«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛАМГЕРГЕ ҚҰРМЕТ

Арайлым Бейсенбаева

 araily86@mail.ru

Белгілі қоғам қайраткері, журналист-жазушы, облыстың құрметті азаматы Жарасбай Сүлейменовтің есімі жалпақ жұртқа мәлім. “Жүрегіме жүгіндім, халқыма, еліме титтей де болса пайдам тиер ме екен деген мақ­­саттың жетегінде жүрдім”, – деп, шынайы болмысын, ақиқат көзқарасын, рухани ішкі ой мәдениетін ісімен дәлелдеген тұлға құрметті демалысқа шықты. Еселі еңбегімен ел құрметіне бөленген азаматқа облыс әкімі Айдарбек Сапаров қошемет көрсетті.

– Саналы ғұмырын журналистика саласына арнаған ағамыз қарашаңырақ – “Soltüstık Qazaqstan” газетіне басшылық етіп, жаңа деңгейге көтерді. Осы кісінің бастамасымен қалалық “Qyzyljar nūry” газеті, республикалық “Mağjan” журналы жарық көрді. “Мағжан әлемі” сынды еңбегі – шығармашыл тұлғаның қолынан шыққан салмақты туындылардың бірі. Облыс атынан Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланып, өзекті мәселелерді көтеріп, елдің көкейінде жүрген жайттарға Үкіметтің назарын аудартты.

Қоғамдық жұмыстың бел орта­сында жүрген қайраткер ағамыз ізін басар шәкірт тәрбиеледі, – деген облыс әкімі Айдарбек Сапаров арда азаматтың ұлт мүддесі үшін адал еңбек еткенін ыстық ықыласпен баяндады.

Еселі еңбегімен, өр, өжет міне­зімен, қабілет-қарымымен биікке көтерілген азаматтың абырой-беделі ай­рықша. Осыны тілге тиек еткен өңір басшысы Құрмет грамотасымен марапаттап, иығына шапан жапты. Елдің алғысы мен сүйіспеншілігіне бөленген ағамыздың мінезінің көркемдігін құрдастары ерекше атап өтті. Еңбек арда­гері Құдайберген Қалиев, облыстық мәслихаттың төрағасы Владимир Бубенко, облыстық ардагерлер ке­ңесінің төрағасы Ескендір Елеусі­зов, “Qyzyljar” телеарнасының директоры Ерлан Тоқшылық өңірдің дамуына үлес қосқан қайраткер жай­лы жүректен шыққан жылы сөздерін жеткізді.

Қолына алғаш қалам ұстаған кезінен сұлу сөздің сырына бойлап, журналист ретінде қоғамдағы түйт­кілді мәселелерді, өмірдің тынысын дөп басып айтып, көңілдің қа­лауы­мен детектив жанрында бірнеше шығарма жазған Жарасбай Сүлей­меновті жұртшылық мағжантану­шы ретінде де жақсы таниды. Қа­ламгердің ізінен еріп келе жатқан жас журналистерге қолдау көрсетіп, зор сенім білдіріп, көркем жазуға баулуының астарында үлкен мақсат, ұлттық мүдде жатыр. Ойында ұшқыны бар жас дарындардың өсіп-жетілулеріне жол сілтеуі – көрегенділіктің белгісі. Салтанатты ша­рада қаламгердің ұстаздық шарапатын көрген шәкірттері де алғыстарын жаудырды.

Қызылжар топырағынан түлеп ұш­қан тұғырлы тұлғалардың бірі атанған ағамызға қарата айтылған алғыс та, мақтау-мадақтау да бәрі орынды. Құрмет демалысына шық­қанымен әлі де қоғамдық өмірдің бел ортасында жүретін азамат об­лыс басшылығына, құрдастары мен әріптестеріне құрмет-қошемет көр­сетіп жатқанына алғысын білдіре отыра, өзін қанаттандырған, қоғам­дық тұлғаға айналдырған қара­шаңырақ – “Soltüstık Qazaqstan” газетінде еңбек етуін өмірінің ең маңызды сәтіне балайтынын атап өтті.

– Өңірімізде руханият саласына зор көңіл бөлінеді. Руханиятқа жасалып жатқан қолдау – ұлтқа көрсетіліп жатқан құрмет деп бағалаймын. Тағдырым қазығын Мағжан, Сұмағұл қаққан қарашаңырақпен байланысты болғанына ризамын. Менің алдымда болған буынның тәрбиесімен, ақыл-кеңесімен, бағыт-бағдарымен бүгінгі деңгейге көтерілдім. Егер олардың көзі тірі болса, сол кісілерге шын ризашылығым­ды айтар едім. Одан кейін де үш толқынмен қызмет істедім. Бәрі де ұлт, ел, өңір үшін қызмет етіп, өзге­лерге үлгі бола білді, – деген Жарасбай Сүлейменов құрметті дема­лысқа алаңсыз шығып бара жатқа­нын айтты. Себебі өзі тәрбиелеген кейінгі толқынның абыройлы еңбек ететініне сенімді.

Салтанатты сәттің соңында жи­налған қауым естелік суретке түсті.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp