«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТЫМЫЗДЫҢ АЙБАРЫ

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

Елімізде ұлтты ұйыстырып, жастарды отансүйгіштікке баулуға себеп болатын мерейлі күндер аз емес. 4 маусымда аталып өтілетін Мемлекеттік рәміздер күні осындай ұлық мерекелердің қатарында. Бұл күні жұртшылық Ту, Әнұран, Елтаңбамызға құрмет көрсетіп, басын иеді. Рәміздеріміз – мыңжылдық тарихымыздың айнасы. Онда көшпелі өмірдің шежіресі сөйлеп тұр. Аталған мейрамға солтүстікқазақстандықтар да үн қосып, орталық алаңда бас қосты.

Қарапайым қала тұрғындары мерекені өздерінше атап өткенді жөн санапты. Көпқабатты үйлердің терезесінен көк туымыз менмұндалап көрінгенде жүректі мақтаныш сезімі кернеді. Аспан түстес туымыз үлкен көшелердің бойына да ілініпті. Ірі сауда үйлері мен көшелерде әнұранымыз шырқалды. Ал орталық алаңда мерекеге орай салтанатты шара өтті. Шара барысында әнұран айтылып, ту көтерілді. Жиналғандарды айтулы күнмен облыс әкімі Айдарбек Сапаров құттықтады.

– Құрметті жерлестер, сіздерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күнімен құттықтаймын. Елдің мемлекеттік туы, елтаңбасы мен гимні – егемендік пен тәуелсіздіктің, халық бірлігінің атрибуты. Ту халқымыз үшін қашан да ерлік пен елдіктің белгісі саналған. Көк түріктер заманында бабаларымыз бөрілі байрақ астына топтасса, қазақ хандығының туы бүкіл ұлтты ұйыстырды. Ал өткен ғасырда арыстарымыз “Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз” деп халыққа жігер берген. Сол себепті төртінші маусым Тәуелсіздік күні секілді нағыз мейрам, патриоттық мереке саналады.Осы күні біз рәміздердің авторы Шот-Аман Уәлихановтың да рухына тағзым етеміз. Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығын, үміті мен арман-тілегін болашаққа жеткізетін ерекше белгілер, – деді өңір басшысы.

Құттықтаудан кейін Айдарбек Сейпілұлы еңбегімен көзге түсіп жүрген бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарын табыстады. Марапат иеленгендердің қатарында құқық қорғаушылар, әскерилер, құтқарушылар, өнерпаздар, дәрігерлер, мемлекеттік қызметшілер, мұғалімдер, түрлі ұйым өкілдері мен жастар бар. Құрмет грамотасын иеленгендердің бірі – Мағжан Жұмабаев ауданындағы Медвежинка орта мектебінің мұғалімі Жәмилә Досова.

– Мен туған жердің төсінде 40 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келемін. Осы уақыт аралығында жүздеген балаға тәлім беріп, патриот жастардың өсіп шығуына барынша үлес қостым. Мерекені осындай қуанышты жағдайда қарсы алып жатқаныма ризамын. Елімізді сүйіп, оның рәміздеріне құрмет көрсететін отансүйгіш жастарымыз көп болғай. Қазақстанымыз жасай берсін!, – деді Жәмилә Сәдуқызы.

Салтанатты шарадан кейін мереке концертке ұласты. Онда Ақан сері атындағы облыстық филармония әртістері өнер көрсетті. Мерекеге орай қала тұрғындарына сый жасаған әнші Ақтоты Болшеваның өнері де көптің қошеметіне ие болды.

Спорт сүйер қауым қолдарына ту ұстап, Қазақстан Конституциясы көшесінің бойымен жүгіріп өтті. Бұл марафонға спортшылар ғана емес, ерікті қала тұрғындары да қатысты.

Жүгіруден бөлек, автошеруді қызықтаушылар да көп болды. Ту желбіреткен ондаған көлік орталық қала көшелерімен жүріп өтті. Күннің ыстығына қарамай оларға қолдау көрсетіп келген жұрттың қарасы қалың.

Облыс орталығындағы музейлер де рәміздер күніне арнап орталық алаңда көрме ұйымдастырды. “Абылай хан резиденциясы” музей кешенінің мамандары “Тәуелсіздік туын биік көтерген Абылай хан” атты көрмені ұсынса, өлкетану музейі суреттер көрмесін қойды.

– “Қазақстан Республикасының рәміздері – Тәуелсіздік негізі” атты фотокөрмеде рәміздердің тарихынан хабар беретін 20 сурет орын тепкен. Шәмші Қалдаяқов, Жандарбек Мәлібеков, Шот-Аман Уәлиханов сынды тұлғалардың бейнесімен де осыннан танысуға болады. Біздің туымыз халықаралық деңгейде танылған. Бұған біздің чемпиондарымыз үлкен үлес қосты. Тіпті Қазақстан туы ғарышқа да апарылды. Аталған көрмеден бөлек музейімізде 1 ай бойы патриоттық сабақтар өтеді, – дейді көрме ұйымдастырушысы Айсұлу Сәрсенова.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp