Өңірімізде жыл басынан бері бес бала қызылша ауруына шалдықса, соның екеуінде диагноз зертханалық жолмен расталды.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, елімізде қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз, биыл 5 айда 715 адам ауырған.
“Қызылшамен ауырған балалардың біреуі оны Алматыдан жұқтырып келген. Екіншісі ешқайда шықпаған. Қазір бір бала инфекциялық бөлімде стационарлық ем алып жатыр. Ата-анасы профилактикалық екпелерден бас тартқан. Екінші балаға қызылшаға, қызамыққа және індеттік паротитке қарсы вакцинаның екі компоненті қойылған. Ол тез арада тәуір болып, үйіне жіберілді”, – дейді Арман Күшбасов.
Маманның айтуынша, қызылша – жұқпалы вирустық инфекция. Ол ауа-тамшы жолымен таралып, шырышты қабат арқылы ішке енеді. Қызылшамен тек адамдар ғана ауырады.
“Қызылшаның асқынуынан адам өліп кетуі мүмкін. Көбінесе бес жасқа дейінгі балаларда немесе 30 жастан асқан ересектерде асқынулар болады. Салдарынан соқырлық, энцефалит, диарея және онымен байланысты дегидратация, құлақ инфекциялары мен пневмония сияқты ауыр тыныс жолдарының инфекциялары пайда болады. Жүктілік кезінде қызылшаны жұқтырған әйелдерде де ауыр асқыну болып, өздігінен түсік тастауы немесе мерзімінен бұрын босанып қалуы мүмкін”, – дейді санитар дәрігер.
Қызылша әдетте, бетте макулопапулярлы бөртпемен, 39 градустан жоғары температурамен, конъюнктивит, жөтел, мұрыннан су ағу және Бельский-Филатов-Коплик – ауыздағы ақ дақтармен басталады.
Қызылшамен күрестің тиімді жолы – вакцинация. Дертке қарсы вакцина 50 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді. Бұл моновакцина, қызамық пен паротитке қарсы вакциналармен біріктірілгенде де қауіпсіз және бірдей тиімді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.