«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Үздік мектеп анықталмақ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығында “Орта білім берудің үздік ұйымы” атты байқау өтті. Облыс әкімінің гранты сарапқа салынған сайысқа 16 білім беру ұйымы қатысты. Оның 13-і – аудан, ал қалғаны – қала мектептері.

– Қатысушылар – аудандық ке­зеңнен сүрінбей өткендер. Аудан­дар­да 40-50 ұйым сынға түсті. Бай­қаудың мақсаты – педагогтардың ең үздік тәжірибелерін анықтау және тарату, – дейді білім саласындағы әдістемелік және ақпараттық техно­логиялар орталығының бөлім бас­шысы Думан Закирин.

Қойылған талап бойынша қаты­су­шылар өз ұйымының қызметкер­лері мен оқушыларының соңғы 3 жылда жеткен жетістіктерін, мате­риалдық-техникалық мүмкіншілік­терін баян­да­ды. Айыртау ауда­нындағы №2 Саумалкөл мектеп-гимназиясының директоры Мария Ісмағұлованың айтуынша, өзі бас­қаратын мекеме жыл сайын көр­кейіп келеді. Оқу­шы­лары да жаңа жетістіктермен қуан­туда.

– Мектепте 778 оқушы бар. 93 мұ­ғалім еңбек етеді. Конкурс ереже­сі­мен таныстық. Барлық 11 талап бойынша сай келеміз. Біздің оқу­шылар облыстық пәндік олимпиа­дада топ жарып, республикада жүл­делі орындарға ие болды. Білекті оқушыларымыз Франция мен Қыр­ғызстанда көк туымызды желбі­ретті. Роботатехникадан 2 үйірме бар, – дейді №2 Саумалкөл мектеп-гимназиясының директоры Мария Ісмағұлова.

Байқау қорытындысы тамыз кон­ференциясында жарияланады. Же­ңімпазға берілетін жүлде – 56 млн. теңге. Қомақты қаржы мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталады. Жалпы бұл конкурс 2014 жылдан бері ұйымдас­тырылып келеді. Өткен жылы Бес­көлдегі “Парасат” мектеп-лицейі топ жарған еді.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp