Облыс орталығында “Орта білім берудің үздік ұйымы” атты байқау өтті. Облыс әкімінің гранты сарапқа салынған сайысқа 16 білім беру ұйымы қатысты. Оның 13-і – аудан, ал қалғаны – қала мектептері.
– Қатысушылар – аудандық кезеңнен сүрінбей өткендер. Аудандарда 40-50 ұйым сынға түсті. Байқаудың мақсаты – педагогтардың ең үздік тәжірибелерін анықтау және тарату, – дейді білім саласындағы әдістемелік және ақпараттық технологиялар орталығының бөлім басшысы Думан Закирин.
Қойылған талап бойынша қатысушылар өз ұйымының қызметкерлері мен оқушыларының соңғы 3 жылда жеткен жетістіктерін, материалдық-техникалық мүмкіншіліктерін баяндады. Айыртау ауданындағы №2 Саумалкөл мектеп-гимназиясының директоры Мария Ісмағұлованың айтуынша, өзі басқаратын мекеме жыл сайын көркейіп келеді. Оқушылары да жаңа жетістіктермен қуантуда.
– Мектепте 778 оқушы бар. 93 мұғалім еңбек етеді. Конкурс ережесімен таныстық. Барлық 11 талап бойынша сай келеміз. Біздің оқушылар облыстық пәндік олимпиадада топ жарып, республикада жүлделі орындарға ие болды. Білекті оқушыларымыз Франция мен Қырғызстанда көк туымызды желбіретті. Роботатехникадан 2 үйірме бар, – дейді №2 Саумалкөл мектеп-гимназиясының директоры Мария Ісмағұлова.
Байқау қорытындысы тамыз конференциясында жарияланады. Жеңімпазға берілетін жүлде – 56 млн. теңге. Қомақты қаржы мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталады. Жалпы бұл конкурс 2014 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Өткен жылы Бескөлдегі “Парасат” мектеп-лицейі топ жарған еді.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.