«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ ШЕЖІРЕСІ

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

“Елім-ай” дастанының 300 жылдығына орай Түркістанда конференция өтті

Қазақ өмірінің шежіресіне айналып, әдебиетіміздің “Иллиадасы” атанған Қожаберген жыраудың “Елім-ай” тарихи дастанының дүниеге келгеніне биыл 300 жыл толып отыр. Туындыда ұлтымыздың бес ғасырлық тарихы баяндалады. “Елім-ай” әсіресе “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” жылдарынан хабар беруімен құнды. Биыл аталған мерейтой Үкімет қаулысы негізінде ел көлемінде аталып өтілуде. Оған сай елордада, жыраудың туған жері Қызылжарда бірқатар мәдени шаралар жоспарланған. Киелі Түркістан төрінде де туындыға арналған ауқымды конференция ұйымдастырылды.

Түркістандағы шараға қатысу­шы қауым алдымен Қаратау бауы­рына жиналып, туындыға арналған ескерткіштің салтанатты ашылуы­на куә болды. Арнайы белгінің осы жер­ге орнатылуы да тегін емес. Ақын жырындағы қаралы көш дәл осы Қаратаудың басынан бастал­ған. Ес­керткіште “Елім-ай”-дан үзінді қа­шалып жазылып, жырау­дың өмірі мен дастаны жайлы мәлі­мет бе­рілген.

– Қарт қаратау бауыры әлі де сол бір қиын кезеңнің құпиясын ба­уырына басып жатқандай. Қожабер­­ген­нің “Елім-ай” дастаны ел басын­дағы сол қасіретті дәл жеткізген. Сон­дық­тан біз осыған орай арнайы ескерт­кіш орнату керек деп таптық. Ұзақ жылдар “Елім-ай” халықтық туынды саналып келді. Алайда ға­лымдары­мыз оның даңқты қолбас­шы, дауыл­паз жырауға тиесілі екенін растап отыр. Қожаберген жоң­ғар жапқын­шылығына қарсы бас көтерушілер­дің бірі бола жүріп, өзі көрген оқи­ғаларды жырлап өткен, – дейді шара­ға ұйытқы болған “Жеті жарғы және Қожаберген жырау” халықаралық қорының төрағасы Бекет Тұрғараев.

Кейін Түркістан қаласында Түр­кістан облысы әкімдігінің ұйымдас­тырумен жыраудың 360, “Елім-ай” дастанының 300 жылдығына орай конференция өтті. Жиын қонақта­рын облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев құттықтады. Ол өз сөзінде жырдың қазақ тарихындағы орнына тоқталып, бабалар есімін жаңғыртудың маңыздылығы жайлы айтты.

Конференцияға келген құрметті қонақтардың арасында қазақ руха­ниятының абыз ақсақалы Асанәлі Әшімов те бар. Шара барысында ол Қожаберген жырау жайлы толғанысын жеткізді.

– Өткен тарих бәрімізге мәлім. “Елім-ай” – Ақтабан шұбырынды­ның ұраны болып, гимніне айналған туын­ды. Оның үш жүз жыл бойы ел жадында жасап келе жатқаны­ның өзі шығарманың ұлылығын көрсете­ді. “Елім-айдың” сөзі мен әні бір-бі­­рі­мен қыбысып, үндесіп жа­тыр. Ме­ніңше бұл мемлекеттік әнұран болу­ға да лайық, – дейді Асанәлі Әшімов.

Келмеске кеткен кеңес заманы тұсында:

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Ел-жұртынан айырылған жаман екен,

Екі көзден мөлтілдеп жас ке­ле­ді, – деп басталатын “Елім-ай!”­ әні ха­лықтікі деп айтылып жүрді. Әйтсе де ол ән­нің­ сөзі мен әуенінен қилы бір­ замандағы халқымыздың бас­тан кешкен оқиғасы, сай-сүйе­гіңді сыр­қы­рататындай мұңы мен зары, қай­ғы-қасіреті сезілетін. Бертін келе ха­лық ауыз әдебиетінің мұра­ларын жи­наушылардың, әдебиетші және та­рих­шы ғалымдардың ыждаһатты зерт­теулерінің арқасында оның ав­торы XVII-XVIII ғғ. өмір сүрген Қож­аберген жырау Толыбайұлы екені белгілі болды. Жыраудың “Елім-ай!” әні ғана емес, осы аттас үлкен та­рихи дастаны, тағы да “Күлдірмам-ай”, “Қойлыбай көре­ген”, “Қарасары Болат керей”, “Со­қыр абыз”, “Баба тіл”, “Жеті Жарғы”, “Қабанбай ба­тыр”, “Ер Көкше”, “Асан ата”, “Ер Қо­сай”, “Ер Жәні­бек”, “Қорқыт баба”, “Ер Едіге”, “Орақ батыр” және т.б. он­даған құнды әдеби шығармалары табылды.

