Белгілі қоғам қайраткері, журналист-жазушы, облыстың құрметті азаматы Жарасбай Сүлейменовтің есімі жалпақ жұртқа мәлім. “Жүрегіме жүгіндім, халқыма, еліме титтей де болса пайдам тиер ме екен деген мақсаттың жетегінде жүрдім”, – деп, шынайы болмысын, ақиқат көзқарасын, рухани ішкі ой мәдениетін ісімен дәлелдеген тұлға құрметті демалысқа шықты. Еселі еңбегімен ел құрметіне бөленген азаматқа облыс әкімі Айдарбек Сапаров қошемет көрсетті.
– Саналы ғұмырын журналистика саласына арнаған ағамыз қарашаңырақ – “Soltüstık Qazaqstan” газетіне басшылық етіп, жаңа деңгейге көтерді. Осы кісінің бастамасымен қалалық “Qyzyljar nūry” газеті, республикалық “Mağjan” журналы жарық көрді. “Мағжан әлемі” сынды еңбегі – шығармашыл тұлғаның қолынан шыққан салмақты туындылардың бірі. Облыс атынан Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланып, өзекті мәселелерді көтеріп, елдің көкейінде жүрген жайттарға Үкіметтің назарын аудартты.
Қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүрген қайраткер ағамыз ізін басар шәкірт тәрбиеледі, – деген облыс әкімі Айдарбек Сапаров арда азаматтың ұлт мүддесі үшін адал еңбек еткенін ыстық ықыласпен баяндады.
Еселі еңбегімен, өр, өжет мінезімен, қабілет-қарымымен биікке көтерілген азаматтың абырой-беделі айрықша. Осыны тілге тиек еткен өңір басшысы Құрмет грамотасымен марапаттап, иығына шапан жапты. Елдің алғысы мен сүйіспеншілігіне бөленген ағамыздың мінезінің көркемдігін құрдастары ерекше атап өтті. Еңбек ардагері Құдайберген Қалиев, облыстық мәслихаттың төрағасы Владимир Бубенко, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов, “Qyzyljar” телеарнасының директоры Ерлан Тоқшылық өңірдің дамуына үлес қосқан қайраткер жайлы жүректен шыққан жылы сөздерін жеткізді.
Қолына алғаш қалам ұстаған кезінен сұлу сөздің сырына бойлап, журналист ретінде қоғамдағы түйткілді мәселелерді, өмірдің тынысын дөп басып айтып, көңілдің қалауымен детектив жанрында бірнеше шығарма жазған Жарасбай Сүлейменовті жұртшылық мағжантанушы ретінде де жақсы таниды. Қаламгердің ізінен еріп келе жатқан жас журналистерге қолдау көрсетіп, зор сенім білдіріп, көркем жазуға баулуының астарында үлкен мақсат, ұлттық мүдде жатыр. Ойында ұшқыны бар жас дарындардың өсіп-жетілулеріне жол сілтеуі – көрегенділіктің белгісі. Салтанатты шарада қаламгердің ұстаздық шарапатын көрген шәкірттері де алғыстарын жаудырды.
Қызылжар топырағынан түлеп ұшқан тұғырлы тұлғалардың бірі атанған ағамызға қарата айтылған алғыс та, мақтау-мадақтау да бәрі орынды. Құрмет демалысына шыққанымен әлі де қоғамдық өмірдің бел ортасында жүретін азамат облыс басшылығына, құрдастары мен әріптестеріне құрмет-қошемет көрсетіп жатқанына алғысын білдіре отыра, өзін қанаттандырған, қоғамдық тұлғаға айналдырған қарашаңырақ – “Soltüstık Qazaqstan” газетінде еңбек етуін өмірінің ең маңызды сәтіне балайтынын атап өтті.
– Өңірімізде руханият саласына зор көңіл бөлінеді. Руханиятқа жасалып жатқан қолдау – ұлтқа көрсетіліп жатқан құрмет деп бағалаймын. Тағдырым қазығын Мағжан, Сұмағұл қаққан қарашаңырақпен байланысты болғанына ризамын. Менің алдымда болған буынның тәрбиесімен, ақыл-кеңесімен, бағыт-бағдарымен бүгінгі деңгейге көтерілдім. Егер олардың көзі тірі болса, сол кісілерге шын ризашылығымды айтар едім. Одан кейін де үш толқынмен қызмет істедім. Бәрі де ұлт, ел, өңір үшін қызмет етіп, өзгелерге үлгі бола білді, – деген Жарасбай Сүлейменов құрметті демалысқа алаңсыз шығып бара жатқанын айтты. Себебі өзі тәрбиелеген кейінгі толқынның абыройлы еңбек ететініне сенімді.
Салтанатты сәттің соңында жиналған қауым естелік суретке түсті.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.