорттар ретінде, күзгі жұмсақ бидайды алатын болсақ, “Мироновская 808”, “Қарабалық 101” сияқты сорттарды, ал жазғы жұмсақ бидайдың ерте пісетін “Степь”, “Қостанай”, “Континенталь”, “Тәуелсіздік”, “Шортанды”, орташа пісетін “Айгүл”, “Семеновна”, “Любава”, “Курьер”, “Старт” және тағы басқаларын айтар едім. Қатты бидайдың ішінде біздің өңірде жақсы өнім беретіні – “Янтарная 60”, “Қостанай 207”, “Қостанай 15”, “Шарифа”, “Алтын дала” және т.б.
Жалпы жақсы өнім алу үшін ғылыми дәлелденген егудің оңтайлы мерзімін сақтауды, мүмкіндігінше барлық қажетті агротехникалық шараларды өткізуді ұсынамын. Биыл егіс алқаптарында ылғалды сақтау бойынша жұмыстар мерзімінде атқарылды. Қазір егін егу науқаны қызу жүріп жатыр. Станция мамандары астық шығымы жақсы болады деп жоспарлауда.
Әңгімелескен
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.