«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өмір – аманат

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өмір – адам баласына берілген басты құндылық. Адам баласы Алла Тағаланың сыйлаған ғұмырының әр сәтін бағалап, оны өзіне ізгі амалдар жасауға берілген мүмкіндік деп түсінуі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның “Мүлік” сүресінің 2-аятын­да:

“Ол сондай Алла, қайсы­ла­рың жақсырақ амал жасайтын­дарың­ды сынау үшін өлім мен өмірді жаратты”, – деп айтқан.

Адам ғұмыры ізгілікке толы әрі ұзақ болғандығы жақсы. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

“Адамдардың жақсысы өмір жасы ұзақ әрі амалдары ізгі бол­ғандары”, – деген (имам Тирмизи).

Пендеге Жаратушы тарапынан берілген ғұмырды, уақыт мерзімі жеткенде Алла Тағаланың өзі ғана алуға хақылы. Сол себепті де асыл дініміз Исламда адамдардың бір-бірін өлтіруі немесе адамның өз-өзіне қол жұмсауы харам етілген істер­ден деп танылады. Тіпті кейбір Ис­лам ғұламалары өзін-өзі өлтіру – бі­реуді өлтіруден де ауыр қылмыс деп санайды. Өз-өзіне қол жұмсау ту­ра­лы тікелей аят болмаса да, қа­сиетті Құран аяттарынан суицид­тің Ислам рухына жат екендігі айқын кө­рінеді. Алла Тағала қасиетті Құран­ның “Ба­қара” сүресі, 195-ая­тын­дағы:

“Өз қолдарыңмен өздеріңе қа­уіп төндірмеңдер”, – деп, адам ба­ласына өзінің өліміне әкелетін іс-әре­кеттерден аулақ болуы керек­тігін айтқан.

Қасиетті Құранда адамның өзіне қол жұмсауына қатысты тікелей ты­йым жоқ дегендерге, Фахриддин әр-Рази (Алла оны мейіріміне бөлесін): “Иман еткен мұсылмандарда (өзіне қол жұмсау туралы жаман) ойдың бол­майтынын, сол себептен де (қа­сиетті Құранда) тікелей тыйым са­лудың ешқандай да бір мағынасы жоқ”, – ­деп айтқан.

Адам баласы өмірдің шынайы құн­дылығы мен мәнін түсінуі үшін мы­на жайттарды біліп, амал етуі ма­ңызды саналады:

Адам баласының дәрежесі өзге жаратылыс атаулының бәрінен де жоғары әрі үстем. Сол себепті де, адам өз өмірін оп-оңай қия сала­тын­дай сұраусыз, іздеусіз, бостан-бос жа­ратылыс емес. Алла Тағала қасиетті Құранның “Исра” сүресі, 70-аятында:

“Біз адам баласын ардақта­дық…”, – деп айтып, адам бала­сы­ның басқа жаратылыстардан әлде­қайда артық жаратылғандығын айт­қан. Сондықтан әрбір жанның өмірі де өте қымбат. Оның өміріне қол сұғуға, ар-намысына тиюге, малына зұлымдық жасауға, еркінен айыруға дінімізде рұқсат жоқ. Тіпті, адам өмірінің қымбаттығы сонша – жазық­сыз бір адамды өлтіру бүкіл адам баласын өлтірумен пара-пар. Алла Тағала қасиетті Құранның “Мәидә” сүресінің, 32-аятында:

“Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түр­де барлық адамды өлтірген­мен тең. Ал кім оны тірілтсе, (өлім­нен құтқарса,) барлық адам­ды тірілткенмен тең”, – деп айтқан.

Адам баласының өзге жараты­лыс­тардан жоғарылығы оның ақыл-ойы, ар-парасаты, әр нәрсенің қа­дірін біліп, парықтай алу қабілеті сияқ­ты істерден де анық көрінеді. Ендеше, адам баласы осы нығ­мет­терді берген Жаратушысына шүкір­лік білдіріп, өз өмірінің құндылығын ұғынуы қажет.

Өмірдің өзі адам баласына Алла Тағала тарапынан берілген аманат. Ол аманатқа қиянат жасап, пенденің өзіне қол жұмсауы – үлкен күнә. Әсіресе түрлі қиындыққа тап болған жағдайда шайтанның азғыруына түсіп, өзіне қол жұмсау туралы жа­ман ойға салынуға болмайды. Бұн­дай жағдайда шариғаттың шекара­сын аттамай, Алла Тағаладан жәр­дем сұрап, шығатын жол іздесек, Жаратушы Иеміз міндетті түрде шығатын жол көрсетеді.

Өмір адамға берілген үлкен нығмет болғандықан, ол нығмет жа­йында міндетті түрде сұрау болады. Алла Тағала қасиетті Құранның “Тәкәсүр” сүресі, 8-аятында:

“Ол күні берілген нығметтер­ден міндетті түрде сұраққа тар­тыласыңдар”, – деп айтқан.

Өмір құндылығын түсінбей, ол нығметті бағаламай, өз өмірін өзі қи­ған жандар үшін берілетін ақыреттік жаза да ауыр. Ардақты Пайғамба­ры­мыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): “Кімде-кім өзін-өзі қандай да бір темірмен өлтірсе, жәһаннамда қолына темір алып, мәң­гі-бақи өзін-өзі түйреумен болады. Ал кімде-кім у ішіп өлсе, жәһаннам отында мәңгілік у ішумен қалады. Ал кім өзін таудан тастап өлтірсе, жәһаннамда да өзін мәңгі отқа лақ­тырып тұрады”, – деп ескерткен.

Қазіргі зерттеулерге қарасақ, өзіне қол жұмсаушылардың басым көпшілігі тапанша немесе пышақ қолданатын көрінеді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жоғарыдағы хадисінде “Өзін-өзі қандай да бір темірмен өлтірсе”, – деп осы ақиқатты білдір­ген. Сондай-ақ у ішіп, дәрі-дәрмекті мөлшерден тыс көп қолданып неме­се газ жұтып, өзге де химиялық зат­тармен уланып, өзіне қастандық жасайтындар да кездеседі. Хадис­те: “Кімде-кім у ішіп өлсе”, – деп бұ­ған да ишара жасалған. Ал өзін-өзі көп қабатты үйлерден, басқа да биік­тіктен тастап, өз жанын қиятын­дар­дың да көп кездесетінін ескерсек, Алла елшісінің (оған Алланың са­лауаты мен сәлемі болсын) бұл ха­дисі сонау жетінші ғасырдың өзінде қатерлі дерттің негізгі түрлерін қам­титынын ескерту екенін көреміз.

Ислам тарихында орын алған Хайбар соғысы кезінде үлкен қаһар­мандық көрсеткен Кузман атты кісінің тозаққа түсетінін Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) білдірген болатын. Хузайи Әксүм деген сахаба Кузманның со­ғыстан кейінгі ауыр жарақатына төзе алмай, өз қылышына құлап өлгенін көреді. Кузманның өлімі жайлы ар­дақ­ты Пайғамбарымызға (оған Ал­ланың салауаты мен сәлемі бол­сын) жеткізілгенде: “Адамдардың ара­сында сырттай қарағанда жән­нат ие­ле­ріне тән қайырлы істерді жасап жүргендей көрінетіндер бар. Алайда олар тозақтық…”, – деген (имам Бұхари).

Адамның өз-өзіне қол жұмсауы­ның негізгі себептерінің бірі өмірлік қиын­шылықтарға сабыр ете алма­уы­нан туындауда. Ал Жаратушыға иман еткен жан бұл өмірдің уақытша берілген сынақ екендігін түсініп, өзі­не берілген сан түрлі тағдыр тауқы­меттеріне сабыр ету арқылы Алла Тағала тарапынан зор сыйлыққа бөленетіндігін біледі. Қасиетті Құран­ның “Бақара” сүресі, 155-аятында:

“Әрине сендерді қауіп-қатер, ашаршылық және малдардан, жан­дардан, сондай-ақ өнімдер­ден ке­мі­ту арқылы сынаймыз. Сабыр ету­шілерді қуандыр” – деп айтыл­ған.

Өмір атаулы тек қиындықтардан ғана тұрмайды. Оның жақсылығы мен сынағы қатар жүреді. Мүмин адам жақсылық келген жағдайда шүкір етіп, қиындық келе қалса, оған сабыр ете білуі керек. Ардақты Пай­ғам­барымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)

“Мүмин адамның жағдайына таң қаласың! Шындығында, оның кез келген ісінде қайыр бар әрі бұл мү­миннен басқа ешкімге берілмеген. Егер оған бір жақсылық келсе, ол Аллаға шүкірлік айтады және оның сол айтқанында қайыр бар. Ал егер оған бір қайғы келсе, ол оған сабыр етеді, оның бұл ісі де өзіне қайыр бо­лып оралады”, – деген (имам Мүс­лим).

Сондықтан да нағыз мүмин адам бұл сынақ өмірде қандай бір қиын жағдай туындамасын ұстам­дылық танытып, сабыр етеді. Мү­мин­нің са­бырының ерекшелігі ол алғаш ба­сына қиындық жолыққан уақыттан бастап сабырлық таныта­ды. Сабыр­лықтың бүкіл сауабы да осы алғашқы соққыда сабыр ету­шілер үшін беріл­мек.

Жаратушыға иман еткен жан әр­қашан болашаққа үмітпен қарайды. Үмітсіздік адамды қайғыға душар етіп, күйзеліске түсіріп, оның бұл дү­ниеде өмір сүруге деген ынта-ыждаһатын, ерік-жігерін, құлшынысын құрықтап тастайды. Жеке адам да, қоғам да үміттің арқасында алға басып, дамиды. Осы себепті қандай сынақ болмасын, әрбір сынақтан кейін жеңілдік келетінін ескеріп, еш уақытта үмітсіздікке салынуға бол­майды. Жер бетін басқан түннің қара түнегінен кейін атқан таңның шуағы­мен айналаның нұрға бөленетіндігі қандай ақиқат болса, қайғы-мұңға батқан жанның да қайғысы сейіліп, артынан жеңілдік келері хақ. Сол ке­летін жеңілдіктен үмітін үзіп, қайғыға салыну мүмин адамға жарасатын іс емес. Алла Тағала қасиетті Құран­ның “Жүсіп” сүресі, 87-аятында:

“Алланың мейірімінен үміт үзбеңдер. Анығында, Алланың мейірімінен қарсы болған қауым ғана үмітін үзеді”, – деп айтқан.

Келешекке үмітсіздік танытып, күмәнмен қараған адам жақсылыққа жете алмайды. Халқымызда: “Үмітсіз шайтан”, “Шықпаған жанда үміт бар”, “Үмітсіз жаннан без, қайырсыз мал­дан без”, – делінген нақыл сөздер біздерді үмітсіздікке салынбауға шақырады.

Тәпсірші ғалымдар Жаратушы Раббымыздың: “өз-өздеріңді өлтір­меңдер”, – деген тыйымында бірне­ше мағына бар екендігін айтады. Ең әуелгі тура мағынасы адамның өзі­не-өзі қол жұмсауына, қазіргі заман­ның тілімен айтқанда “суицидке” ты­йым салу. Одан соң: “Расында, Алла сен­дерге ерекше мейірімді”, – деген сөз­дердің келуі тегін емес. Өйткені адам­ның өзін өлтіруіне, ең алдымен, үміт­сіздік себеп болады. Сондай-ақ Ал­ла­ның адамзатқа нәсіп еткен сан мың­даған нығметтеріне көз жұма қарау­шылықтың да әсері жоқ емес. Ал Жа­ратушымыз Алла Тағала адам­зат ба­ласын мейірім әрі махаб­батпен жа­ратқан. Ендеше, бұл аят­тан “Алла Та­ғала сендерге осынша мол нығ­метті үйіп-төгіп беріп, ерекше мейірім та­­ныт­қанда, қалайша сен­дер өзде­ріңе қол жұмсайсыңдар”, – дегендей ма­ғы­наны да аңғаруға болады.

Хамзат ӘДІЛБЕКОВ,

“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp