Отандық фермерлер бүгінгі күнге дейін тыңайтқыштарды субсидиялауға 13251 өтінім берген. Өңірлердің ауыл шаруашылығы басқармаларында 9027 өтінім бар, 2040 өтініш қабылданбады, ал 7,5 млрд. теңге сомасына 2184 өтінім мақұлданды және тиісті сома төленді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, бұған дейін “gosagro.kz” порталында өтінімдердің үштен бірі қабылданбады. Мемлекеттік қолдаудан бас тартудың негізгі себебі бекітілген субсидиялау қағидаларына сəйкес 2023 жылы 1 қаңтарда күшіне енген агрохимиялық картограммалардың болмауы, сондай-ақ алқаптарды цифрландырудағы қиындықтардың туындауы.
Солтүстік аймақтармен салыстырғанда оңтүстікте шағын егістік алқаптары бар фермерлер басым. Бұл мəселені шешу үшін салалық ведомство 2023 жылы 25 сəуірде жоғарыда аталған қағидаларға агрохимиялық картограммаларды пайдалану жөніндегі талапты алып тастау бойынша түзетулерді бекітті, сондай-ақ 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін “Қазақстан Ғарыш Сапары” ҰК” АҚ-ы арқылы егістіктерді цифрландыруды кейінге қалдыру ұсынылды.
Белгіленген мерзімге дейін фермерлер осы егістіктерді құқық белгілейтін құжаттарға сəйкес міндетті түрде түзетуі қажет екенін атап өткен жөн. Тиісті кестені Ауыл шаруашылығы министрлігі “Қазақстан Ғарыш Сапары” ҰК” АҚ-мен бірлесіп дайындап жатыр. Сондай-ақ субсидияларды алуға облыс əкімдіктерінің тыңайтқыштарды субсидиялау тізбелері мен нормалары туралы тиісті қаулыларының болмауы кедергі болды.
Жергілікті атқарушы органдар нормативтерді тек наурыз айынан бастап, мамырға дейін бекіте бастады. Атап айтқанда, Атырау облысында қаулы осы күнге дейін қабылданған жоқ. Өңірлік əкімдіктің ақпараты бойынша құжат жақын арада бекітілетін болады. Жалпы тыңайтқыштарды субсидиялауға өтінімдерді беру “gosagro.kz” порталы арқылы толық автоматтандырылған, деректерді “қолмен” енгізуге жол берілмейді. Бұл мемлекеттік қолдау кезінде адами факторды болдырмайды, яғни бюджет қаражатын тиімді жəне ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар үкімет қаулысымен тек өндірушілер ғана экспорттай алатын тыңайтқыштардың жекелеген түрлерінің тізбесі бекітілді. Бұл шара осы өнімді ел аумағынан шығаруға тосқауыл қою және отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау мақсатында қабылданып отыр. Аталған норма фермерлерге аса қажет аммоний нитраты және аммофос сияқты тыңайтқыштар түрлеріне қатысты. Ішкі нарықты, әсіресе, көктемгі егіс маусымы кезінде осы тыңайтқыштармен қамтамасыз ету маңызды, бұл мақсатпен Үкімет олардың құнын 50 пайыз көлемінде субсидиялайды.
Абай АЙМАҒАМБЕТ.