Облыс әкімі Айдарбек Сапаров №2 жылу-электр орталығында болып, жаңа мұржаның құрылысымен танысты. Бүгіндері мұнда құлаған мұржаның орнына жаңасы тұрғызылып жатыр. Сондай-ақ қазандықтарды жөндеу жұмыстары да жалғасуда.
Өңір басшысы “Севказэнерго” акционерлік қоғамының өкілдерімен тілдесіп, алдағы жылыту маусымына дайындықты тездету қажеттігін айтты.
– Қазір №3 түтін мұржасы жан-жақты тексеріліп жатыр. Мұнда ішкі жөндеу жұмысы аяқталды. Биыл 5 қазандықты қайта қалыпқа келтіруді жоспарлап отырмыз. Осылардан кейін №2 мұржаның мүмкіндігін байқаймыз. Оны алдағы қыста пайдалануға ниеттіміз, – деді “Севказэнерго” акционерлік қоғамының бас директоры Олег Перфилов.
Облыс әкімі монополист компания өкілдерімен кеңес өткізді.
– Биыл кәсіпорын мұржа салуға, қазандықтарды жөндеуге, сондай-ақ электр және жылу желілерін жаңартуға 12 млрд. теңге бөлді. Өңір басшысының орынбасары, қала әкімі мен облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы жұмыстың кестеге сай жүріп жатқанын әрдайым тексеріп отырулары қажет. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады. Бірлескен іс-қимылдың арқасында жұмыстардың дер кезінде аяқталуын қамтамасыз ете аламыз, – деді Айдарбек Сапаров.
Жұмыс кестеге сай жүргізілгенімен шешуді қажет ететін мәселелер де бар. Оның бірі – құрылыс алаңындағы мамандардың жетіспеушілігі. Облыс әкімінің сөзінше, егер еңбек күші толықса, №1 түтін мұржасының құрылысына қарқын қосылады. Айдарбек Сапаров жауапты басшыларға, соның ішінде аудан әкімдеріне кадр тарту, қажеттілік туындаса, жұмыс істеуге ниеті бар адамдарды оқыту жөнінде тапсырма берді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.