Ғасырлар қойнауынан көне заманның күмбіріндей бізге жеткен домбыра үні тыңдаушының жүрек қылын шертіп, әсемдік әлеміне жетелейді. Сол киелі өнерді қастерлей ұстап, ел-жұртын ән шәрбатымен сусындату – арқалы әншінің ғана қолынан келетін дүние. Аспандағы аққуға үн қосып, сал-серілер дәстүрін жалғастырған, тыңдасаң мейір қандырар асқақ әнді жанына серік етіп, өмірінің мәніне айналдырған өнер иелерінің бірі – Қызылжар өңірінің перзенті, белгілі әнші және айтыс ақыны Игібай Әлібаев болатын.
Мен ұзақ жылдар бойы Қызылжар өңірінде байланыс саласында қызмет атқарған еңбек ардагерімін. Жасым сексеннен асса да облыс орталығындағы қоғамдық жұмыстардан қал-қадірімше қол үзбеуге тырысамын. Бүгін қолыма қалам алып, ұстазым Игібай Әлібаевтың өмірі мен шығармашылығына тоқталуды жөн көріп отырмын.
Сұрапыл соғыстың зардабы әлі ұмытыла қоймаған 1948 жыл болатын. Мен бастауыш мектепті бітіріп, Совет (қазіргі Аққайың) ауданының орталығындағы Смирново орта мектебінің бесінші сыныбында оқу үшін Маңғұл ауылынан келдім. Бірқабатты, қарағай ағашынан салынған мектеп ғимараты 1939-1940 жылдары бұрынғы Бейнетқор ауданының орталығы болған Шолақ Досжан ауылынан көшіріліп әкеліп орнатылған екен. Мектеп ауласына Смирново маңайындағы ауыл мектептерінен келген балалар жинала бастадық. Бір мезгілде қасымызға емтихан кезінде танысқан Кәрәш (шын аты Қали Мұқатаев) деген бала келіп: “Тілек, сәлем, ана тұрған кісіні танисың ба?” – деп бейтаныс ер-азаматты меңзеді. Мектеп ішіне кірер есіктің дәл алдында 4-5 сатылы тақтай табалдырықтың ең үстіңгісінде орта жастағы, бойы ұзын, денелі, үстіне китель, галифе шалбар, аяғына қара хром етік киген, қою мұртты, қалың қара шашын артына қайырған өте келбетті азамат тұр екен.
Біраз уақыт өткенде әлгі кісі маған қарай жақындап: “Балақай, бері келші! Қандай сыныпқа барушы едің? Атың, фамилияң кім?” – деп сұрады.
– Ағай, менің атым – Тілек, фамилиям – Әбдірахманов, Смирноводан 5 шақырым қашықтықтағы Маңғұл (Мөжікбай) ауылынан келіп тұрмын. Қазақша оқығым келеді, – дедім. Әлгі кісі жүзі жылы, мейірімді адам сияқты көрінді маған.
– Қарағым, Тілек, есімің мағыналы екен, ендеше сен менің жаныма қазақ тілінде бесінші сыныпқа баратындарды жинап әкел, – деді. Мен мектептің спорт алаңына барып, доп қуып жүрген балалардың ішінен бесінші сыныпқа баратындарды іздестіре бастадым.
– Құрметті бесінші “А” сыныбының оқушылары. Мен Игібай Әлібаев деген ағайларың боламын. Сендерге қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беремін әрі сыныптарыңа жетекшілік етемін, – деді ұстазымыз.
Ертеңіне ауылдан Қапез Жанатаев екеуміз таңғы сағат сегізде білім ордасына келдік. Өзіміз оқитын бөлмеге кірсек, лық толы екен. Сығылысып отырдық. Оқу басталып кетті. Сабақ аяқталғанша, оқушылар қатарымызға қосыла берді. Келесі күні сыныпқа балалар сыймай кетті. Оқушылар бүгіндері көбінің жұрты ғана қалған Маңғұл, Көктерек, Айбас, Қызылағаш, Ойшілік, Амангелді, Игілік, Жаңа қоныс, Қаратомар, Еркіндік, Аралағаш, Дайындық, Үшқызыл, Қызыл жұлдыз, Баянды, Үшқұдық, Қарағайлы, Қамыстау, Қанжығалы, Шолақ Досжан, Өрнек, Теңелдік, Үлгі, Үміткер сияқты қазақ ауылдарынан қатынайтын. Оқу жылының бірінші тоқсаны аяқталғанша көптеген оқушылар сабақты тастап, үйлеріне кетіп қалды.
Игібай ағай бізді сынып бөлмесіне кіргізіп, жаңа тоқсанға тыңғылықты дайындалуымызға, жетістіктерге жетуімізге тілектестік білдірді. Екінші тоқсан басталып кетті. А.Игібай ағайымыздың басқа бір мектептің директоры лауазымына тағайындалғанын естідік.
Күндер зулап өтті жатты. ХХ ғасырдың екінші жартысына аяқ бастық. Біз жетінші сыныпты тамамдап жазғы каникулға шыққан бойда ұжымшардың шаруашылығына жазғы жұмыстарға жегілдік. Шілде айының екінші жартысында шөп шабу науқаны басталды. Бір күні бригадир Есмән Нұртазин ағай қос басында түскі үзіліс кезінде “Ертең аудандық клубта концерт болады, Облыстан ақын – әнші-домбырашы Игібай Әлібаев бастаған өнерпаздар келеді екен. Басқарма басшысы Мақан Санбаев барғысы келетіндерге рұқсат берді”, – деді.
Ертеңіне аудандық клубтың маңына көп адам жиналды. Ат, өгіз, сиырға жегілген арбалар қаптап тұр. Жақын ауылдардан көп адамдар келген екен. Сонымен кешкі сағат тоғызда концерт басталып кетті. Клубқа көрермендер сыймай, көбі далада тыңдады, келгендердің ішінде аупартком хатшысы Мәукен Садуов, ауатком төрағасы Сәли Имақов, соғыс ардагерлері Есләм Назаров, Бектұрған Бекенов, Алтын Уәлиева, Қайнолла Ыбыраев, Мұхаметқали Құсайынов, Ғазез Құрманбаев, Майтан Сандыбаев, Сұлтан Ералин, Естәй Құсайынов, Арыстан Ахметов, Әубәкір Ертаев, Шаяхмет Белденов, Шайахым Мырзақанов, т.б. болды. Ауыл азаматтары, Игібай Әлібаевтың алдын көрген шәкірттері Қали Мұқатаев, Қапез Жанатаев, Марат Құрмашев, Бейсембай Шәйкенов, Мағауия Алазов (Социалистік Еңбек Ері), Назым Жақыпов, Қайырбек Малкенов, Шайзарат Тыйыштыбаев концертке арнайы келіпті.
Клуб сахнасына қолында домбырасы бар, қазақша киінген Игібай ағай шығып, көрермендерге иіліп сәлем берді.
– Құрметті қауым, ел басына түскен ауыр күндер артта қалды, бірақ халық көрген қиындық, қайғы-қасірет пен қаралы күндер адам жадынан ешқашан өше қоймас, себебі соғыс өрті шарпымаған отбасын арамыздан кездестіре қою мүмкін емес деп ойлаймын. Сондықтан аз да болса сіздердің көңіл-күйлеріңізді сергіткелі алдарыңызға Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясы ұжымын концерттік бағдарламамен әкеліп тұрмын. Қазақ өнері бар, ән мен күй тоқырамайды, көркейіп жалғаса береді дегім келеді, – деді ол.
Сахнада жас өнерпаздар кезектесіп өз шама-шарқынша біраз ән орындады. Сахнаға Игібай аға домбырасымен шығып “Алатау”, “Жаз күні”, “ Марқакөл”, “Біржан сал ауылында”, “Ертіс әні”, “Алтайға”, “Зайсан”, т.б. халық әндерін орындағаннан кейін өз шығармаларына бет бұрды. “Туған жерім – Айтуар”, “Қазақстан”, “Жырлаймын Отанымды” туындыларын шырқағаннан кейін әйгілі Ақан серінің бірнеше шығармасын және Үкілі Ыбрайдың “Қызыл асығын” орындады. Игібай ағаның терең тыныс, кең қоңыр дауыспен, домбырамен сүйемелдеп отырып, құйқылжыта орындаған әндеріне, сарқылмас дарынымен, шынайы ықылас пейіліне тәнті болған көрермен ұзақ қол шапалақтап, ілтипат көрсетті.
Концерт соңында аупарткомның өкілі Алтын Уәлиева жазғы шаруашылықтың күрделі әрі қауырт кезеңінде жиналған көрерменге, концерттік-шығармашылық маусымын біздің ауданнан бастаған өнер ұжымына, арнайы Игібай Әлібаевқа ерекше ризашылық білдіріп, зор алғысын айтты.
Келесі күні аудандық “Социалистік еңбек” газетінде қалың көрерменнің ризашылығына бөленген Игібай Әлібаев туралы журналист Жоламан ағаның көлемді мақаласы жарық көрді.
Бұл концерттен кейін Игібай ағаймен кездесудің сәті түспеді. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында Бескөл ауылында Сәлтәй Шахметов ағаның үйінде Игібай Әлібаевтың жалғыз ұлы Жалбырды кездестіріп, әңгімелесіп, әкесінің жағдайын сұрастырып, біраз жайтпен таныстым. Соңғы жылдары қалалық, облыстық, республикалық басылымдардан Игібай ағай туралы көп ақпаратқа қанық болдым.
Киелі өнер Әлібайдың отбасына ертеректе қонса керек. Ағайынды Әлібай мен Тәжібай өз замандарында атақты әнші Біржан салдан тәлім-тәрбие алған деседі. Жасынан ауыл молдасынан сабақ алған Игібай өмірдің мағынасы оқу мен білімде екенін біліп, 1921 жылы Қызылжарда ашылған қазақ педагогикалық техникумына түсіп, ойдағыдай бітіріп шығады. Ол өмірінің қырық жылға жуық уақытын шәкірт тәрбиесіне арнады, ұстаздық етті.
Игібай Әлібаев 1936 жылы Мәскеу мен Петербор қалаларында өткен қазақ өнерінің онкүндігіне қатысқан. Осы сапарда сахна шеберлері Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақовтармен танысады. Ол кісілер жас жігіттің дарынын мойындап, шалқыған әндерін тыңдап, қазақ академиялық драма театрына жұмысқа шақырады. Игібай аға біраз жыл театрда өнер көрсетіп, сахна сырын меңгерді.
Ел басына ауыр күн туғанда Игібай Әлібаев замандастарымен бірге соғысқа қатысып, 1944 жылы ауыр жараланып елге оралады. Сол жылдары Қызылжардағы облыстық филармонияда көркемдік жетекші қызметін атқарып, халық өнерін дамытуға бар күш-жігерін сарқа жұмсады.
Қазақтың көрнекті жазушысы Сәбит Мұқанов өзінің “Өмір мектебі” атты романында Игібай Әлібаев жайлы: “Жүрген ортасын ән мен жырға бөлеген, кейінгі әншілерге үлгі болған қызмінезді Игібайды халық мұғалімнен гөрі әншіміз деп шын көңілден құрмет тұтады. Шынында аса шабытпен құбылта шырқаған әсем ән тыңдаушысының өн бойына күш-қуат беріп, мұңын тарқатып, жүрегіне қуаныш ұялататыны мәлім. Осындай әсерлі әнге жанынан шығарған ойлы әндері мен толғаулар қосылса, ұйып тыңдайтын өнер осы болар”, – деп жазды.
Игібай Әлібайұлы ұстаз, әнші ғана емес, суырыпсалма, айтыскер ақын, сазгер, дәстүрлі қазақ сал-серілерінің лайықты жалғасы болатын.
Тілек ӘБДІРАХМАНОВ,
Қазақстан Республикасының құрметті байланысшысы, облыстың құрметті азаматы.