Диас Аяған
Облыс орталығындағы Ислам мәдениеті музейіне Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) шашы әкелінді. Арнайы құтыға салынған жәдігерді көруге келгендердің қарасы қалың болды. Оны бірінші болып “Қызылжар” орталық мешіті жанындағы Құран оқу үйірмесінің тәрбиеленушілері тамашалады.
Пайғамбарымыздың шашы қазіргі таңда “Қазақстан қажылар қауымдастығы” Түркістан облыстық филиалының төрағасы Қалиолла Маджановтың қолында. Өзбекстандық ғалымдар сыйлаған асыл тұлғаның шашын ол көзінің қарашығындай сақтап келеді. Арнайы құжаты да бар. Біздің өңірімізге тасаттық беру рәсімі үшін арнайы жеткізілген. Сол күні дін өкілдері Алладан жаңбыр сұрап, дұға жасады.
– Адамзаттың асылы саналған Пайғамбарымыздың шашы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, бүгінге дейін сақталып отыр. Бұл тек бір кісінің үйінде тұрмауы керек. Әр өңірдің тұрғындары көріп, салауат айтса сауабы мың еселенеді, – дейді Қалиолла Маджанов
Құнды жәдігерді көру үшін музейге өңір басшысы Айдарбек Сапаров та келді. Облыс әкімі тасаттық берген мешіт имамдарына алғысын айтып, егіс науқанын аяқтаған шаруалардың ісіне береке тіледі.
“Біз тасаттық намазын оқып, Жаратушыдан жаңбыр сұрадық. Пайғамбарымыздың жүрген жері берекелі болған ғой. Оның шашын алдыртуымыздың бір себебі – диқандардың сарқа жұмсаған еңбегіне табыс тілеу”, – дейді “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Хамзат Әділбеков.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.