Цифрлық технологиялар, интернеттік орта мен әлеуметтік желілер арқылы қоғамдық пікірге мониторинг жүргізу аса маңызды. Осы ретте Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаменті мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру үшін БАҚ пен әлеуметтік желілердегі материалдарға мониторинг жасайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желілердегі жұмыстың маңыздылығын атап өткен болатын. Бүгінгі таңда әлеуметтік желілер халықпен кері байланыс орнатудың тиімді алаңы болып отыр.
Түрлі әлеуметтік алаңдарға мониторинг жүргізу азаматтардың қоғамдық-саяси бастамаларға көзқарасын нақты бағалауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік желілерді үнемі бақылау арқылы азаматтардың белгілі бір мәселеге қатысты наразылығын білуге болады. Айта кету керек, халықтың әлеуметтік желілердегі көптеген жарияланымдары қандай да бір мәселеге сілтеме жасайды. Сол арқылы экономикалық, әлеуметтік және басқа да сипаттағы түйіні тарқатылмаған мәселені білуге болады. Мұндай өтініштер мен шағымдарды шешу көбінесе билік органдарының құзыретіне жатады. Азаматтар жеке немесе топтасқан әлеуметтік желі аккаунттары арқылы түрлі жазбалар мен бейнематериалдар таратады.
Сондай-ақ мемлекеттік органдардың да әлеуметтік желілерде ресми парақшалары бар. Бұл үрдіс тұрғындармен ұдайы кері байланыс жасауға ыңғайлы. Ресми парақшалары арқылы тұрғындардың сауалдарына жауап беріп қана қоймай, өздерінің қызметі туралы да ақпарат таратуға қолайлы.
Президенті Жарлығымен мемлекеттік қызметшілердің моральдық мінез-құлық стандарттары бекітілген. Алайда мемлекеттік органдар қызметкерлерінің кейбірі жұртшылық тарапынан келіп түсетін мәселелерге немқұрайдылық танытады. Соның салдарынан қоғам тарапынан теріс пікір қалыптасады. Әрине, мемлекеттік қызметшілердің әрқайсысының функционалдық міндеттері жеткілікті, жұмыстары көп. Алайда әлеуметтік желілер мен БАҚ-та жарияланған материалдармен жұмыс істеуге тиісті көңіл бөлу керек.
Мемлекеттік органдардың басшылары әлеуметтік желілерде мәселе көтерген азаматтармен жедел байланысқа шығып, оларды шешу жолдарын құзыретті органдармен бірлесіп қарауы қажет. Қызмет барысында мемлекеттік қызметшілердің ұстамдылық, жоғары мәдениеттілік пен сыпайылық танытуы маңызды.
Мемлекеттік қызметшілерге әлеуметтік желілерде парақшалар ашуға рұқсат етіледі. Дегенмен оларды пайдалану кезінде қойылатын белгілі бір шектеулер бар, соларды сақтау керек. Әлеуметтік желілердегі беттердің мазмұны азаматтарды арандатпауы немесе мемлекеттік органдарға деген сенімге нұқсан келтірмеуі тиіс. Тыйым салынған заттарды қолдануға болмайды. Мемлекеттік қызметші өзінің діни көзқарасы туралы жаза алмайды. Қымбат көліктер, сәнді ғимараттар, мейрамханалар сынды ойын-сауық орындарынан фотосуреттер жүктеуге тыйым салынады. Мемлекеттік қызметкер жұмыс уақытынан тыс уақытта да жалпы қабылданған моральдық қағидаларды ұстануы керек.
Департамент қызметкерлері өздерінің күнделікті жұмысында мемлекеттік қызметшілердің іс-әрекеттеріне қатысты БАҚ және әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізеді. Мысалы, мемлекеттік қызметшілер жарияланған теріс жарияланымдарды мұқият қарады ма, оның дұрыс-бұрысын зерделеп, қандай шаралар қолданды?
Бір сөзбен айтсақ, әлеуметтік желілер – ақпарат тарату әлеміндегі ең қуатты ресурстардың бірі. Оның кең мүмкіндігін елемеуге болмайды. Әлеуметтік желілерге тұрақты мониторинг жасау арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді анықтап қана қоймай, оларды шешуге, сондай-ақ билік органдары қызметкерлерінің осы бағыттағы қызметтерін бағалауға болады.
Динара ҚОНТАЕВА,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің бас маманы.