Облыстық әкімдіктің кезекті отырысында тұрғындарды толғандырып отырған су, жол және көмірмен қамту мәселесі талқыланды. Әсіресе соңғы күндері аудан тұрғындары бірінен соң бірі әлеуметтік желілерге судың қысымына қатысты шағымдарын жариялап жатыр. Бақша суармақ түгілі ішетін суға зарыққан ағайын осындай жайттар жыл сайын қайталанатынына күйінеді.
Осы ретте облыс әкімі Айдарбек Сапаров қарамағындағыларға ауылдардағы ауызсу мәселесін шешуге үш күн уақыт берді. Биыл сумен қамтуға 18 миллиард теңге бөлінген. Жыл сайын таза ауызсумен қамтылған елді мекендердің саны артып келеді. Алайда қазірдің өзінде тұрғындарға тіршілік көзі тұрақты берілмейді.
– Бұған кім кінәлі? Шағымдар бір аптадан бері айтылып жатыр. Ауылдарды сумен қамтамасыз еттік, миллиардтаған қаржы жұмсадық. Неліктен адамдар суды кесте бойынша алады? Иә, жазда сұраныс артады. Бірақ халық ақшасын төлеп отыр ғой, – деді өңір басшысы Айдарбек Сейпілұлы.
Мамандардың айтуынша, кейбір су қоймаларының істен шығуы немесе қараусыз қалуы осы мәселені ушықтырып отыр. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары суды тікелей магистральдан алады екен.
– Су қоймасынан тәулік бойы тіршілік көзін алуға болады. Ал ертең магистральда қандай да бір апат болса, тұрғындар мен өрт сөндірушілер суды қайдан алады? Бұл мәселені шешуге болады.Тек жергілікті жерде ешкім жұмыс істеп жатқан жоқ. Халықтың шағымы орынды. Тез арада комиссия құрып, осындай мәселелер туындаған Қызылжар, Мағжан Жұмабаев, Аққайың, Мамлют аудандарына баруды тапсырамын. Салаға жауапты Қызылжар және Аққайың аудандары әкімдерінің міндетін атқарушылырға, Мамлют және М.Жұмабаев аудандары әкімінің орынбасарларына сөгіс жарияланды. Халықты қинауды доғарыңыздар, – деді облыс әкімі Айдарбек Сапаров.
Жылда қайталанатын жағдайға көз жұма қараған жергілікті әкімдіктердің жайбасарлығы кімді болсын күйіндіреді. Өңірді дамыту жайын ескерсек, тиісті шараны жедел қолға алу керек. Өйтпесек, жағдай одан сайын күрделене түседі.
– Біздің міндетіміз – сумен қамтамасыз ету. Облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиевке, барлық аудандар мен Петропавл қаласының әкімдеріне, “Есіл су”, “Қызылжар су” кәсіпорындарының басшыларына үш күн мерзімде ауызсу және техникалық су тапшылығына байланысты жағдайды реттеуді тапсырамын. Іс-шаралар жоспары, жол картасы әзірленсін. Халықты сумен қамтамасыз ету керек, – деп тапсырды өңір басшысы.
Отырыс барысында өңір басшысы желілерді жөндеген жерлерде жол учаскелері мен тротуарлар қираған күйі қалғанын айтып, Петропавл қаласының әкімі мен энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшылығына ескерту жасады.
Өңір басшысы әлеуметтік желілерді оқитынын, қала тұрғындары неге наразы екенін білетінін айтты. Әсіресе қазулы күйі қалған көшелерге қатысты шағым көп.
– Азаматтар бәрін көріп, әлеуметтік желіде жазып жатыр. Апаттық учаскелер бойынша жұмыстар жүргізілгеннен кейін жолды қалпына келтіру қажет. Өткен жылдан бері жөнделмеген көшелер бар. Қазылған асфальтты орнына қайта салу керек. Мәселен әкімдіктің жаны жарты жыл бойы қазулы жатты. Мен бұған қатысты ескерту жасадым. Бұны қала әкімі де, оның орынбасарлары да, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы да қадағаламайды. Егер шаруаны аяғына дейін тындырмай, ертеңге қалдырсаңыздар, ол сол күйі орындалмайды. Бұл мәселені бақылауда ұстаңыздар. Компаниялар жөндеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін ол жерді бірден тәртіпке келтіруі керек, – деді Айдарбек Сапаров.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Павел Шиловтың ақпаратына сүйенсек, биыл “Петропавл жылу желілері” ЖШС 7,2 шақырым жылу құбырын жөндеуді және қайта қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Ал “Қызылжар су” ЖШС 5 шақырым желіні жөндейді.
“Қыстың қамын жаз ойла” демекші, өңір тұрғындары жылыту маусымына дайындауды бастады. Әсіресе соңғы жылдары көмір тапшылығын айқын сезінген тұрғындар оны жаздың басында алып қоюды әдетке айналдырған. Биыл да сол жағдай қайталанбауы үшін облыс әкімі Айдарбек Сапаров жауапты органдарға көмір даярлау қарқынын арттыруды тапсырды. Сонымен қатар мүдделі мемлекеттік органдар жағдайды жақсарту үшін пәрменді шара қолданбай отыр. Тамыз-қыркүйек айларында тағы да көмірге сұраныс артатынын айтқан өңір басшысы дүрбелеңнің алдын алуды тапсырды.
– Көмір дайындау жұмыстары баяу жүргізілуде. Бұл – қалаға да, облысқа да қатысты сын. Қажеттіліктің тек 8 пайызы ғана орындалды. Қалған 92 пайызы қашан жиналады? Көмір жеткізу кестесі неге мұндай? Неге қазір көбірек әкелмеске? Көмірдің денін маусым-шілде айларында алу керек. Егер көмірдің 70 пайызын тамыз-қыркүйек айларында алсаңыздар, халық дүрлігеді, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ көмір жеткізушілермен ғана емес, тұрғындар арасында да түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.
Мемлекеттік бақылауды қажет ететін тағы бір мәселе – көмірдің жеткізу құны. Тасымалдаушылар өз қызметтерінің бағасын негізсіз көтермеуі тиіс.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Павел Шилов бюджеттік ұйымдарға жылыту маусымына 140 мың тонна, тұрғындарға 419 мың тонна көмір қажет екенін айтты. Қазір 37 мың тонна көмір бар.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.