«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қалқанша безінің қатерлі ісігі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірде қалқанша безі қатерлі ісігіне шалдыққан 746 адам есепке алынса, соның әр он екіншісі ғана ер адам. Әйелдер арасында жиі кездесетін қатерлі дерт жайында, оның белгілері мен алдын алу жолдары туралы облыстық көпбейінді аурухана жанындағы онкологиялық орталықтың торакалды бөлім меңгерушісі Рашид Алиев айтып берді.

Маманның айтуынша, қалқанша безі қатерлі ісігі басқа онкологиялық ауруларға қарағанда өте сирек кез­деседі, яғни барлық қатерлі ісіктер­дің шамамен 1 пайызын ғана құ­райтын. Бірақ соңғы 10 жылда дәл осы ауру­мен ауыратындар саны 6 пайызға өскен.

“Қалқанша безі қатерлі ісігімен ауыратын науқастар санының ар­туына – ерте диагностика жасайтын құралдардың пайда болуы себеп. Ісіктің бұл түрі орта жастағылар ара­сында жиі кездеседі. Мәселен, барлық науқастардың 65 пайызы – 55 жасқа дейінгілер, тек 2 пайызы – балалар мен жасөс­пі­рім­дер. Ауру­дың өзі басқа түрлері сияқты аг­рессивті емес, қатерлі ісік өте баяу өседі және ұзақ уақыт бойы метастаз бермеуі мүмкін. Сонымен қатар өлім-жітім небәрі 0,5 пайыз, ең тө­мен түріне жатады”, – дейді Рашид Алиев.

Маман жасушалардың қатерлі ісікке айналуына және ДНҚ-ның одан әрі мутациясына әсер ететін негізгі факторларды атап өтті.

“Жас пен жынысқа байланысты, зерттеулер көрсеткендей, әйелдер ер адамдарға қарағанда шамамен бұл дертпен 3 есе жиі ауырады. Қыз-келіншектердің қауіп-қатер жасы 45-50 болса, ерлерде – 60-70 жас. Бі­рақ 65 жастан кейін ер адамдар әйел­дерді айтарлықтай басып оза­ды. Құ­рамында иоды аз тағамдарды тұ­тынған жандар бұл аурумен сыр­қаттануға бейім. Сонымен қатар ба­ла кезде рентгенге немесе ком­пью­терлік томографияға жиі түскен сә­би­лер есейгенде жиі зардап шегеді. Чернобыль апатынан кейін қалқан­ша безінің онкологиясы ша­мамен 10 есе өсті. Ал радиацияның әсері ай­тарлықтай төмен елдерде – Африка, Азия, Оңтүстік Америкада бұл ауру өте сирек кездеседі”, – дей­ді онколог.

Қалқанша безі қатерлі ісігінің пайда болуына күйзеліс те әсер ете­ді. Ұзаққа созылған стресс деп­рес­сияға ұласып, иммунитетті тө­мен­детеді, салдарынан ол ісік жасушаларымен күресу қа­білетінен айы­рылады.

Дәрігер бұл дерттің тағы бір фак­торы тұқым қуалаушылық екенін айт­ты. Мутацияланған жасуша балаға құрсақта берілуі мүмкін. Қалқанша безі обырына шалдыққандардың дені – темекі шегетін адамдар. Темекі ағзадағы канцерогендерді көбей­теді, ал алкоголь иммунитеті­мізді әлсіретеді.

Онкологтың айтуынша, қалқан­ша безі көбелек тәрізді және теріге жақын орналасқан, бұл оны диаг­ностикалауды едәуір жеңілдетеді, өйткені оны көзбен көріп қана қой­май, қолмен ұстауға болады.

“Мойын іссе, егер 20 жасқа де­йінгілерде түйін пайда болса, дереу дәрігерге қаралу қажет. Мойында ауырсыну пайда болады, ол құлаққа дейін жетуі мүмкін. Дауыс бұзылып, қарлығады. Жұтыну қиындайды. Та­мақ­та бөгде зат тұрғандай әсер бе­реді. Қалқанша безімен шекте­сетін мо­йында орналасқан лимфа түйін­де­рінің ұлғаюы, тыныс алудың бұзы­луы, тамырлардың ісінуі – дерттің басты белгілері. Жиі жөтел – өкпенің метастазына бай­ланысты. Десек те, осы белгілер бай­қалса абыржудың қажеті жоқ, тек дә­рігер ғана дұрыс диаг­нозды қояды”, – дейді Рашид Алиев.

Қалқанша безінің қатерлі ісігі пайда болған кезде адамды ұйқы ба­сып, айналада болып жатқан жағым­ды жаңалықтарға қызығушы­лығы төмендейді. Қол-аяғы жиі-жиі шан­шып, шашы түседі, дауысы бұзы­лады.

“Ауруды ерте кезеңде өзін-өзі диагностикалау арқылы анықтауға болады. Алғашқы белгілерді анық­тау қиын емес – мойында ісіну бо­лады, бірақ ол зоб немесе кез келген басқа қатерсіз ісік болуы мүмкін, бірақ уақыт өте келе қатерлі ісікке айналып кетуі ғажап емес. Қалқан­ша безінің қатерлі ісігін диагнос­тикалау үшін заманауи медицина­лық ультра­дыбыстық зерттеу жиі қол­данылады. Ол ісіктің, түйіндердің шекараларын көрсете алады. Дә­рігерлер жиектері біркелкі емес және олардың ішінде қан айналымы бар ісіктерге ерекше назар аударады”, – дейді онколог.

Маманның айтуынша, қазіргі уа­қытта қалқанша безі қатерлі ісігімен диспансерлік есепте тұрған 746 адамның 25-іне диагноз биыл қо­йылған. Ауырғандардың 687-сі – әйел. Онкологияның бұл түрінде өлім-жітім деңгейі төмен болғаны­мен, былтыр өңірде 3 адам қайтыс болса, биыл жыл басталғалы бір адам ауырып көз жұмды.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp