“Ауыл – ел бесігі” жобасының негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдар жаңартылып, тұрғындардың әлеуметтік игіліктерге қолжетімділігі артты.
“Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында Ақжар ауданының орталығы – Талшық ауылында жабық хоккей кортының құрылысы басталды. Бүгінгі таңда нысанның іргетасы қалады. Кейін металл құрылымы салынады.
– Хоккей кортының жалпы аумағы 2210 шаршы метрді құрайды. Ғимараттың ішінде мұз айдынынан бөлек, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер болады, – дейді құрылыс учаскесінің прорабы Александр Шатиленя.
Жаңа хоккей кортының құрылысына республикалық бюджеттен 200 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінген. Құрылысқа жауапты қостанайлық компания нысанды үш айдың ішінде тапсырамыз деп отыр. Құрылыс басында алты адам күннің аптап ыстығына қарамастан еңбек етіп жатыр. Нысан қыс мезгілінде хоккей кортына, ал жазда футбол алаңына айналады.
Ақжар ауданының құрамында 12 округ, 24 ауыл бар. Бұл елді мекендердің барлығына ашық хоккей қораптары салынған. Ал жабық үлгідегі корт жоқ.
Самал ЖҮНІСОВА.