Конференция барысында осы та­қырып төңірегіндегі терең ізденіс­тер мен тың мәліметтерден тұра­тын баян­дамалар жасалып, жарыс-сөз ұйымдастырылды. Сондай-ақ ұсы­н­ыс-пікірлер айтылды. Бабалар есі­мін жаңғырту, ұлы тұлғаларды ұрпақ санасына сіңіру мақса­тын­дағы шара қонақтары тере­ңінен ой қозғап, көрермен қауым тың мәлі­мет­терге қанық болды. Сөз алған­дар Түркістанның рухани ор­талыққа айналып келе жатқанына да тоқ­талды.

– “Жеті жарғы” біздің бағзыдан келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұр­пы­мыз­дың қатталған нұсқасы. Сол заманнан келе жатқан конститу­циямыз – “Жеті жарғы”. Ал Қожа­берген осы заңдарды жазуға қаты­сып, еліміздің ертеңін айқындауға атсалысты, – дейді ақын, Түркі ха­лықтары Жазушылар одағының төра­ғасы Ұлықбек Есдәулет.

“Елім-ай” дастанын жырау ал­пыс жасында шығара бастаған екен. Онда сол кезеңдегі ірі саяси оқи­ға­лар, өзгерістер, ел басына төнген нәубет жылдар жайлы баяндалады.

Ақтабанда селдей аққан қазақ­тың жасы бүгінде құрғағанмен, жү­ректегі жара әлі сыздайды. Ал “Елім-ай” туындысы сол қасіреттің мәңгілік ескерткіші іспеттес.

Қожаберген өмірін зерттеген ака­демик Манаш Қозыбаев жыр­дың 3683 шумақтан, 14732 жолдан тұра­ты­нын жазады. Ат үстінде жү­ріп осын­дай көлемдегі шығарманы жазу тек елдің жүрегіне үңіліп, хал­қымен мұңдас болған адамның ғана қолынан келмек. Қожаберген Толы­байұлы осы міндетін адал орындап, тек ерлік істерімен ғана емес, тарихи туындыларымен де ел есінде қал­ды. Бір өкініштісі “Елім-айдың” ел­мен қауышуына тек соңғы 20-30 жыл­да ғана мүмкіндік туды. Бұл тақырып тек 2000 жылдары ғана терең зерттеле бас­тады. Социалистік реа­лизм дәуір­леп тұрған кезде Қожа­берген есімі ұмыт бола жаздады. Оның шығар­малары да көпке дейін баспа бетін көрмей, ғылымдағы дау­лы мәселе­лердің бірі болып келді. Десе де қазақ жады берік халық қой. Қожа­берген есімі жоғалмай, осы күнге аман жетті.

Түркістан төрінде өткен шараға профессор Тілектес Есболов, фи­лология ғылымдарының докторы Се­рік Негимов, тарих ғылымда­рының докторы, профессор Дария Қожам­жарова, академик Өмір­зақ Озғанбаев, Қостанай мемлекеттік педагоги­калық университетінің про­фессоры Аманжол Күзембайұлы, филология ғылымдарының докто­ры Құлбек Ер­гөбек, Шымкент педа­гогикалық уни­верситетінің ректоры Гүлжан Сүгір­баева сынды ғалым­дар мен қоғам қайраткерлері қаты­сып, баяндама­лар жасап, сөз сөй­леді. Аталмыш шараға өңірімізден жазушы-журналист Жарасбай Сү­лейменов пен ішкі саясат басқар­масы басшы­сы­ның орынбасары Кемел Оспанов қа­тысты.

Айтулы шара аясында “Жеті жарғы және Қожаберген жырау” ха­лықаралық қоғамдық қайырым­дылық қоры ұйымдастырған респуб­­ли­калық “Елім-ай” жыры және Қожа­берген батыр – Қазақ елінің намыс пен ерлік айнасы” атты жыр мүшәй­расын қорытындыланды. Жыр до­да­сына ел бойынша 32 ақын қатыс­қан екен. Ондағы жол­данған өлең­дердің бәрі алдағы уа­қытта конфе­ренция материалда­рымен бірге кі­тап болып жарық көрмек. Мүшайра нәтижесі бойынша қазылар алқасы­ның шешімімен Иранбек Оразбаев бас жүлде иегері атанды. Көкбөрі Мүбәрак І-орынды еншілесе, Үмітбек Бағдат ІІ-орынды, Нұрбек Кеңесбай мен Әлібек Азамат ІІІ-орынды ие­ленді. Ал Дәурен Тілеухан ынталан­дыру сыйлығымен марапатталды.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp