«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бағзыдан жеткен билер соты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығындағы жоғары құрылыс-экономикалық коллед­жінде “Өркениет тоғысындағы Шы­ғыс дипломатиясы: Билер соты. Сот төрелігі. Медиация” тақырыбында конференция өтті. Атал­мыш шараны Қазақстан халқы об­лыстық ассамблеясы Қаз дауысты Қазыбек бидің 356 жылдығы ая­сында өткізді.

Мазмұнды шарада Қазы­бек би туралы аңызға бергісіз әңгі­менің тиегі ағытылды. Халқымыз­дың тарихында өшпес із қалдырған Қазыбек би туралы нақты деректер бізге беймәлім. Дегенмен ел ау­зын­дағы әңгіме, аңыздар мен би­ден жеткен шешендік сөздер оның өз заманында білімді, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр, рәміздерін, ата жолы заң­дарын мейлінше мол меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болғандығын айқын аңғартады. Әділдігі мен алғырлығы үшін Қазыбекті Орта жүз­дің бас биі еткен.

Конференцияда осы жөнінде бей­неролик және екі қойылым көр­сетілді. Атақты бидің жас Абылай­ханды жоңғарлар тұтқынынан боса­тылуына ықпал еткені белгілі. Оның ел арасында кеңінен тараған: “Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жат­қан елміз” деп басталатын сөзі әлі күнге дейін бәріміздің көкейімізде сайрап тұр. Осы сөзі арқылы жау­дың шебінде отырып, өзінің дипло­матиялық қабілетін ғана емес, ба­тырлығын да танытқан. Шағын қойы­лым арқылы қазақ елшілігінің құрамында барған бидің қатыгез жоңғар билеушісімен қалай мәмілеге келгені көрсетілді. Сонымен қа­тар жиналған қауымның назарына Қазыбек бидің “Бала дауын” қалай шешкені туралы қойылым да ұсы­нылды.

Колледж студенттері мен оқы­тушылар билер соты, сот төрелігі, медиация сынды үш институттың жұмысын саралап, бүгінгі уақытпен салыстырды. Осылайша қазіргі медиация далалық сот төрелігіне ұқсас екендігіне көз жеткізді.

Кешегі мен бүгінгіні салысты­рып, естіген ақпараттарын ой елегі­нен өткізген жастар билер әділдік құрған заманның оң тұстарына тоқталды. Яғни дауды шешетін адам­ның сайлануы, тараптарды ымыра­ға келтіру жолында құқықтары ғана емес, мүдделеріне де басымдық бе­рілуі, шешімге шағымдану кезінде инстанциялардың болмауы, дәс­түрлі сот жүйесімен салыстырғанда билер соты мен медиацияның жұ­мысы жеделдігімен, қабылданған ше­шімді өз еркімен орындауымен ерекшеленеді.

Жас буын жастар арасындағы ке­ліспеушілікті реттеп, татуластыру үшін студенттік медиацияны пай­далануға болатынын құптады. Кон­ференция соңында белсенді қатыс­ушыларға сертификаттар табыс­талды.

Дана МҰХАМЕТЖАНОВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp