«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЫСТАНБҰЛ ЖАУҺАРЛАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Түркітілдес журналистер қорының” президенті Нәзия Жоямергенқызының ұйымдастыруымен Қазақстан Журналистер одағының өңірлердегі филиалдарының басшылары Түркияға сапар шектік. Қаншама ғасыр бұрын бір атадан өрбіп, бір қағанат құрамында болған түбі бір түркі халқының ұрпағы – қазақтар мен түріктердің бауырластығы, тонның ішкі бауындай ынтымақтастығы аңызға айналған. Түркиялықтар Қазақстанды түркі жұртының қарашаңырағы ретінде ерекше қадірлейді.

Тарихтың небір сырларын ішіне бүккен Ыстанбұл қаласы бізді ай­рықша ықыласпен қарсы алды. “Жүз рет естігенше, бір көрген артық” деген сөз бекер айтылмаған-ау. Жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен мил­лиондаған саяхатшы қабыл­дайтын алып шаһар аспанмен ас­тасқан зәулім ғимарат­тарымен, топырағын түрте қалсаң төгіле сыр шертетін тарихи орында­рымен бізді таң­ғал­дырды, баурап алды. Бұл саяхаттың негізгі мақсаты – әсем шаһардың көрікті жерлерін аралап, тарихына қанығу. Біз табан тіреген алғашқы нысан – Сұлтанах­мет ғибадат үйі. Оны жер­гілікті тұр­ғындар “көк мешіт” деп атай­ды екен.

Түркияның символына айналған, әлемдік сәулет өнеріндегі ғажайып туындылардың бірі ЮНЕСКО-ның мұралар қорына енгізіліпті. Біз алып ғимаратты аралап қана қоймай, оның салыну тарихына терең бой­лауға тырыстық.

Көк мешіт 1616 жылы Византия королі өмір сүрген қамалдың орнына салынған, оның құрылысы жеті жыл бойы жүргізілген деседі. Төбесіне, қабырғаларына ойылып кестеленген әшекейлердің түсіне байланысты жергілікті халық “көк мешіт” деген тіркесті жиі қолданады. Алып нысанның 260 терезесі бар. Осы терезелерден түскен күн сәуле­сімен мешіттің іші самаладай жар­қырап тұрады. Алты мұнарасы алыс­тан менмұндалайды, ерекше эле­мент­терінің бірі – михраб, мінәжат ететін бұл орын мәрмәрдан соғыл­ған. Мих­рабқа Меккеден әкелінген қара тас қойылған. Жалпы мұнда бір уақытта 35 мың адам құлшылық жасай алады. 17 ғасырда пайдалануға берілген мешіт қанша жыл өтсе де сынын бермей, сол күйінде сақталған.

Туристер ең көп баратын екінші тарихи ескерткіш – Айя София ме­шіті. Өз басым бұл имандылық ор­дасына аяқ басқанда ерекше әсерге бөлендім. Азия мен Еуропаның тоғысқан жерінде орналасқан бұл нысанның тарихы тереңде. Рим императоры Константин І іргесін қалаған ғиба­датхана бірнеше рет өртелген. Кейін Юстиниан І хрис­тиандардың собо­рын қайта салғы­зады. 1453 жылы Осман империясы Константино­польды жаулап алған соң София соборы мешітке айнал­ған. Ғимарат­қа 4 мұнара салынып, 1931 жылға дейін 500 жыл мешіт ретінде жұмыс істеді. Кейін оның есігі төрт жыл бойы жабық тұрыпты. 1935 жылы Мұста­фа Кемал Ататүріктің шешімімен музейге айналады. 1985 жылы ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра­лары тізіміне енген. Тек 2020 жылы ғана оған мешіт мәртебесі қайта­рылған екен. “Түркия Республика­сының Пре­зиденті Режеп Тайып Ердоған 2020 жылдың 10 шілдесі күні Айя София­ны қайта мешіт қылу туралы жар­лыққа қол қойып, тура екі аптадан кейін, яғни 24 шілдеде Айя Софияда алғашқы жұма намазы оқылды. Біз мұны тарихи сәт деп бағалаймыз”, – дейді біз тілдескен жергілікті тұрғын­ның бірі.

Түркия – теңіз жағасындағы мемлекет. Солтүстігіндегі – Қара те­ңіз бен Мәр­мәр теңізіне, батысында орналасқан – Эгей теңізіне, ал оңтүстігіндегі Же­рорта теңізіне қарап, Алла тағаланың бұл мемлекетті тіршілік көзінен тарықтырмағанын аңғаруға болады. Түркиялықтар да табиғат тамаша­сын сый ретінде қабылдап, оларды мол несібенің көзіне айналдырып отыр. Жергілікті тұрғындардың дені теңіз жағасында демалуды қалай­тын туристердің есебінен табысқа кенелуде. Мәрмәр теңізінің атауы ақ мәрмәр өндірілген аралға байланысты пай­да болған. Бір ерекшелігі – оның суы жылдың төрт мезгілінде де қатпайды. Бұл теңіз арқылы Қара теңізден Жерорта теңізіне өте маңызды су жол­дары өтеді, ал жағалауында Ыс­тамбұл және Ізмір қалалары және көптеген демалыс орындары орын тепкен.

Біз Ыстанбұлдың көрікті орында­рын аралағаннан кейін Тараклыға (Tarakli) ат басын бұрдық. Ол – Түр­кияның Сакарья қаласында орна­лас­қан ерекше қалашық. Оның басқа елді мекендерден өзгешелігі – тари­хында. 13 ғасырда түрік-селжуктер осы жерді басып алғаннан кейін әсем табиғатына қызығып, қоныс­танып қалған екен. Мұнда Харк каньоны мен үңгірі (Hark Kanyonu ve Mağarası), Гюнгормез сарқырамасы (Güngörmez Şelalaesi), Кемер көпірі (Kemer Köprüsü), Гюрлейк (Gürleyik Deresi) және Аджису өзендері (Acısu Deresi), сондай-ақ Хамзапынар (Hamzapınar Yaylası) және Беленгер­меси үстірті (Belengermezi Yaylası) ор­наласқан. Шетелдік туристер Осман кезеңіне жататын сәулет өнерімен, тарихи құрылыстармен, қолөнермен таныса алады. Өйткені тұрғындар негізінен қасық және тарақ жасайды, Тараклы атауы да осыдан пайда болған. Тоғыз жолдың торабында жатқан тарихқа бай елді мекен өте жақсы сақталған. Мұндағы 100-ден астам нысан мәдени мұра ре­тінде тіркелген.

Тараклыдағы ең үлкен ғимарат – 1517 жылы салынған Юнус-паша мешіті. Оны Осман империясының танымал сәулетшісі Мимар Синан тұрғызған екен. Сол кездің өзінде ғимараттың өзгеше жылыту жүйесі болған.

Сакарьяның қалың орманының арасында орналасқан, жасыл же­лекке малынған шағын ғана қала­шықтың тағы бір ерекшелігі, жергі­лікті тұрғындардың айтуынша, қыс мұнда ерте, қараша айында түседі де наурызға дейін созылады, алайда басқа провинцияларға қарағанда қар тез еріп, сәуірде көктем келеді.

Түріктер үшін платан ағашының орны бөлек. Ол жайында әдемі аңыз да бар. Оны бізге жол көрсетіп жүр­ген гид Беркан Ташан айтып берді:

“Осман түсінде жүрегінде үлкен платан ағашының өсіп шыққанын кө­реді. Оны айналасындағы діндар­лар жақсылыққа жорып, жақында үлкен империяға иелік ететінін және оны ұзақ уақыт бойы басқаратынын айта­ды. Айтқанындай, түрік сұлтан­дары Осман империясын 600 жыл бойы басқарған екен. Ал қай жерді басып алады, сол жерге осы платан аға­шын отырғызған. Сондықтан пла­тан – Осман империясының басты сим­волы. Бұл ағаш ұзақ уақыт өседі, мысалы, осы Тараклыда 700 жыл­дық платан ағашы өсіп тұр”, – дейді ол.

Тараклы елді мекені ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралары тізіміне кірген. Сондай-ақ 5 жыл бұрын Түр­киядағы ең үздік елді мекен ата­ғын жеңіп алған. Оны жергілікті тұр­ғындар “тыныш қала” деп атап кеткен.

“Түркітілдес журналистер қоры” мұндай сапарларды жиі ұйымдас­тырады. Бұл жолы ондағы маман­дардың таңдауы өңірлердегі журна­лис­терге түскені қуантты. Біз бұл ша­радан ұмытылмас әсер алып қайт­тық. Түркия әуежайынан Қазақстанға ұшарда алып шаһар – Ыстанбұлдың жауһарлары жарқ-жұрқ етіп менмұн­далай көрінді. Біз бұл әдемі сәтті Түркияның атажұртқа оттан да ыстық сәлемі деп қабылдадық.

Ерлан ТОҚШЫЛЫҚ,

Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp