Бір салада қоян-қолтық еңбек етіп, көптің көзайымына айналып жүрген жұптар бар. Олардың әңгімесі үйде де жараса кетеді, жұмыста да ойлары бір жерден шығады. Бір-бірінен бүгіп қалар сыры, жасырып қалар құпиясы жоқ. Екеуі шаңырақта да, түзде де бір-біріне демеу. Отбасылық жауапкершілікті бір сәтке ұмыт қалдырмай, адал көтеріп жүрген осындай отбасы жайлы жазбақпын.
Ерлі-зайыпты Самат Жапаров пен Дина Хәкімқызы азаматтық қорғау саласында қызмет етуде. 20 жылдан астам жұмыс өтілі бар Самат Жапаров бүгінде №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінің командирі, азаматтық қорғау старшинасы. Еңбек жолын қатардағы жауынгерден бастап,аға өрт сөндіруші, содан кейін бөлім командирі болып тағайындалды. Ол осы күнге дейін өзіне сеніп тапсырылған лауазымды абыроймен атқарып келеді. Махаббат айдынында бір-бірін адаспай тапқан серіктер оқыс жағдаймен күресте де иық тіресе еңбек етіп, елдің алғысына бөленіп жүр.
Дина – қорғаныс қызметінің білікті маманы. Ер-азаматтардың өзі баруға қаймығатын осындай салаға бұрымдылардың беттей алатыны сирек. Дана Хәкімқызына осындай ерекше тағдыр бұйырған, төтенше жағдаймен күресте жұбайымен бірге жүрген мыңның бірі десе болатындай. Әрине, оған да бұл жүкті көтеру оңай емесі анық. Бірақ әріптесіміз қиын жұмыс көрсе, морт сынып кететіндердің қатарынан емес. Керісінше, үйде нәзіктігімен, қызметте қайсарлығымен жұртшылықты сүйсінтіп келеді. Жұмысында тұрғындардың қауіпсіздігін күзетсе, үйде шаңырақтың шаттығын асырып отыр. Ата-анасына еріп балалары да облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментке жиі келіп тұрады.
– Біздің міндетіміз – зардап шеккен адамдарды құтқарып, төтенше жағдайды жою. Бүгінде екі бала тәрбиелеп отырмыз, үлкен ұлымыз – Асанәлі өрт сөндіру қызметінде және департаментте өтетін барлық іс-шараларға, эстафеталарға қатысып тұрады. Жұбайым Дина сүйікті жар ғана емес, сонымен қатар менің жауынгерлік досым, – дейді отағасы Самат Таласбайұлы.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобының бас маманы.