Диас Аяған
“Елім-ай” дастанының 300 жылдығына орай Түркістанда конференция өтті
Қазақ өмірінің шежіресіне айналып, әдебиетіміздің “Иллиадасы” атанған Қожаберген жыраудың “Елім-ай” тарихи дастанының дүниеге келгеніне биыл 300 жыл толып отыр. Туындыда ұлтымыздың бес ғасырлық тарихы баяндалады. “Елім-ай” әсіресе “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” жылдарынан хабар беруімен құнды. Биыл аталған мерейтой Үкімет қаулысы негізінде ел көлемінде аталып өтілуде. Оған сай елордада, жыраудың туған жері Қызылжарда бірқатар мәдени шаралар жоспарланған. Киелі Түркістан төрінде де туындыға арналған ауқымды конференция ұйымдастырылды.
Түркістандағы шараға қатысушы қауым алдымен Қаратау бауырына жиналып, туындыға арналған ескерткіштің салтанатты ашылуына куә болды. Арнайы белгінің осы жерге орнатылуы да тегін емес. Ақын жырындағы қаралы көш дәл осы Қаратаудың басынан басталған. Ескерткіште “Елім-ай”-дан үзінді қашалып жазылып, жыраудың өмірі мен дастаны жайлы мәлімет берілген.
– Қарт қаратау бауыры әлі де сол бір қиын кезеңнің құпиясын бауырына басып жатқандай. Қожабергеннің “Елім-ай” дастаны ел басындағы сол қасіретті дәл жеткізген. Сондықтан біз осыған орай арнайы ескерткіш орнату керек деп таптық. Ұзақ жылдар “Елім-ай” халықтық туынды саналып келді. Алайда ғалымдарымыз оның даңқты қолбасшы, дауылпаз жырауға тиесілі екенін растап отыр. Қожаберген жоңғар жапқыншылығына қарсы бас көтерушілердің бірі бола жүріп, өзі көрген оқиғаларды жырлап өткен, – дейді шараға ұйытқы болған “Жеті жарғы және Қожаберген жырау” халықаралық қорының төрағасы Бекет Тұрғараев.
Кейін Түркістан қаласында Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастырумен жыраудың 360, “Елім-ай” дастанының 300 жылдығына орай конференция өтті. Жиын қонақтарын облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев құттықтады. Ол өз сөзінде жырдың қазақ тарихындағы орнына тоқталып, бабалар есімін жаңғыртудың маңыздылығы жайлы айтты.
Конференцияға келген құрметті қонақтардың арасында қазақ руханиятының абыз ақсақалы Асанәлі Әшімов те бар. Шара барысында ол Қожаберген жырау жайлы толғанысын жеткізді.
– Өткен тарих бәрімізге мәлім. “Елім-ай” – Ақтабан шұбырындының ұраны болып, гимніне айналған туынды. Оның үш жүз жыл бойы ел жадында жасап келе жатқанының өзі шығарманың ұлылығын көрсетеді. “Елім-айдың” сөзі мен әні бір-бірімен қыбысып, үндесіп жатыр. Меніңше бұл мемлекеттік әнұран болуға да лайық, – дейді Асанәлі Әшімов.
Келмеске кеткен кеңес заманы тұсында:
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Ел-жұртынан айырылған жаман екен,
Екі көзден мөлтілдеп жас келеді, – деп басталатын “Елім-ай!” әні халықтікі деп айтылып жүрді. Әйтсе де ол әннің сөзі мен әуенінен қилы бір замандағы халқымыздың бастан кешкен оқиғасы, сай-сүйегіңді сырқырататындай мұңы мен зары, қайғы-қасіреті сезілетін. Бертін келе халық ауыз әдебиетінің мұраларын жинаушылардың, әдебиетші және тарихшы ғалымдардың ыждаһатты зерттеулерінің арқасында оның авторы XVII-XVIII ғғ. өмір сүрген Қожаберген жырау Толыбайұлы екені белгілі болды. Жыраудың “Елім-ай!” әні ғана емес, осы аттас үлкен тарихи дастаны, тағы да “Күлдірмам-ай”, “Қойлыбай көреген”, “Қарасары Болат керей”, “Соқыр абыз”, “Баба тіл”, “Жеті Жарғы”, “Қабанбай батыр”, “Ер Көкше”, “Асан ата”, “Ер Қосай”, “Ер Жәнібек”, “Қорқыт баба”, “Ер Едіге”, “Орақ батыр” және т.б. ондаған құнды әдеби шығармалары табылды.
Конференция барысында осы тақырып төңірегіндегі терең ізденістер мен тың мәліметтерден тұратын баяндамалар жасалып, жарыс-сөз ұйымдастырылды. Сондай-ақ ұсыныс-пікірлер айтылды. Бабалар есімін жаңғырту, ұлы тұлғаларды ұрпақ санасына сіңіру мақсатындағы шара қонақтары тереңінен ой қозғап, көрермен қауым тың мәліметтерге қанық болды. Сөз алғандар Түркістанның рухани орталыққа айналып келе жатқанына да тоқталды.
– “Жеті жарғы” біздің бағзыдан келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыздың қатталған нұсқасы. Сол заманнан келе жатқан конституциямыз – “Жеті жарғы”. Ал Қожаберген осы заңдарды жазуға қатысып, еліміздің ертеңін айқындауға атсалысты, – дейді ақын, Түркі халықтары Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
“Елім-ай” дастанын жырау алпыс жасында шығара бастаған екен. Онда сол кезеңдегі ірі саяси оқиғалар, өзгерістер, ел басына төнген нәубет жылдар жайлы баяндалады.
Ақтабанда селдей аққан қазақтың жасы бүгінде құрғағанмен, жүректегі жара әлі сыздайды. Ал “Елім-ай” туындысы сол қасіреттің мәңгілік ескерткіші іспеттес.
Қожаберген өмірін зерттеген академик Манаш Қозыбаев жырдың 3683 шумақтан, 14732 жолдан тұратынын жазады. Ат үстінде жүріп осындай көлемдегі шығарманы жазу тек елдің жүрегіне үңіліп, халқымен мұңдас болған адамның ғана қолынан келмек. Қожаберген Толыбайұлы осы міндетін адал орындап, тек ерлік істерімен ғана емес, тарихи туындыларымен де ел есінде қалды. Бір өкініштісі “Елім-айдың” елмен қауышуына тек соңғы 20-30 жылда ғана мүмкіндік туды. Бұл тақырып тек 2000 жылдары ғана терең зерттеле бастады. Социалистік реализм дәуірлеп тұрған кезде Қожаберген есімі ұмыт бола жаздады. Оның шығармалары да көпке дейін баспа бетін көрмей, ғылымдағы даулы мәселелердің бірі болып келді. Десе де қазақ жады берік халық қой. Қожаберген есімі жоғалмай, осы күнге аман жетті.
Түркістан төрінде өткен шараға профессор Тілектес Есболов, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дария Қожамжарова, академик Өмірзақ Озғанбаев, Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Аманжол Күзембайұлы, филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбек, Шымкент педагогикалық университетінің ректоры Гүлжан Сүгірбаева сынды ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысып, баяндамалар жасап, сөз сөйледі. Аталмыш шараға өңірімізден жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменов пен ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Кемел Оспанов қатысты.
Айтулы шара аясында “Жеті жарғы және Қожаберген жырау” халықаралық қоғамдық қайырымдылық қоры ұйымдастырған республикалық “Елім-ай” жыры және Қожаберген батыр – Қазақ елінің намыс пен ерлік айнасы” атты жыр мүшәйрасын қорытындыланды. Жыр додасына ел бойынша 32 ақын қатысқан екен. Ондағы жолданған өлеңдердің бәрі алдағы уақытта конференция материалдарымен бірге кітап болып жарық көрмек. Мүшайра нәтижесі бойынша қазылар алқасының шешімімен Иранбек Оразбаев бас жүлде иегері атанды. Көкбөрі Мүбәрак І-орынды еншілесе, Үмітбек Бағдат ІІ-орынды, Нұрбек Кеңесбай мен Әлібек Азамат ІІІ-орынды иеленді. Ал Дәурен Тілеухан ынталандыру сыйлығымен марапатталды.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.