«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АРТЫҚ ҒЫЛЫМ – КІТАПТА”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кітаптың құндылығы жайында дана халқымыз “Білімнің бастауы кітап”, – десе, данышпан Абай “Ар­тық ғылым кітапта, ерінбей оқып кө­ру­ге”, – дейді. Ал ұлы драматург Шекс­пир “Кітап маған тақтан да қым­бат” деп, кітаптың құдіретін, оның мәр­тебесін онан әрі асқақтатқан бо­латын. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құ­нанбаев “Интернатта оқып жүр…” де­ген өлеңінде “артық ғылым” деген ұғымды қолданады. Бұл өлеңдегі “артық ғылым” ұғымы “наука” туралы емес, “білім” сөзінің синонимі ретінде қолданылып отыр. Ал бұл кон­тексте “ғылым” сөзі “аз білу” деген сөз­дің антонимі ретінде пайдала­ныл­ған. Абай “артық ғылым” иелері елге пана болар тұлғалар жайлы сөз қозғап отыр. Егер сен осы таңдау­лы­лар арасында болғың келсе, “ерін­бе”, “оқы” деп өсиет айтып кеткен:

Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық білуге.

Артық ғылым – кітапта,

Ерінбей оқып көруге.

Озат адамдардың қатарында болғың келсе, “артық ғылым” керек екенін тілге тиек етеді. Осы жайында 18-ші қара сөзінде: “Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық” дейді.

Бүгінгі таңда кітаптың қадірін түсінетін, кітапқа құрметпен қарай­тын адамдар азайып келеді. Өйткені барлығы ғаламторға үңіліп, әлеумет­тік желінің көмегімен өмір сүріп жатыр.

Абай айтқан “артық ғылымды” кітаптан емес, әлеуметтік желіден іздеп, адамгершілік құндылықтар­дың қадірі кетіп барады. Осы сте­реотипті бұзу мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы ака­демиясының тілдік дайындық ка­федрасы кітап оқу мәселесіне бай­ланысты игі істер атқаруда.

Үстіміздегі жылы 30 наурызда Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми әм­бе­бап кітапхана ұжы­мы­­ның және Ұлттық ұлан академиясы тіл­дік дайындық кафедрасының про­фес­сорлық-оқытушылар құрамы­ның бас­тамасымен қазақ елінің асыл пер­зенті, алты Алаштың ар­дақ­тысы, елінің болашағы үшін жар­қы­рап жанған, күнге ғана табынған, өзі­не ғана бағынған, жүре­гі мен жаны – от, иманы мен ары – от, қай­таланбас тұлғалардың бірі Мағ­жан Жұма­баев­тың 130 жылдығына ар­налған “Мағжан және ұлттық болмыс” ғылы­ми танымдық семинары өтті. Се­минарға академия курсант­тарымен қатар, кітапхана оқырман­дары да қатысты. Ұлттық бояумен нақыштал­ған, жүрекке ерекше рух, бойға қуат беретін Мағжан өлеңдері көрермен­нің рухын көтерді. Курсант­тар ақын­ның терең ойларына бой­лап, өмір­баяны мен шығарма­шы­лығы туралы сыр шертті. Мағжан­ның әсемдік әлемін сөз етіп, елі мен халқына жаса­ған қызметін паш етті. Барлық өлеңдерді Серікбай Олжас пен Ер­болат Арыстан домбырамен сүйемелдеп отырды.

Кеште қазақтың күйлері орында­лып, күй тартыс та көрерменнің жү­регіне жол тартты. Взвод командирі “Мағжан оқуларының” жеңімпазы аға лейтенант Қайыр Балғат та Мағжан өлеңін нақышына келтіріп, мәнерлеп жеткізді. Курсанттарға керемет үлгі болғаны рас. Бейне­фильмдер көрсетіліп, ақынның өмір жолымен толық танысты. Шараға ар­найы дайындалған көрме оқырман көңілінен шықты. Ақын, айтыс ақындары мен жыршы термешілер­дің халықаралық одағының мүшесі, республикалық ақындар айтысының жүлдегері, Ұлттық ұлан академия­сының мұражай бастығы сержант Жұмабек Рахимов пен академия курсанты Нұрхан Абдикалиев Мағ­жанға арнаған өлеңдерін оқырман назарына ұсынды.

Оқырман қауым Мағжанның жауһар жырлары оқылып, поэзия әлеміне сапар шеккендей болды. Қазақтың асыл перзентінің шығар­ма­ларына құрмет көрсетіліп, ақын­ның рухы ұлықталды. Адам жаны­ның сұлулығы мен сыр сымбатын жырлаған, рухты үні мен өрелі сөз­дері оқырман жүрегінен мықтап орын алғаны рас.

Аталмыш шара курсанттар­дың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, сөздік қорларын байы­туға бағыт береді. Мағжандай ақын­ның жауһар жырлары отан­шылдық сезімді нығайтып, ел үшін еңбек ету­ге, елге пана болуға ша­қырады.

Бұдан кейін Ұлттық ұлан акаде­миясы курсанттары облыстық кітап­ханада өткен “Талап қыл артық білуге, Артық ғылым кітапта” оқыр­ман­дар конференциясына қатыс­ты. Курсанттар жыл бойы оқыған кітаптарын талдап, ойларын ортаға салды.

Қазақ, орыс, ағылшын тілде­рінде жазылған бірнеше шығарма талданды. Ілияс Есенберлиннің “Махаббат мейрамы”, М.Шоло­хов­тың “Судьба человека”, Ғ.Мүсіре­повтің “Ұлпаны”, Әзілхан Нұршайықовтың “Махаббат, қызық мол жыл­дар” романы, Б.Момышұлының “За нами Москва. Записки офицера”, Бауыржан Момышұлының келіні З.Ахметованың “Шуақты күндер”, “Бабалар аманаты”, “Теңбіл тіршілік” шығармалары, Э..Казакевичтің “Звезда” повесі, Дж.Бойннің “Маль­чик в полосатой пижаме”, А.Бектің “Волоколамск тас жолы”, Д.Мойестің “До встречи с тобой” шығармасы, О.Уайльдтың ертегілері талданып, туынды туралы толғамды ойларын айтты. Өз ойларын сахналық көрі­ністер арқылы да жеткізе білді. “Көңілге түрлі ой салар” ән мен күй орындалды.

Адамзат тарихында жазу-сызу басталғалы кітап бейне кәусар бұ­лақтай адамдардың руха­ни сусынын қандырып, жанын жа­дыратып келе жатқаны белгілі. Соны­мен бірге кітап – қоғамды дамытатын қуатты құрал ғана емес, кейінгі ұр­паққа өшпес із болып қалар құнды белгі. Адамзат тарихында әр қоғам өзінің құнды­лықтарын кітап арқылы қалдырып отырған.

Шындығына келер болсақ, кітап – таусылмас рухани қазынаның ең негізгі, бастау алар бұлақ көзі. Осыны академияның профессор­лық-оқытушылық құрамы мен кур­санттары жете түсініп, артық ғылым кітапта екенін игі істері арқылы дәлелдеп келеді.

Ақмарал САРКЕНҚЫЗЫ,

Ұлттық ұлан академиясы тілдік дайындық кафедрасының бастығы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp