Үкіметтің 2021 жылғы 30 наурыздағы қаулысына сәйкес 7 маусым – монополияға қарсы орган қызметкерлері күні ретінде жарияланған болатын. Еліміздің алғашқы монополияға қарсы ведомоствосы 1991 жылы 7 маусымда құрылды. 1994 жылы Баға жөніндегі комитетпен біріктіріліп, қайта ұйымдастырылды. 2003 жылы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігі деп аталды. 2020 жылы Президентке тікелей есеп беретін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі деген жаңаша атауға ие болды. Оған бәсекелес ортаны қорғау міндеті жүктелді. Бұл экономиканы мемлекет иелігінен алуды, бәсекелестік алаңды өзгертуді, барлық кәсіпкерлер үшін тең мүмкіндіктер жасауды, нарықтарды монополияландыруды тоқтатуды білдіреді.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің жергілікті құрылымы болып табылатын облыстық департамент мемлекеттік монополия саласына жатқызылған қызметті бақылау мен реттеуді, сондай-ақ тауар биржалары саласындағы қызметті мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырады. Өз өкілеттігі шегінде тауар нарықтарында бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша мемлекеттік саясатты, заңнаманың сақталуын реттейді, тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдаланудың алдын алады жояды, жосықсыз бәсекелестікті болғызбайды, жолын кеседі. 2022 жылы әртүрлі тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне, оның ішінде ең өзектілері – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (түйіршіктелген қант, тауық жұмыртқасы, көмір, автокөлікке сұйытылған мұнай газын құю) және тағы басқа қызметтер нарығына 39, агроөнеркәсіптік кешен саласына (қарақұмық жармасы, барлық санаттағы тауық жұмыртқасы мен макарон өнімдерін өндіру және көтерме сату) 8 талдау жүргізді. Сондай-ақ басқа сала нарықтары да (отын сүрегін көтерме және бөлшек саудада сату, санитарлық қызметтер көрсету, скринингтік зерттеулер) талданды. Бүгінгі таңда нарық субьектілерін бәсекелестік ортаға ынталандыратын жағдайлар жасалғанын атап өткен жөн. Өйткені монополияға қарсы орган ескертулерге (“жұмсақ құқық”) жүгіне алады. Ал нарық субьектілері өз кезегінде заң бұзушылықтарды жою және бәсекелестікті қалпына келтіру бойынша міндеттемелерді өз еркімен қабылдай алады. “Жұмсақ құқықтың” негізгі құралдарының бірі – нарық субъектілерінің, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың қызметін реттеу функциялары мемлекет берген ұйымдардың іс-әрекеттеріне (әрекетсіздік) бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзу белгілерінің орын алуы туралы хабарламалар енгізу. Талдаулар нәтижелері негізінде монополияға қарсы орган былтыр 46 хабарлама енгізіп, 44-і толық орындалды. Мұндай жұмыс жүйесі тиімділігін көрсетіп отыр. Мәселен, “Кант-СК” ЖШС және “Козлова Н.А.” ЖК-ға қант бағасын белгілеу мен қолдауда заң бұзушылық бар екендігі ескертіліп, қанттың бағасы тиісінше 333 теңгеден 313 және 316 теңгеге дейін төмендетілді. “Беркат”, “Богатырский продукт “Север” СҮ”, “Петропавл нан-тоқаш комбинаты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде кебек бағасын белгілеу кезінде заң бұзушылық белгілері орын алғаны анықталды. Нәтижесінде бір тонна кебектің бағасы 70000 теңгеден 57000 теңгеге дейін төмендетілді. Осындай жайт “Сұлтан ЭММК” АҚ-да да кездесіп, олқылық түзетілді. “РА” ЖШС медициналық жабдықтарды жеткізуде мемлекеттік сатып алу конкурстарын бұрмалап, картельдік сөз байласуға жол берген. Бұдан бөлек “ЗерноАгроЭксперт” ЖШС-ға қатысты тұқым сараптамасын жүргізу қызметтерін сатып алу бойынша заң бұзушылық фактілері бойынша 2 іс бойынша тергеп-тексеру аяқталып, сотқа жолданды. “Алекра” және “Адель Кус” серіктестіктерінде бірінші санатты тауық жұмыртқасын көтерме бағамен сатуға қатысты 2 тексеру аяқталды. Сот шешімімен аталған кәсіпорындар айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылып, Кәсіпкерлік кодексін бұзуды тоқтату туралы нұсқамалар енгізілді. Әкімшілік жазалар ерікті түрде орындалды.
Департамент құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл аясында тұрақты байланыс орнатқан. Облыстық прокуратураның “Рока”, “Райгаз”, “Промгаз, “Аль-НҰР Газ” ЖШС-ларына қатысты тексерулер жүргізу туралы қаулылары негізінде өңір аумағында автокөлікке сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу бағасын белгілеу мен қолдауда көрсетілген заң бұзушылық белгілері бойынша тексеріс жүргізілді. Нарық субъектілерінен заңсыз алынған монополиялық табыс өндіріліп, әкімшілік жазаға тартылды. Әкімшілік айыппұлдың жалпы мөлшері 132 миллион теңгені құрап, жергілікті қазынаға аударылды.
Кәсіпкерлік кодексінің 195-1-бабына сәйкес бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі шаралар жүйесі монополияға қарсы комплаенс болып табылады. Ол – нарық субъектісі заңнаманың бұзылуын (ықтимал бұзылуын) өз бетінше анықтай алады және оны уақтылы болдырмауға немесе тоқтатуға құқылы. 2022 жылы таксидің ақпараттық-диспетчерлік қызметтерін көрсету, бастапқы тұрғын үйді сату, қантты көтерме сату, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару және көму жөніндегі қызметтерде субъектілердің адал бәсекелестік саясаты мен ережелерін көздейтін монополияға қарсы комплаенстің 11 сыртқы актісі жасалды. Осы бағыттағы кешенді шаралар одан әрі жалғасып, жыл басынан бері нарық субъектілері монополияға қарсы комплаенстің 28 сыртқы актісін рәсімдеді (тауық жұмыртқасы, қарақұмық жармасы, ұн және тағы басқа әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату, отын нарығы субъектілерімен жасалған энергетикалық мәмілелер, ЖЖМ және сұйытылған мұнай газын өткізу). Заң бұзушылықтың алдын алу мақсатында нарық субъектісінің, мемлекеттік органның, жергілікті атқарушы органның лауазымды тұлғаларына ескертулер жіберілді. Соның бірі “Көтерме сауда орталығы” ЖШС басшылығына қатысты. Себебі қала базарларындағы сауда орындарының жалдау ақысы негізсіз көтерілген.
Бәсекелестікті дамытудың негізгі векторларының бірі – мемлекеттің бизнеске араласуын азайту (экономиканы мемлекет меншігінен алу.) Биыл операциялық және жұмыс жоспарларын орындау аясында “Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің муниципалдық телерадиоарнасы” ЖШС, “Карат-Прогноз” ЖШС, “Петропавл қаласының тұрғын үй қызметі” ЖШС (әкімдіктің қаржы басқармасының ақпаратына сәйкес) бәсекелестік ортаға беруге жатады. Осылайша департамент өз жоспары шеңберінде көзделген көрсеткіштерге қол жеткізу үшін барлық шараларды қабылдайтын болады. “Қызылжар су” ЖШС-ның жүзеге асырылатын қызмет түрлерін кеңейтуге және (немесе) өзгертуге байланысты монополияға қарсы органның келісімін алу үшін келіп түскен өтініші қаралып, тауар нарығында бәсекелестік ортаның болуына орай өтінішті қанағаттандырудан бас тартылды.
Монополияға қарсы органның базасында краудсорсингтік алаң болып табылатын тосқауылдар жөніндегі өңірлік кеңес жұмыс істейді. Оның құрамына азаматтық қоғамның, кәсіпкерлер, “Атамекен” ҰКП және монополияға қарсы органның өкілдері тартылған. Отырыстарда бәсекелестікті дамыту үшін кедергілерді жою шаралары талқыланады. Былтыр кеңестің 7 отырысы өтіп, мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнамаға және Кәсіпкерлік кодекске түзетулер енгізу сияқты өзекті мәселелер талқыланды. “OpenSpace” форматында 4 кеңес отырысы ұйымдастырылды.
Мәрлен ХАМЗИН,
бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі облыстық департаментінің басшысы.