«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕУМЕТТІК КОДЕКС – ӘЛ-АУҚАТТЫ АРТТЫРУ КЕПІЛІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үстіміздегі жылдың 20 сәуірінде Мемлекет басшысы Қазақстан Рес­публикасының Әлеуметтік кодексіне қол қойды. Кодекс осы жылдың 1 шіл­десінен бастап қолданысқа енгізіле­ді. Әлеуметтік кодекстің басты мақ­саты – әрбір отбасының әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту.

Бүгінгі күні әлеуметтік қамсыз­дандыру бір кодекс, 16 заңмен реттеледі. Енді Әлеуметтік кодекс халықты әлеуметтік қорғау саласын­дағы барлық қолданыстағы заңнамалық актілерді біріктіреді. Яғни бар­лық заңдар бір құжатта болады. Ал бұл халықтың әлеуметтік заңнаманы түсінуін жеңілдетеді.

Кодекс адамның бүкіл өмірлік циклі – туғаннан бастап жасы ұлғай­ған шақтағы қолдаулардың барлы­ғын қамтиды. Осының барлығы бір құ­жатпен реттеледі.

Кодексте қазіргі кездегі әлеуметтік қолдаудың барлық кепілдіктері мен нысандарының, са­қталғанын атап өткен жөн. Сонымен қатар Әлеуметтік кодекс аясында бірқатар өзгерістер де бар.

Кодекстің негізгі бес жаңалығы­ның біріншісі – Отбасының цифрлық картасы. Отбасының цифрлық кар­та­сы – мемлекеттік органдардың ақ­параттық жүйелерінің деректері негі­зін­де азамат немесе отбасы туралы ақпарат жинақталған жүйе. Ол үш мәселені шешеді. Алдымен қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне теңдей қолжетімділігін қамтамасыз ету. Яғни мемлекет кім­ге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу шарала­рын қарастыруға мүмкіндік алады. Сондай-ақ карта отбасылар немесе отбасы мүшелерінің мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқы­қылы екендігін жеткізіп отыратын электрондық жаршы құралы қыз­метін атқарады. Мұндай ақпарат әрбір отбасына орталық мемлекеттік орган тарапынан SMS хабарлама ретінде жіберіледі. Бүгінгі күнге әзір­ше төлемнің 10 түрі бойынша аза­маттар SMS хабарлама алып отыр. Болашақта біртіндеп қызметтер тізбесі кеңейтілетін болады. Сонымен қатар мемлекеттік қолдауды про­активті форматта жүргізу көзделген. Яғни азаматтарға әлеуметтік төлем­дер және көмектер ақпарат жүйесінде бар деректерге негізделіп та­ғайын­далады.

Мысалы жаңа босанған ана бұ­рынғыдай құжат жинаймын деп әртүрлі мемлекттік органдарға немесе халыққа қызмет көрсету орталығына бармайды. Отбасы­ның цифрлық картасы арқылы жәр­демақы алушыға автоматты түрде SMS-хабарлама жіберіледі және оң жауап болған жағдайда оған тиісті төлем тағайындалып, қаражат банктік шотына аударылады. Яғни ешқандай құжатсыз, өтінішсіз жәр­демақы тағайындалады.

Екіншіден, мемлекеттік әлеумет­тік қолдау жүйесінің моделі түбегейлі өзгеретін болады. Яғни мемлекеттік қолдау сын-қатерлердің салдарын жою үшін емес, оның алдын алу үшін жұмыс істейтін болады. Мысалы, есту қабілеті кемшін балаға керек ап­паратты, толық естімейтін дәрежеге жеткеннен кейін емес, есту қабілетін сақтап қалу үшін бастапқы уақытта беру керек. Осы мәселе кодексте шешіліп отыр.

Үшіншіден, әлеуметтік сақтанды­ру жүйесін дамыту нәтижелі және формальды жұмыспен қамтуды ын­таландыруды көздейді. Яғни фор­мальді форматта жұмыс істейтін аза­маттардың әлеуметтік қамсыздан­ды­ру деңгейі жұмыс істемейтін азаматтарға қарағанда жоғары болады. Мысалы, азаматтардың зейнетақысының мөлшері олардың зейнетақы жарна­сын төлеген уақытына және оның көлеміне байланысты болады. Егер азамат жұмыс істеген кезеңінде әлеуметтік жарналарын тоқтатпай төлеп отырған болса, ол 3 түрлі тө­лем алады және алар зейнетақысының мөлшері де жоғары болады (базалық зейнетақы, міндетті зейнетақы жар­налары есебінен және жұмыс беруші жарналары есебінен). Ал жұмыс іс­темеген азамат тек күнкөріс дең­гейінің бүгінде 60 пайызын құрайтын ба­залық зейнетақыны ғана алатын болады. Яғни әлеуметтік әділеттік ко­декстің негізі болып табылады.

Зейнетақы жүйесіне қатысты өз­ге­рістер – кодекстің төртінші жаңа­лығы.

Қазіргі қолданыстағы жүйе зейнеткерлердің үш буынын қамтиды. Біріншісі – аға буын. Бұл санатқа 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зей­нетке шыққан, толық еңбек өтілі бар зейнеткерлер кіреді. Екіншісі – бүгінгі буын. Бұл – зейнет жасына 1998 жыл­ғы 1 қаңтардан кейін жеткен аза­мат­тар. Үшіншісі – болашақ зейнеткер­лер. Олар зейнетке 2038 жылдан кейін шығады.

Жуық арада бүгінгі буын мен бо­лашақ зейнеткерлер мәселесіне қа­тысты түйткілдер туындайтынын байқауға болады. Оған 1998 жылғы 1 қаңтардағы еңбек өтілінің төмен­деуіне байланысты ынтымақты зей­нетақы мөлшерінің азаюы, сондай-ақ болашақ зейнеткерлердің зейнетақы активтерінің жеткіліксіздігі түрткі бо­лып отыр. Сондықтан кодексте бү­гінгі буын зейнеткерлері үшін алдағы 5 жылда базалық зейнетақы мөлше­рін кезең-кезеңімен көбейту қарас­ты­рылған. Оның ең төменгі мөлшері күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан 70 пайызына дейін, ал жоғары мөлшері 120 пайызға дейін арттырылады. Осы кезеңде базалық зейнетақы мөл­шері 2022 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге арттырылатын болады. Сондай-ақ еңбек зейнетақысының көлемін есептеу үшін қолданылатын ең жоғары табыстың көлемі 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке ұлғай­тылды. 2024 жылғы 1 қаңтардан бас­тап үшінші санат – болашақ зейнет­керлер үшін жұмыс берушілер тара­пынан қосымша зейнетақы жарнала­ры енгізілмек. Бұл шара азаматтар­дың зейнетақы активтерінің мөлше­рін ұлғайтуға бағытталған. Жинақ­таушы зейнетақы жүйесіне қатысу­шыларға зейнетақы жинақтарының 50 пайызынан аспайтын бөлігін зей­нетақы активтерін басқару жөніндегі компанияларға беру және осындай компанияны өз бетінше таңдау құқы­ғы беріледі. Бұл ретте мемлекет Ұлт­тық банктің басқаруындағы зей­нетақы жинақтарының бір бөлігінің ғана сақталуына кепілдік береді. Ал жеке басқаруға берілген зейнетақы жинақтарының сақталуы мен та­быс­тылығы үшін салымшы таңдаған ком­пания жауапты болады.

Кодексте әлеуметтік қызмет көр­сету жүйесін толық трансформация­лау қарастырылған. Мұндағы негізгі мақсат – мүгедектігі бар азамат­тар­дың арнаулы әлеуметтік қызмет­терге деген қолжетімділігін мемле­кет­тік емес ұйымдар, жеке сектор және отбасы мүшелерін тарту ар­қылы арттыру. Бұл ретте отбасы мү­шесі жеке көмекші ретінде рәсім­де­леді. Бұл жұмысқа еңбекақы төлене­ді және осы кірістен әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады. Осылайша отбасының жұмыспен қамтылмаған мүшелері ең­бекке қабілетті жасында жұмыспен қамтамасыз етіледі және ықтимал әлеуметтік тәуекел туындаған жағ­дайда әлеуметтік қамсыздандыру шараларымен қамтылатын болады.

Әлеуметтік кодекске сәйкес “Наградталған аналар” деген жаңа ұғым енгізілді. Бұл мәртебе “Күміс алқа”, “Алтын алқа” алқаларымен наградталған немесе бұрын “Батыр Ана” атағын алған, І және ІІ дәрежелі “Ана даңқы” ордендері бар әйел­дерге беріледі. Сондай-ақ наградтал­ған аналарға төленетін жәрдем­ақы мөлшерін саралау көзделген. Бү­гінде 6, 7 және одан да көп бала тауып, тәрбиелеген аналар бірдей мөл­шерде, яғни 6,4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жәрдемақы алады.

“Алтын алқа” иегері, I және II дә­ре­желі “Ана даңқы” ордендерімен және “Батыр Ана” атағы бар, яғни 7 және одан да көп бала тауып, тәрбиелеген аналар үшін жәрдемақы мөлшері 7,4 айлық есептік көрсеткішке дейін артады немесе 25530 теңгені құра­мақ. Бұл жәрдемақы 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап төленеді.

Биыл 1 шілдеден бастап Мемле­кет басшысының тапсырмасына сәй­кес Әлеуметтік кодекстің енгізілуі ая­сында мүгедектігі және асыраушы­сынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 14,5 пайызға артады. Сонда жыл ба­сындағы 8,5 пайыз өсімді қоса есеп­тегенде, бұл төлем мөлшері 23 пайызға ұлғаяды деп айта аламыз.

Қорыта айтқанда, Әлеу­­меттік ко­декс әділ әлеуметтік ­саясатты та­быс­ты жүзеге асырудың маңызды қа­дамы болмақ.

Гүлбақыт МАНАБАЕВА,

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің облыстық департаменті басшысының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp