Облыс орталығындағы жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде “Өркениет тоғысындағы Шығыс дипломатиясы: Билер соты. Сот төрелігі. Медиация” тақырыбында конференция өтті. Аталмыш шараны Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы Қаз дауысты Қазыбек бидің 356 жылдығы аясында өткізді.
Мазмұнды шарада Қазыбек би туралы аңызға бергісіз әңгіменің тиегі ағытылды. Халқымыздың тарихында өшпес із қалдырған Қазыбек би туралы нақты деректер бізге беймәлім. Дегенмен ел аузындағы әңгіме, аңыздар мен биден жеткен шешендік сөздер оның өз заманында білімді, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр, рәміздерін, ата жолы заңдарын мейлінше мол меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болғандығын айқын аңғартады. Әділдігі мен алғырлығы үшін Қазыбекті Орта жүздің бас биі еткен.
Конференцияда осы жөнінде бейнеролик және екі қойылым көрсетілді. Атақты бидің жас Абылайханды жоңғарлар тұтқынынан босатылуына ықпал еткені белгілі. Оның ел арасында кеңінен тараған: “Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз” деп басталатын сөзі әлі күнге дейін бәріміздің көкейімізде сайрап тұр. Осы сөзі арқылы жаудың шебінде отырып, өзінің дипломатиялық қабілетін ғана емес, батырлығын да танытқан. Шағын қойылым арқылы қазақ елшілігінің құрамында барған бидің қатыгез жоңғар билеушісімен қалай мәмілеге келгені көрсетілді. Сонымен қатар жиналған қауымның назарына Қазыбек бидің “Бала дауын” қалай шешкені туралы қойылым да ұсынылды.
Колледж студенттері мен оқытушылар билер соты, сот төрелігі, медиация сынды үш институттың жұмысын саралап, бүгінгі уақытпен салыстырды. Осылайша қазіргі медиация далалық сот төрелігіне ұқсас екендігіне көз жеткізді.
Кешегі мен бүгінгіні салыстырып, естіген ақпараттарын ой елегінен өткізген жастар билер әділдік құрған заманның оң тұстарына тоқталды. Яғни дауды шешетін адамның сайлануы, тараптарды ымыраға келтіру жолында құқықтары ғана емес, мүдделеріне де басымдық берілуі, шешімге шағымдану кезінде инстанциялардың болмауы, дәстүрлі сот жүйесімен салыстырғанда билер соты мен медиацияның жұмысы жеделдігімен, қабылданған шешімді өз еркімен орындауымен ерекшеленеді.
Жас буын жастар арасындағы келіспеушілікті реттеп, татуластыру үшін студенттік медиацияны пайдалануға болатынын құптады. Конференция соңында белсенді қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Дана МҰХАМЕТЖАНОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.