Петропавл қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Руслан Шакиров сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің мәліметінше, Руслан Шакиров жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді, полиция майоры арнаулы атағынан айырылып, мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істеу құқығынан өмір бойына қол үзді. Тергеу барысында жергілікті полиция қызметі бөлімшесі бастығының әкімшілік заңнаманы бұзушылардан жүйелі негізде ақша жинағаны дәлелденді.
Департамент басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісовтің айтуынша, Руслан Шакиров 2021 жылғы қаңтар мен 2022 жылғы наурыз аралығында тиісті құжаттарсыз жарнама орналастырған жеке кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны және оған қамқорлық жасағаны үшін пара ретінде 50000 теңге мөлшерінде ақшалай қаражат алған. Сондай-ақ экс-полицей заңсыз сауда фактісіне көз жұма қарағаны үшін кәсіпкерден пара ретінде 193000 теңге көлемінде ақша алған.
Бұдан бөлек, ақша төлеу арқылы тәртіп сақшысының қамқорлығында болған екі адам – М.Насимов және Ж.Садуов заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін сотталды. Олар акциздік немесе есепке алу-бақылау маркаларымен таңбаланатын өнімдерді заңсыз сатып келген.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.