Петропавлда баласына бес жыл бойы алимент төлемеген тұрғын қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Оның осы аралықтағы қарызы 5 млн. теңгеге жуықтаған.
Облыстық жеке сот орындаушылары аймақтық палатасының мәліметінше, борышкерге қатысты атқарушылық өндіріс 2018 жылы қозғалған. Ол кәмелет жасына толмаған ұлына барлық табысының ¼ шамасында алимент төлеуі тиіс. Алайда борышкер перзенті алдындағы міндетінен құтылуға асығар емес.
“Борышкерге іздеу де жарияладық, барлық мәжбүрлеу шараларын қолдандық. Қазіргі уақытта ол жұмыссыз ретінде есепке алынды. Егер де ол біз ұсынған жұмыстан екі рет бас тартатын болса, оны қылмыстық жауапкершілікке тартамыз”, – дейді облыстық жеке сот орындаушылары аймақтық палатасының жетекшісі Асан Маткәрімов.
Қазіргі уақытта мекеме қарауында 7126 атқарушылық өндіріс бар, олардың 151-і – қасақана алимент төлемеушілер.
“Алимент кемінде үш айдан артық төленбесе, борышкердің мал-мүлкіне, барлық есепшотына тыйым салынады. Борышкер лицензия, рұқсаттар, тіпті жүргізуші куәлігін де ала алмайды және бұрын алынған болса уақытша тоқтатылады. Елден шығуға шектеу қойылады”, – дейді Асан Маткәрімов.
Қазіргі уақытта өңірде 8 мыңнан астам кәмелетке толмаған бала алимент алушы ретінде есепте тұр.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.